Бәйдібек ауданында әлеуметтік инфрақұрылым жаңғыртылып жатыр
Бәйдібек ауданында әлеуметтік-экономикалық даму бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында халықтың өмір сүру сапасын арттыруды, әсіресе білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік инфрақұрылым салаларын жаңғыртуды басты басымдықтардың бірі ретінде атап өткен болатын. Президенттің: «Әлеуметтік әділдік пен тең мүмкіндіктер қағидаты – жаңғырған Қазақстанның негізгі тірегі болуы керек» деген сөзі бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асырылып жатқан нақты жобалармен дәлелденуде. Соның айқын көрінісі ретінде Бәйдібек ауданындағы оң өзгерістерді атап өтуге болады.
Бәйдібек ауданының орталығы Шаян елді мекенінде әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында бірнеше маңызды жоба қолға алынып отыр. Солардың бірі – 1976 жылы салынған, 700-ден астам оқушы білім алатын “Шаян” мектеп-лицейін күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары.
Үш қабатты, екі корпустан тұратын бұл білім ордасының жөндеу жұмыстарын “КазСтройЭверест” ЖШС-і жүргізуде. Бұйыртса, ескірген мектеп ғимараты қазіргі заман талаптарына сай, қауіпсіз және жайлы білім беру ордасына айналатын болады.
Жақында аудан әкімі Ерлан Заипұлы Нұрмаханов құрылыс барысын арнайы барып бақылап, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін жөндеу жұмыстарын толық аяқтау, жұмысшылар санын арттыру және ең бастысы, сапаға баса назар аудару міндеттелді.
Реті келгенде айта кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 29 мектеп салынып жатыр. Оның 13-і пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 16 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Оқушылар ыстық тамақпен, қосымша білім берумен қамтылды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының тұжырымдамасы негізінде «Қауіпсіз мектеп» жобасы аясында шәкірттерге толық жағдай жасалды.
Мектептерді жаңғырту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, облыста 2025-2027 жылдары 115 мектеп жаңғыртудан өтеді. Биыл 41 мектепті жаңғырту жоспарланып отыр. Оның ішінде 15 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 26 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл – ауылдағы баланың да қаладағы замандасымен тең дәрежеде білім алуына жол ашады.
Бұл мектептердің басым бөлігі 30-40 жылдан астам уақыт бұрын салынған ауыл мектептері. Жөндеу жұмыстары тек мектеп ғимаратына ғана жүргізілмейді, сонымен қатар, асханалар, кітапханалар, спорт залдары, пән кабинеттері мен сынып бөлмелері де толық жабдықталып, қауіпсіздік жүйесі және жиһаздармен қамтамасыз етіледі.
Облыста «Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндаманы жүзеге асыру мақсатында «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы қолға алынды. Жобаның мақсаты – ауыл мен қала мектептерінің арасындағы айырмашылықты жою, ауыл мектептерінің, оның ішінде шағын жинақты мектептердің білім сапасын арттыру. Облыста 27 тірек мектеп, ауылда орналасқан 147 шағын жинақты мектеп бар. Жоба аясында тірек мектептерге бекітілген шағын жинақты мектептердің әлеуетін, білім сапасын көтеру мақсатында қарқынды жұмыстар атқару жоспарлануда.
