Құтты шаңырақ
Отбасы туралы жазу керек болғанда бірден әріптесім, ХҚТУ-дің Медиа орталығының маманы, кәсіби фотограф Нақып Шынтеміровтің отбасы, сол құтты шаңырақтың отанасы Әндиша апамыз еске түсті. Бүгінде жасы 90-ға келген ол кісі 10 перзентті дүниеге әкелген, нағыз алтын құрсақ аналарымыздың бірі де бірегейі. Қазаны оттан түспейтін, дастарқанды шаңырақтан талай дәм татып, апамыздың ғибратты әңгңмелеріне құлақ қойып, риза болып жүрген едік.
Әндиша Шынтемірова құдай қосқан қосағы Шері Шынтеміров екеуі 3 ұл, 7 қызды дүниге әкеліп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған жандар. Иә, Әндиша апамыз өсіп-өнген шаңырақтың отанасы. Шері ақсақалдың өмірден өткеніне де біраз жыл болған. Жасы 90-ға келсе де ширақ, зердесі жарқын анамызбен аздап сөйлескен едік.
« …Мен қарт Қаратаудың етегіндегі Хантағы ауылында туып өстім. Шәкең Бабайқорғандық еді. Үйленген соң алғашында біраз жыл Кентауда тұрдық. Ол кезде Кентаудың дүрілдеп тұрған шағы еді. Балалардың басы көбейген соң ауылға жақындайық 1970 жылы «Коммунизм» колхозына көшіп келдік. Бұрын осы осы жерлер колхоздың аумағы еді, кейін қала қосылып кетті ғой. Отағасы колхозда жұмысшы, мен кеңсенің еден жуушысымын. Таңнан кешке дейін жұмыстамыз. Балаларымыз біріне-бірі қамқор болып, үлкендері кішісіне қарап өсті. Бәрін де оқыттық, тоқыттық, үйлі-жайлы еттік. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірдік. Көзге көрінген баланың амандығын тілейміз ғой, 7 қыздың бірі жасында шетінеді, 2 қызым бертінде қайтты. Алланың үкімі шығар да, қалғандарына ғұмыр берсін», дейді анамыз. Тұңғышы – Шәрипа есепші болып жұмыс істеп, қазір зейнетте, Қалипа (өмірден өткен) 2 ЖОО-ны үздік бітірген бухгалтер-экономист, Сенбай – алғашқы мамандығы инженер, кейін ХҚТУ-дің экономика факультетін бітірді. Университет алғаш ашылғанда транспорт бөлімін басқарды, әкімшілік-шаруашылық бөлімінде, кейін мақта компаниясында менеджер болып абыройлы қызмет істеп зейнетке шықты. Жақып(әскери дайындық мұғалімі), Нақып(фотограф-мобилограф), Айсұлу – қазақ тілі пәні мұғалімі, Кентауда тұрады, Құндызай, Ақмарал барлығы да бүгінде үйлі-баранды, немерелі болып отырған жайы бар. Өсіп-өнген құтты шаңырақтың Отанасы Әндиша әжей бүгінде 34 немере, 57 шөбере сүйіп отырған бақытты жан. Осы кезде әңгімеге апаның тұңғышы Шәрипа әпкеміз араласты.
–Ол кезде біз колхоздың үйінде тұратынбыз. Колхоз учаскелік жер беріп, ол осы Шымкент тасжолының бойынан тиіп, әкемнің қатты қуанғаны әлі күнге есімде. Содан жабылып жүріп кесек құйдық. Ол кезде ұста жалдау деген ұғым жоқ. Әкем ағайын, көрші-көлемді шақырып асарлатып жүріп бір жазда ол үйді бітіріп кірдік. Сол үйіміз құтты қоныс болды. «Тасжол бір үйді асырайды», деуші еді марқұм әкеміз. Расында әуелі жол бойына қауын-қарбызымызды шығарып сатудан бастап, кейін 1988 жылдары кішігірім шайхана аштық. Күніге-күнәра әкем базардан бір қой әкеліп сойып, кәуап, қуырдақ жасап өткен-кеткен жолаушылар түсіп, түстеніп шығатын тәп-тәуір шайханаға айналды. Осылай халыққа қызмет көрсеттік. Сол шайхананың нанын жеп, нәпақасын айырып бір әулет жан бақтық. 90-жылдардың тоқырауында көп адам ала дорба арқалап кетті ғой. Біздер қиналмадық. Таршылық көрмедік. Осының бәрін үйлестіріп, ұйымдастырып, берекеле етіп ұстаған анамыз. Жолдан шаршап келген шопырлар бір уақ тынығып алсын деп тапшандар құрып, аптап ыстықта жолсоқты болған жолаушы суға түсіп сергіп алсын деп душ қойып, жолаушыға қызмет көрсеттік. Бірінің ақшасын алса, бірін алмайды. «Үйден 40 қадам ұзаған жан мүсәпір деген. Жетісіп жүр дейсің бе, бұл байғұстар. Ақшасын берер, бермесе Алла разылығы үшін құрақ ұшып қызмет жасаңдар» деп отырады. Кейбірін ақы-пұлын да алмай ауқаттандарып жібереді. Жолдың қарсы бетіне университет корпусы түсіп, 2000 жылдардан студенттердің сүйікті асханасы айналған «ЖІБЕК ЖОЛЫ» шайханасын аштық, оны кеңейттік. Осы шайхананы апам келіндерімен жүргізді ғой. Ол кезде бір күнде 4-5 қой сойылатын болды. Соның ішек-қарнын тазалау, етін маринадтап кәуәпқа дайындап, сорпалығынан ас-ауқат әзірлеп, ұсыну – үлкен еңбек. Бейнет. Жабылып, ынтымақпен осылай еңбек етеміз. Анамыз студенттерге де ылғи жанашыр. «Байқұстар әке-шешелері алыста. Төлейтін тиыны болмай қалса да, қайнап жатқан қазан ғой, ырыстарың кеміп қалмайды, беріңдер», деп қысылып, қиналып тұрған студентке кейде тегін тамақ бергізетін. Қарызға ішіп кетеді, Бірі әкеліп береді, бірі согүйі бермей кетеді. Бірақ анамыз еш қынжылмайтын. Талай аш құрсақ жүрген студенттің сауабын алдық-ау. Бітіріп кетіп біраз жылдан кейін Түркиядан, Қырғызстаннан, Түркіменстаннан арнайы келіп анамызға сәлем беріп, көйлек орамалын, қамзолын кигізіп, алғысын айтып кеткендер аз емес. Анамыз өте сабырлы, кең пейілді жан. Кеңдігі шығар да, апам үш ұлын, үш келінін 15 жыл бір шаңырақта ұстап сонша жан бір қазаннан ас ішіп, берекелі отбасы болып отырды.(Кейін немере келіндері болғасын енші алыса бастады). Келіндеріміз де алтын асықтай, анамыздың өзіне тартқан ибалы-инабатты жандар болды. (Әсіресе, үлкені Сенбайдың келіншегі, Алланың рахымына бөленсін, сондай жақсы жан еді марқұм). Апамның тәртібімен осылай ынтымақпен, еңбекпен тіршілік кешіп жатқан жайымыз бар. Біздің Алтын анамыз барлығымызды адал еңбек пен мейрім-шапағатқа, кішіпейілдікке тәрбиеледі. Тәрбиелегенде ол кісі артық-ауыс көп сөз айтпайды, өзі бас болып солай істейді. Бала ата-анадан көргенін айна-қатесіз қайталайды емес пе? Анам 90-ға келсе, менде 70-ке келіп қалдым. Өмірден көргенім өмірдің бұлжымас заңы осы екен. Анамның жиі айтатын сөзі: «Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар». Бүгінде осылай өсіп-өніп, берекелі шаңыраққа айналып, әрқайсымыздың өмірден орнын тауып, өз кәсіптерін дөңгелетіп, өнегелі отбасы болып отырғанымыз әуелі Алла, одан кейін Анамыздың арқасында»-дейді, Шәрипа әпке.
–ХҚТУ алғаш ашылғанда әріптестерім, проректорлар(алғашқы басшылар өте қараапайым еді) үйден талай дәм татты. 90-жылдар тоқырауында қалада дұрыс қонақүйлер де жоқ, университетке іссапармен келгендер де біздің үйде қона жатып, анамыздың мейріміне қанып риза болып кетуші еді. Апамның қонақжайлығында шек жоқ қой, енді. Қонақ келмей қалса бұл кісі «ауырып» қалады, көңіл-күйі түсіп кетеді. Анамыздан бізге дарытқан қасиеті – еңбексүйгіштік. Әкемізбен екеуі бізді жастай еңбекке тартты. Сосын мейрімділік пен ынтымаққа баулыды. Ананың мейрімінде шек бар ма? Әйелім қайтыс болған. Жасым 60-тан асқан үй-жайым бөлек болса да әлі анамның «қатаң бақылауындамын». Солай ғой , апа! Алтын анашым-ай, сіздің шайыңызға жетпейді ғой, — дейді, ұлы Сенбек те анасына еркелей.
…Иә, саялы бәйтеректей құлаш жайған, өрісті, қазаны оттан түспеген ырысты, берекелі, құтты шаңырақтың Ұмай анадай ұйытқысы болып отырған Әндиша анамыздың өмірі өнеге. Әжейдің әңгімесі,әрбір айтқан сөздері тұнған ғибрат. «Ел аман жұрт тыныш болсын, ең батысы. «Елде болса ерінге тиеді», «Бейнет түбі – зейнет» , дейді. Еңбектің ақысын Алла жемейді, қарақтарым.Жап-жас адамдар қызметтеміз, қол тимейді деген желеумен адам жұмсап, үйіне қызметші ұстайтын көрінеді. Осы үрдіс ұнаңқырамайды, дейді кейуана.
Елдің ықыласы мен ризашылығына бөленген қазыналы кейуанаға біз де: «Аман болыңыз. Жүз жасаңыз апа» деген тілеуқор сезіммен жылы қоштастық.
Әтіргүл ТӘШІМ,Түркістан.