Зүлфияның жылыжайында қызанақ пісіп жатыр

Үйіргелік жерге жылыжай егіп, бір ауылды қамтамасыз етіп отырған азаматтарға сүйсінесің. Көксу ауылының тұрғыны Зүлфия Сүлейменованың тынымсыз тірлігі өзгелерге үлгі боларлықтай. Әуел баста есік алдындағы 5 сотық жерді плеенкамен қоршап, қызанақ егіп көрген бұл отбасы келесі жылы-ақ жылыжай көлемін ұлғайта түсті. Әрине, пайдасы бар болғандықтан бұл шаруаға шындап кірісіп кетті. Қазіргі таңда 11 сотық жерге көкөністің түр-түрін отырғызып, жылыжайын жайнатып отырған Зүлфия Нұрлыбайқызы диқаншылықтың бұл түрін әбден-ақ меңгеріп алды.

–Бес-алты жыл алдын жылыжай егуді қолға алдық. Жаңадан бастаған жылы сол алақандай жерден 10 тоннадан астам қызанақ теріп алдық. Бала-шағамызбен жұмыла қимылдағанның арқасында сондай өнімге қол жеткіздік. Керекті тыңайтқышын беріп, талапқа сай күтіп-баптасаң жылыжайдан көл-көсір пайда табуға болады екен, — дейді ол.

Бір жылда екі рет өнім алатын Зүлфия Сүлейменова жер мен көшетке үлкен жанашгырлықпен қарауды әдетке айналдырған. Күзді күні екінші өнімді алған соң қыстай жерді демалдырады.

–Жер өзінің күшін жоймау үшін үш-төрт ай демалдырамын. Жыл он екі ай тоқтаусыз өнім аламын деп жерге зорлық жасаудың қажеті жоқ. Барлығын да мөлшермен, өзінің тәртібімен жасаймыз. Қызанақ пен қияр, басқа да көк-сөктің түр-түрін егіп, ауыл халқына қолжетімді бағамен пұлдап отырмыз. Бала-шағамызды да жастайынан диқаншылыққа баулып, адал мехнатпен нәпақа табуды үйреттік деп ойлаймын. Тер төге білгеннің арқасында елден бұрын дәруменге толы көкөністер дастарханымызда тұрады. Жылыжайдың жұмысы өте майда жұмыс қой, қол күшін көп керек етеді. Жұмысқа үлгере алмай жатқасын күніне 4-5 мың теңге төлеп ауылдың адамдарын жылыжайға саламын. Алайда, осы жұмысты да қиынсынып, белдерін ауыртқысы келмейтін кейбір жерлестеріміздің жалқаулығына жаным ашиды, — дейді Зүлфия Нұрлыбайқызы.

Зүлфия Сүлейменова ауылдағы орта мектепте ұстаздық етеді. Отағасы және 3 ұл, 1 қызымен бірге ауылда тұңғыш мәрте жылыжай жұмысын жолға қойып отыр. Өкіметтің жұмысымен диқаншылықты қатар ұстап, өзгелерге үлгі көрсетіп келе жатқан бұл отбасының еңбегі нағыз еңбек деп айтқан болар едік. «Еңбек етсең емерсің» дегендей, алақандай жерді ұқсата білудің арқасында ұланғайыр жерге егін еккен шаруалармен бірдей табыс тауып отырған отбасының диқаншылығына береке тіледік.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *