Ауыл – ел бесігі: Төлеби ауданында тіршілікке тірек болған жобалар көп

«Ауыл – ұлттың діңгегі, азық-түлік қауіпсіздігінің алтын арқауы», – деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халыққа арнаған Жолдауында. Президенттің бұл сөздері ауылды өркендетуге бағытталған мемлекеттік саясаттың мән-маңызын айқындап, аймақтарда нақты іс-шаралардың жүзеге асуына негіз болды. Сол игілікті бастамалардың нақты жемісі бүгінде Түркістан облысының Төлеби ауданында көрініс тауып отыр.

2025 жылы Төлеби өңірінде ауыл шаруашылығы саласы тың серпін алып, ел экономикасының маңызды тірегіне айналғалы тұр. Түркістан облысында жалпы құны 6,2 миллиард теңгені құрайтын 8 ірі инвестициялық жоба жүзеге асып, 123 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл – ауыл еңбеккерлері үшін тұрақты табыс көзі, жастар үшін жаңа мүмкіндік, өңір үшін алға басудың, тұрақты дамудың белгісі.

Аталған жобалардың бірқатары Төлеби ауданының тау етегінде орналасқан елді мекендерінде іске асырылады. Бұл – Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының нақты нәтижесі екені анық.

Мәселен, «Қазығұрт бақтары» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі іске асырып жатқан жеміс-жидек өңдеу цехы – өңірдің агроиндустриялық әлеуетін арттыратын тың жобалардың бірі. Құны 4,1 млрд теңге болатын өндіріс орны іске қосылғанда 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарланған. Ал тау бөктеріндегі Сұлтан Рабат, Қасқасу сияқты ауылдарда бау-бақша шаруашылығы жақсы дамығанын ескерсек, бұл цех жергілікті бақ өнімдерін қайта өңдеп, отандық нарықпен қатар шетелге шығуға да жол ашады.

Сондай-ақ «Азия Милк» шаруа қожалығы қолға алған 550 бас сиырға арналған тауарлы сүт фермасы – сүт бағытындағы ауқымды бастама. Құны 1 миллиард теңгеге бағаланған жоба аясында 44 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл бастама Төменгі Қасқасу, Жаңажол, Киелітас ауылдарындағы мал шаруашылығына серпін беріп, сүт өндірісін арттырады. Президент өз сөзінде: «Мал шаруашылығы – ауыл табысының негізгі көзі. Біз оны жүйелі түрде қолдауға тиіспіз», – деген еді. Бұл бастама – сол тапсырманың нақты көрінісі.

Мұнымен қоса, өңірде бірнеше жекелеген кәсіпкерлер де өз үлесін қосып отыр. «Бірінші Мамыр сауда белгісі» ЖШС (300 млн тг, 10 жұмыс орны), ЖК «Бастық ата» (150 млн тг, 10 жұмыс орны), ЖК «Рысбаев Ж.» (100 млн тг, 5 жұмыс орны) мал және сүт бағытындағы өндірісті ұлғайтуды көздейді.

Төлеби өңірінің су қоры мол, табиғаты таза Қасқасу мен Біркөлік сияқты аймақтары балық шаруашылығын дамытуға қолайлы. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалануға бағытталған жобалар – ЖК «Ақжігітов С.» (100 млн тг, 4 жұмыс орны) мен «FISH HOUSE» ЖШС (250 млн тг, 25 жұмыс орны). Бұл жобалар арқылы балық өнімдерін өндіру көлемі артып, жаңа экологиялық өндірістер қалыптасады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Су ресурстарын тиімді пайдаланып, акваөндірісті дамытамыз», – деген болатын. Бұл бастамалар – сол стратегиялық тапсырманың өңірлік жалғасы.

Сонымен қатар, «Азия Милк» өндірістік кооперативі қолға алған 150 басқа арналған мал бордақылау алаңы (200 млн тг, 13 жұмыс орны) да – таулы аумақтардағы мал шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Мұндай жобалар ет сапасын жақсартып қана қоймай, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне де зор үлес қосады.

Жобалардың барлығы Үкіметтің, облыс әкімдігінің және жергілікті басқару органдарының қолдауымен жүзеге асырылуда. Инфрақұрылым тартылып, субсидия мен жеңілдетілген несие ұсынылуда. Бұл – ауыл тұрғындарының кәсіппен айналысуына мүмкіндік туғызатын маңызды фактор.

Аудан әкімдігі жобалардың іске асуын қатаң бақылауда ұстап отыр. Ауыл әкімдері мен шаруа қожалықтары арасында тығыз байланыс орнатылып, жобалардың мерзімінде әрі сапалы орындалуы үшін кешенді жоспарлар әзірленген. Қажетті инфрақұрылым (жарық, жол, су) мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеткізілуде.

Бұл жобалар экологиялық тұрғыдан да тиімді. Жеміс-жидек пен сүт өнімдерін өңдеу, мал бордақылау мен балық өсіру табиғатты бүлдірмей, оны орнымен пайдаланып, экожүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл – Мемлекет басшысының «Жасыл Қазақстан» бастамасына үндес нақты әрекеттер.

Ең бастысы – халық сенімі. Ауыл тұрғындары бұл бастамаларға үмітпен қарап, өз еңбегінің жемісін көру үшін белсенділік танытып отыр. Төлеби таулары – еңбекпен гүлденетін өңір екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Президент Тоқаев айтқандай: «Халықты асырайтын – ауыл». Бұл – жай сөз емес. Ауылда жаңа жұмыс орындарының ашылуы, табысты кәсіптің дамуы – жастардың ауылда қалуына, туған жерін көркейтуге үлес қосуына жол ашады. Осы арқылы Төлеби ауданында аграрлық жаңғырудың жаңа дәуірі басталып отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *