Балалар үйіндегі балаларға қуаныш сыйлады
Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің “Jas Qadam” еріктілер ұйымы өңіріміздегі “Іскер әйелдер қауымдастығы” мен «Қызыл ай қоғамы»қоғамдық бірлестігінің қолдауымен Төлеби ауданындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылы орталығында “Бар мейірімділік балаларға» атты ауқымды іс-шара өткізді.
Аталмыш іс-шараның басты мақсаты балаларға көтеріңкі көңіл- күй, қуаныш сыйлау, қамқорлық жасау және бауырмалдыққа тәрбиелеу болды.
Балалар – әрбір шаңырақтың шамшырағы, қоғамның құнды қазынасы, ертеңгі күннің тірегі, әрі келер келешектің келбеті. Оларға қоғам болып қолдау көрсету, әрі жан жылуына бөлеу – адам болмысындағы құнды қасиет парасаттылықтың жарқын көрінісі.
Іс-шара барысында ерікті жастар түрлі жанрдағы кейіпкерлердің образында сахналық қойылымдар қойып балалардың көңілін көтеріп, қызыққа толы ойындар ойнатты. Сонымен қатар, талантты балалар ерікті жастармен бірге би билеп, әсем әндерді шырқады. Осындай тәрбиелік мәні зор іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
Айта кетейік, облыс халқының 38%-ы балалар, олардың 155 мыңнан астамы балабақшада, 520 мыңы мектепте. Еліміздегі әрбір 7-ші оқушы Түркістан облысында тұрады. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Өңірде балалардың жан-жақты дамуына барынша жағдай жасалуда. Балабақша, мектеп, «Оқушылар сарайы», түрлі өнер және спорт үйірмелері жұмыстарын бір сәт те тоқтатқан емес.