Әйелдер белсендігі артқан

Мемлекетіміз отбасылық және гендерлік саясатты жүзеге асыруда сантүрлі жетістікке жетті. Бүгінде елімізде гендерлік саясатты қалыптастыруда, оны жүзеге асыруда, бұқаралық сананы нығайтуда жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы ретте гендерлік саясат дегенде әйелдердің қоғамдағы рөлінің жоғары болуы деп түсінетіндер көп. Шынтуайтында олай емес, гендерлік саясаттың ұғымы гендерлік теңдікке қол жеткізу дегенді білдіреді деген абзалырақ.

Бұрын әйел адамдар білім алмайтын, жоғары қызметке лайық саналмайтын. Қазір еліміз гендерлік саясатты жан-жақты дамытуды қолға алды. Бүгінде ерлер мен әйелдер тең дәрежеде әр салада қызмет атқарып жатқаны белгілі. Президентіміз бірде өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер қауымын мемлекеттік қызметте көбейтуді, олардың жауапкершілігінің жоғары болатынын айтып өткен болатын. Президентіміздің әйелдер қауымына артқан сенімі орынды, өйткені нәзік жандылар да қай сала болмасын белгілі бір жетістіктерге қол жеткізіп келеді.

Гендерлік саясат дегенде ерлер мен әйелдердің тең дәрежеде қоғамды бірлесіп дамытуы деп түсінуге болады. Бұл саяси жүйеде ерді әйелден жоғары қойып, немесе әйелді ерлерден өзгешелеу емес. Бұл дегеніміз екі жақ та тең дәрежеде өз құқықтары мен мүмкіндіктерін біркелкі пайдаланып, қоғамның дамуына, еліміздің алға қарай жылжуына үлес қосуы деген сөз. Қазіргі еліміздегі гендерлік саясаттың біршама өзіндік ерекшеліктері мен мүмкіндіктері бар.

Ал енді кәсіп ашып, сол салада зор жетістіктерге жетіп жатқан әйелдер туралы бүгінде ауыз толтырып айтуға болады. Тіпті тапқан табысы бір үйді асырап-бағуға жетеді, осы жерде ерлер мен әйелдердің теңдігі демегенде не деуге болады? Сөзіміздің тұздығы ретінде, Түркістан қаласы Жаңа қала шағын ауданынан өзінің «Рremium» атты сұлулық салонын ашып, кәсібін жүргізіп отырған Тобақабыл Айсұлу жайлы айта кетейік. Яғни «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қарапайым халықты, оның ішінде қыз-келіншектерді бизнес бастауға бейімдеп, тиісті білім беріп, нақты істі жүргізуге қол ұшын беруде. Ал жұмысты неден бастау қажеттігін ұғындыратын оқу курстарының тәй-тәй басқан жас маманға тіптен үйретері көп.

Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауылының тумасы Айсұлу Мұратқызы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің түлегі, ең алғаш өз мамандығы бойынша Сот сараптама орталығына жұмысқа тұрады. Студенттік жылдары «Өз-өзіне визажист» шеберлік сағаттарын оқып, осы мамандыққа қызығушылығы басым бойжеткен өзін ерекше сәндеп, айналасындағы достары мен таныстарын да әдемі етіп бояндырып жүретін айдай сұлу Айсұлу визажистік өнерімен көзге түседі. Кейін тұрмыс құрып, егіз баланың анасы атанған Айсұлу бала күтімімен үйде отырады. Уақыт өте жолдасымен жұмыс бабы бойынша Түркістанға келеді.

«Қай сала болмасын әйелдер де еркектермен иық теңестіріп тең дәрежеде қызмет етіп жатыр. Бұл заман талабы. Әйел адам ерімен бірге отбасы құндылықтарын сақтай отырып, отбасын алға қарай жылжытуға міндетті. Қазіргі таңда Президентіміз де әйелдердің қоғамға араласуына жол ашып отырғанын білеміз. Әйелдер де  лауазымды қызмет атқарып, білім алып, кәсібін ашып, мемлекетіміздің дамуына өз үлесін қосуда.

Осы ретте мен де Түркістанға — жаңа ортаға келген соң жолдасыммен ақылдаса келе өзімнің сүйікті жұмысым – визажист болып, салон ашуға бет бұрдым. Осылайша бизнесті бастау жобасы, қайтарымсыз грант жайлы таныстардан естіп, жолдама алуға асықтым. Декреттік демалыста отырған кезім болатын, 2020 жылы жұмыссыз ретінде «Бастау бизнеске» тіркелдім, 21 күннен тұратын сабақтарды онлайн оқып, жобаға қатысты деген сертификатқа ие болдым. Алғашында жобамды қорғай алмадым, 2022 жылы екінші рет тапсырғанымда 1 225 000  теңге грантты ұтып, өз жобамды сәтті қорғап шықтым. Бұл қаражатқа сән салонына қажетті құрал-жабдықтарды, атап өтсем айна, үстел, кресло, шаштаразға арналған раковина т.б. көптеген заттарды сатып алып, ісімді бастадым».

Расында, хэйр стилистер, визажистер дәл қазіргі уақытта қоғамда сұранысқа ие әрі қалтасы қалың мамандықтар қатарында. Визажистік өнердің қыр-сырын толық меңгерген Айсұлудың сұлулық салонында бүгінде 2 визажист маман, 2 шаш стилисті, 2 маникюр маманы және шугаринг шеберлері тынбай жұмыс істеуде.

«Қазіргі таңда   күйеуі  мен әйелі тең дәрежеде жұмыс істеп, екі жақтан отбасын асырауға белсенді кірісіп кеткен. Сондықтан мен де өзімнің қабілетіме сенімді болып, жеке кәсіп ашудан ешқандай қорықпадым. Және де көркейіп жатқан қалада студент жастар да көп, көптеген мемлекеттік қызмет иелері де осында жұмыстарын бастап жатыр. Түркістан тойдың ортасы. Сұлулыққа қашан-да құштар әйелдер қауымы міндетті түрде сән салонына кірмей тұрмайды деген сенім болды. Мемлекет тарапынан көрсетілген каржылай әлеуметтік қолдаудың арқасында кәсіп ашу мүмкіндігіне ие болдым. Ал «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіп ашып, оны дұрыс жүргізу дағдыларына үйретті. Қарап отырсаңыздар сән әлемінде күнде бір жаңалық, бұл сала көз ілеспес жылдамдықпен дамуда. Жәй ғана шаш қырқып отырмайсың, шаш үлгілерінің, макияж түрлерінің адам жаңылысатындай сан түрі бар, уақытпен бірге жүру, өзіңді күн сайын жетілдіріп отыру қажет, өйтпесе клиентіңді жоғалтасың және бәсекелестер де арта түседі. Үздіксіз білім табыс көзі, тынымсыз еңбектің арқасында қазір айына 500 мыңнан астам табыс тауып отырмын».

Осылай деп ағынан жарылған Айсұлудың алғашқы қадамының оңынан болғанына әрі қуандық, әрі жалындаған жастың талабына тәнті болдық. Дегенмен қолдаудың да маңызы зор екені даусыз. Бизнес-жоспар жасау, оны дамыту, шағын кәсіпкерлікке бет бұру — тыңғылықты еңбек пен терең білімді қажет етеді. Отбасында асыл жар, екі баланың анасы, әрбір жұмысынан шабыттанатын, сұлу болып әрленген арулардан алғыс алатын Айсұлудың қазіргі беталысы жастарға үлгі боларлықтай екен. Біз бірлесіп тең дәрежеде қызмет ету арқылы қоғамды дамыта алатынымздың бір көрінісі осы деп білеміз. Ендеше Айсұлудың сұлулық әлеміндегі нәзік өнеріне сәттілік тілейміз!

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *