Фарида апа киіз басу дәстүрінің қайта жаңғыратынына сенеді
Қазақ халқы ата кәсібі саналатын мал бағуды өмірімен біте қайнастырып, төрт түлігінен алған өнімді ысырап етпей, тұрмысына кеңінен қолданған. Табиғи таза өнімді пайдаланудың денсаулыққа қаншалықты пайдалы екені айтпасақ та белгілі. Малды жесең – азық, кисең – киім. Кейбіреуі тіпті мінсең көлік те болған. Ал жүнінен төсеніш болар киіз басылып, неше түрлі асыл жүн маталар тоқылады. Бүгінде ұмыт қалған осынау дәстүрді жалғастырып, жүнді кәдеге асырып, заманауи түрлі бұйым жасайтындар да бар. Есесіне табиғи өнімнен жасалған ерекше стильдегі киімнің де, бұйымның да құны жоғары бағаланып, сұранысқа ие болып тұр. Сонымен бірге жүннен басылатын киіз де қайта жаңғырып келеді. Түркістан облысына қарасты Сауран ауданындағы Құсшы ата ауылында киіз басу дәстүрін дәріптеп жүрген әжей бар.
Фарида Ереханова болашақта киіз басу дәстүрінің қайта жаңғыратынына сенеді. Бірер жыл бұрын киіз басудан аудан орталығында өткен байқауға ол басшылық жасайтын «Дария-Толқын» әжелер тобы да қатысып, бас жүлдені жеңіп алған. «Қазір менің бар ықыласым киіз басуға ауып жүр. Өйткені соңғы уақытта ел ішінде киізге деген қызығушылық арта бастады. Әсіресе, қыстыгүні еліміздің солтүстігіне, шығысы мен батысына көкөніс таситын жүк көліктерін жылытуға киіз сұрай келушілер көп. Одан бөлек, көліктің моторын да қатты аязда орап қойып, жылы ұстауға болады», – дейді әжей. Бұдан жүннен басылатын киіздің жылуды жақсы ұстайтынын, суыққа төзімді бірден-бір бұйым екенін аңғаруға болады. Фарида әжей қазір адамдардың қой жүнінің қадірін білмейтінін айтады. Мәселен, жүргізушілер киізден көліктің орындықтарына жабу жасап алса, бұл олардың омыртқа ауруына шалдығуына жол бермейді екен. Расында да, бала күнімізде ата-анамыз «табаныңнан сыз өтпесін» деп аяқкиімімізге киізден ұлтарақ салып беретін. Суық тиіп ауырғанымызда үстімізге жүннен тоқылған киім кигізетіні еске түсті. «Бүгінде белі, аяғы ауыратын адамдар көп. Себебі табанымыздан сыз өтеді. Үйіміздің еденіне синтетикалық талшықтан жасалған кілем төсейміз. Оның жылуы киіздің жылуымен салыстыруға келмейді. Әрі ондай синтетикалық бұйымдардың адам ағзасына тигізер зияны да орасан. Сондықтан бізге киізді табиғи жолмен заман талабына сай етіп басатын өндіріс орындары қажет», – дейді тағы бірде кейіпкеріміз.
Дәрігерлер де аяғы, белі және мойын омыртқасы ауыратын жандарға көрпеше орнына киіз төсеп жатуға кеңес береді. Сонымен қатар оның адамның қан айналымы жүйесін реттеуге де әсері мол екен. Әжей ат әбзелдеріне, яғни ердің тоқымына киіз сұрай келетіндердің көп екенін айтады. Фарида кейуана бала күнінен апасы мен әжесінің көрші-қолаңды, ағайын-туысты шақырып киіз басқанын көріп өскенін еске алды. «Мұның өзі ауылда бір мереке еді ғой. Киіз басқанға дейінгі жұмыстың өзі де бір төбе. Алдымен қой қырқымынан кейін тау-тау болып үйіліп қалған жүнді жуып, тазалап, түрлі түске бояп, тулаққа салып сабап, әбден қопсытып аламыз. Содан кейін барып ауылдағы барша әйел қауымы жиналып, текемет басуға кірісетін. Асарға келген қонақтарға арнап мал сойылып, үлкен қазанға ет асылады. Қыз-келіншектер күнделікті үй тіршілігінен аз да болса демалып, әңгіме-дүкен құрады. Үлкендер жағы оларға әдемі әңгімелерін, ақыл-кеңестерін айтып, киіз басудың қыр-сырын үйретеді. Ол кезде бұл бұйым химиялық қоспасыз басылатын. Күйе түспесін деп, оны жылына бір рет ыстық сумен жуып алатынбыз», – деп жылы жымиып өткенін еске алды Фарида әжей.
Қазір киіз басу өнерінің бұрынғымен салыстырғанда айырмашылығы өте көп екен. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Сауран ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «Киіз басу өнері – көшпенділер мұрасы» атты байқауда осынау өнердің сан түрі көрсетілген. 12 ауылдық округтен келген әжелер соңғы заманауи бағытта киіз басу түрлеріне де мән берген. Алайда біздің кейіпкеріміз ата-бабамыздан мұраға қалған дәстүрлі киіз басу өнерін көрсетіпті. Есесіне Фарида Ереханова басшылық жасайтын «Дария толқын» әжелер тобы байқауда топ жарып «Ең үздік қолөнер шебері» номинациясын иемденіпті. Фарида апа үйіндегі көрпешелердің ішіне қой жүнін салады екен. Себебі «жүннің адам бойындағы суықты өзіне тартып алатын қасиеті бар», дейді. Иә, қазір жаңа технологиямен өндірілген киіздің түр-түрін базардан табуға болады. Алайда табиғи жолмен басылған дәстүрлі киіз басу өнері қашанда құндылығын жоймайтыны рас. Айта кетейік, Фарида әжей 40 жыл бастауыш сыныпта оқушыларға дәріс беріп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған жан. Атай екеуі 1 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсіріп, осы перзенттерінен немере сүйіп отырған бақытты ата-әже.
Айта кетейік, биыл Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған Әжелер алқасына 11 жыл толды. Қазақ халқы ұрпағын ежелден атаның өсиеті, әженің қасиетімен ұлағаттап, тәрбиелеген. Әсіресе, кимешегі иығына төгілген әже ертегісімен, ана әлдиімен, ұятты қыз, миятты ұл өсіруге ықпал етті. Бала тәрбиесінде «айналайынымен» аялаған әженің орны қашан да жоғары болғаны айнымас шындық. Өкінішке қарай, сонау өткен ғасырдың басындағы ер мен әйелді теңестіріп, қазақ тұрмысының қалыпты заңдылығын бұзған кеңестік идеология, одан кейінгі ден қойған нарықтық формация салдарынан ана әлдиі де, әже ертегісі де ұмыт қалды. Осы орайда Бауыржан Момышұлының мына бір сөзі еске түседі. «Мен үш нәрседен қорқамын. Бірінші, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын. Екінші, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын. Үшінші, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені, бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын» деген екен батыр.
— Оқушы балалармен «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» тақырыбында өткен кездесулердің бірінде қазақтың әрбір баласы білуі тиіс ұлттық салт-жоралғыларға қатысты сұрақтарға жауап бере алмағанын көріп, бүгінгі жас ұрпағымыз ұлтымыздың асыл тәрбиесінен алыстап, құндылықтарымыздан марқұм қалып бара жатқан жоқ па деген ой мазалады. Сондықтан бала тәрбиесінде жіберіп алған осы олқылығымыздың орнын толтыру мақсатында 2013 жылы 3 сәуірде сол кездегі Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан Әжелер алқасының іргесін қаладық.
Осы уақытқа дейін жалпы 250-ге жуық іс-шара өтіп, оған 25 000-нан астам жас тартылды. «Аялы әже» номинациясы белгіленіп, жалпы 18 апа-әже марапатталды. Ел басына күн туған қиын кезең – пандемия кезінде қатерге бас тігіп, әжелеріміз мың-мыңдап бетперде тігіп таратты. Арыстағы жарылыс кезінде алғашқылардың қатарында азық-түлік пен киім-кешекке көмек қолын созды. Ал, Мақтаарал ауданындағы су тасқыны кезінде де алдыңғы шепте жүрген осы әжелер болды. Осындай атқарылған жұмыстар салт-дәстүріміздің қайта жаңғыруына, ұрпағымыздың патриоттық сезімін оятуға және өзге дінге бет бұра бастаған жастарымызға тосқауыл жасауға өз септігін тигізуде. Өткен жылы Әжелер алқасының құрылғанына 10 жыл толып, аймағымыздың барлық аудан, қалаларында танымдық-тәрбиелік тақырыптарда іс-шаралар өткізілді. Бұл бастамамыз аз уақытта-ақ өз жемісін бергеніне бүкіл облыс халқы куә болып отыр. «Тәрбие – талбесіктен» демекші, ең алдымен жаңа отау көтерген жастарды отбасылық өмірге бейімдеуден бастап, сол отбасында дүниеге келген сәбиді ізгілік пен ізеттілікке, еңбек пен бауырмалдыққа баулу, қоғам өміріне белсене атсалысатын елжанды азамат қалыптастыруға көмектесуді мақсат тұтқан осындай Әжелер алқасы облысымыздың барлық 17 аудандық, қалалық ардагерлер кеңестері мен 528 елді мекендегі бастауыш ардагерлер ұйымдарының жанынан құрылып, іргелі істерге ұйытқы болып келе жатыр. Ұлтымыздың болмысын сақтап қалу үшін аса маңызды миссияны атқарып жүрген бұл ұйымның жұмысына облыс көлеміндегі 75 326-ға жуық белсенді, өнерлі, сан саладағы еңбегімен елге сыйлы болған, өрелі ұл-қыз өсіріп, үлкен әулеттің киесіне айналып отырған абзал әжелер мен аналар тартылып, өмір өнегесін дарытуда, — дейді Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов.