Жартытөбеде жаңа спорттық инфрақұрылым пайдалануға берілді

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Созақ ауданы, Жартытөбе ауылында қуанышты жаңалық орын алды. Мұнда бірден үш әлеуметтік нысан – балалар ойын алаңшасы, баскетбол алаңы және «Street workout» спорттық жаттығу алаңы пайдалануға берілді. Бұл – ауыл тұрғындары, әсіресе балалар мен жастар үшін ерекше тарту ғана емес, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әлеуметтік әділетті Қазақстан» тұжырымдамасына сай, ауылдық жерлерде сапалы өмір сүру ортасын қалыптастыру жөніндегі тапсырмасының нақты орындалуының бір көрінісі. Президент өз Жолдауларында бұқаралық спортты дамыту, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, ауыл мен қала арасындағы өмір сапасы алшақтығын азайту мәселелерін үнемі алға тартып келеді. Осы бағытта қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен жергілікті билік органдарының кешенді жобалары нәтижесінде өңірлерде осындай игі істер жүзеге асуда. Жартытөбе ауылы да соның айғағы.

Жаңа спорттық және ойын алаңшаларының ашылуы – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды әлеуметтік бастама. Бұл нысандар облыстық бюджет есебінен қаржыландырылды. Себебі, Жартытөбе ауылы 2024 жылы өткен «Үлгілі ауыл» байқауында жүлделі орын иеленіп, әлеуметтік-инфрақұрылымдық қолдау шараларына ие болған еді. Мұндай байқаулар Президент бастамасы аясында жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен қоғам белсенділігін арттыруды мақсат етеді. Бұл – ауылдың өзіндік дамуына серпін беріп, халықтың белсенді қатысуын ынталандыратын пәрменді тетік. Ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтап, жаңа нысандардың пайдалануға берілуімен шын жүректен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы бұқаралық спортты дамыту, ауыл балалары мен жастарының сапалы және қауіпсіз ортада өсуі – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, алдағы уақытта да аудан көлемінде спорттық инфрақұрылымды дамытуға, балалар мен жастар үшін бос уақытты тиімді ұйымдастыруға арналған жобалардың жалғасын табатынын жеткізді. Іс-шара барысында ел ақсақалдары мен ардагер азаматтар да сөз алып, жаңа жобаларға бастамашы болған жергілікті және облыстық билікке, қолдау көрсеткен азаматтарға алғыстарын білдірді. Ауыл қариясы Балтабай Аймұрзаев ақ батасын беріп, жаңа алаңшалардың балалар үшін қуаныш пен пайдалы бастамаға айналуын тіледі. Ардагер ұстаз, ауданның Құрметті азаматы Әшімхан Тәпі бұл алаңшалар – тек спортпен шұғылданатын орын ғана емес, жастардың тәрбиесі мен денсаулығына қосылған зор үлес екенін атап өтті.

Жаңа алаңшалардың ерекшелігі – олардың заманауи талаптарға сай жабдықталуында. Балалар ойын алаңында қауіпсіздік ережелері ескеріліп, сырғанақтар мен әткеншектер, жұмсақ төсеніштер орнатылған. Баскетбол алаңы ауыл жастары үшін сергектік пен достық жарыстардың ордасына айналмақ. Ал «Street workout» алаңы жастар мен жасөспірімдердің салауатты өмір салтына бейімделуіне, өз дене дайындығын шыңдауға үлкен мүмкіндік береді. Бұл игі бастама Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай – елдің сұранысы мен жергілікті биліктің нақты әрекетінің нәтижесі. Парламент пен Үкімет те бұл бағыттағы бастамаларды қолдап, спорт инфрақұрылымын дамытуға арналған бағдарламаларға жыл сайын қаржы бөледі. Бұл – болашақ ұрпақтың дені сау, тәрбиелі әрі белсенді азамат болып қалыптасуына жол ашады. Сонымен қатар, спорт алаңшалары – тек спортпен шұғылданатын жер емес, жастар арасында достық пен бірлікті нығайтатын қоғамдық ортаға айналады.

Жалпы алғанда, Жартытөбе ауылындағы жаңа алаңшалардың ашылуы – ауыл өміріндегі тың серпіліс, жаңғыру нышаны. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл мен қала теңдігін қамтамасыз ету, жастарға қолайлы орта жасау жөніндегі саясатының табысты жүзеге асуының дәлелі. Президент бастамаларына сәйкес, ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған жобалар әрі қарай да жалғасады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *