Сайрам – ынтымағы ұйысқан көпұлтты өңір
Сайрам ауданы – Түркістан облысындағы ірі аудандардың бірі. Халқының тығыздығы жағынан өте үлкен әрі даму әлеуметі аса жоғары, көпұлтты аймақ болып табылады. Дана халқымыз «Күш – бірлікте» деп тегін айтпаса керек. Бүгінде облыста 50-ден астам ұлт пен ұлыс тұратын болса, соның 40-ы Сайрам ауданында тату-тәтті тіршілік етуде. Нақты айтар болсақ, Сайрам ауданында тұратын 241081 этнос өкілінің 62934-і қазақ, 4483-і орыс, 165182-і өзбек, 1355-і әзірбайжан, 46-ы тәжік, 370-і татар, 3527-і түрік, 359-ы кәріз, 305-і украин, 1346-ы күрді 87-і неміс, 13-і ұйғыр, біреуі шешен, жетеуі қырғыз ұлтының өкілі. Тұрғындардың ауызбіршілігі мен татулығының арқасында ауданның экономикасы ілгері басып, қарыштап дамып келеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халқымыз бірліктің және тыныштықтың қадірін біледі. Бұл – небір қиын-қыстау заманды өткерген, қазақ жерінен пана тапқан барша этностар үшін де қымбат құндылықтар. Осы құндылықтарды бағалай білгеннің арқасында жұртымыз бейбіт өмір сүріп жатыр. Бұл – теңдессіз жетістік!», — деген болатын.
Әрине, бірлік болған жерде тірлік болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы қағидаға әрдайым адал болуымыз керек екенін ылғи да айтып келеді. Ол үшін, ең алдымен еліміздің әрбір азаматы бірлікті нығайту үшін қызмет етуі керек. Және бұл қызмет ешқашан тоқтамауы тиіс. Кезінде еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын осы мақсатта құрған болатын. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекетіміздегі татулық пен бірліктің бастауы болып отыр.
Орайы келгенде тарихта қалған күндерден аз-кем сыр шерте кетейік. Әлемдік деңгейдегі сарапшылар кеңес одағы уақытында көпұлтты ел атанған Қазақстанды болашақта ұлтаралық қақтығыстар мен шиеленістердің ордасына айналады деп болжаған екен. Құдай ондайдың бетін бізге аулақ етсін. Міне, содан бері қаншама уақыт өтті. Еліміздегі ұлтаралық саясаттың дұрыс бағытта жүргізіп келе жатқанын күннен-күнге дәлелдей түсетін факторлар жетерлік. Біле білсеңіз, бүгінде сол әлемдік деңгейдегі сарапшыларымыз біздің қоғамдық келісіміміз бен ұлтаралық татулық жайындағы саясатымызға қызыға әрі қызғана қарауда.
Жоғарыда еліміздің әрбір азаматы бірлікті нығайту үшін қызмет етуі керек дедік. Осы мақсатта өңіріміздегі әрбір аудан, қалаларда облыстық Ассамблея жанынанда өзбек, славян, түрік, күрді, иран, қырғыз, тәжік, шешен-ингуш, татар-башқұрт, ұйғыр, грек этномәдени бірлестіктер құрылғанын айта кетейік. Сонымен қатар, қоғамдық келісім кеңестері, аналар кеңестері, медиация кеңесі, медиация кабинеттері де ел арасындағы татулық пен келісімді дәріптеуге атсалысуда. Соның ішінде біз Сайрам ауданында ұлтаралық татулықты нығайту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды таразылап өтпекпіз.
Қоғамдық келісім — бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін мекеме
Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Сайрам аудандық филиалы жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат аясында межелі міндеттерді жоспарлы әрі жүйелі түрде жүргізеді. Атап айтар болсақ, жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, этносаралық ахуалға тұрақты мониторинг жасайды, этностар жинақы шоғырланған жерлердің өзекті мәселелерін саралайды, проблемаларын анықтайды және олардың шешу жолдарын қарастырады. Аудан аумағында орын алған проблемалық мәселелерді, этносаралық шиеленісті, кемсіту және қақығыс фактілерін, этносаралық саладағы тоқсандық өзгерістер динамикасы талдайды. Этносаралық салада орын алып жатқан мәселелер бойынша тоқсан сайын зерделеу жұмыстары жүргізіліп, мониторинг жасайды. Мәселен, аудан аумағында 6 ай көлемінде этнос өкілдерінің қатысуымен өзінше билік ету -2, бұзақылық — 8, жол көлік оқиғасы-1, жалпы 11 оқиға орын алған.
Мұнымен қатар, шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарда этносаралық және әлеуметтік ахуалды бағалауға барынша көңіл бөледі. Сайрам ауданында этносаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша өңірлік жоспарлар уақытылы орындалуда деуге болады. Әлеуметтік желілерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, ресми аккаунттарды құру және дамыту, ресми аккаунттарда этносаралық қатынастар тақырыптарын насихаттау жұмыстары қолға алынған. Әлеуметтік желіде филиалдың ресми фейсбук парақшасы құрылған, сонда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізіліп отырады. Ақпараттық салаға мониторинг жасау, этносаралық қатынастар мәселелері бойынша деструкивті басылымдарды анықтау, олардың авторларымен түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру, құқық қорғау органдары тарапынан алдын алу шараларын қабылдауға да басымдық берілген.
Қазақстан Халқы Ассамблеясының Даму тұжырымдамасын іске асыру мақсатында тапсырмалар жоспарға енгізіліп, бүгінгі күні осы бағытта тиісті жұмыстарды атқарылуда. Аудан аумағындағы медиаторлармен және 42 елді мекенде ауыл округтеріндегі татулыққа жауапты қызметкерлермен жұмыс жүргізілуде. Қазақстан халқы Ассамблеясынан берілген тапсырмалар мен бекітілген жоспарға сәйкес жұмыстар жүзеге асырылып, облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-дегі тиісті бөлімге ақпарат жіберіліп отырады. Оның ішінде мемлекеттік тілді дамыту және қазақ тілін этносаралық қатынас тіліне айналдыру туралы, қайырымдылық, волонтерлік қызметті дамытуға көмектесу туралы, этномедиацияны дамытуға көмектесу туралы, ЭМБ аккредиттеу туралы, этнос жастарымен тәрбие жұмысы және «Жастар ассамблеясы» РҚБ жастар филиалдарын дамыту туралы деректер қамтылады.
Аналар кеңесі – тәрбиенің бастауы
Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі – Ассамблеяның заңды құрылымдарының бірі. Олар өз қызметін еліміздің үлкен қалаларынан бастап әрбір шағын елді мекенінде жүзеге асырады. Олардың құрылуына түрткі болған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Сәл кейінге шегініс жасайық. Нұрсұлтан Әбішұлы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту ісіне халықтың барлық топтарының қатысуын күшейту міндетін қойды. Облыс, республикалық маңызы бар қалалар әкімдеріне жыл соңына дейін барлық өңірлерде Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқорлығымен Қоғамдық келісім кеңестерін құру туралы тапсырма берілді. Сол уақыттарда елімізде Қоғамдық келісім кеңестерімен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан Аналар кеңестері құрыла бастады.
Аналар кеңесінің құрамына көп балалы аналар, патронат аналар, мемлекеттік құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері, психологиялық-медициналық мекемелер, дағдарыс орталықтарының мамандары, этномәдени бірлестіктердің, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның өкілдері, әйелдердің қоғамдық ұйымдарының белсенділері, медиаторлар, жастар мүше бола алады. Бүгінде Аналар кеңестері ұлттық құндылықтарымыз, салт-дәстүрлеріміз жайлы өскелең ұрпаққа мағлұмат беріп қана қоймайды. Жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру жұмыстарымен де айналысады. Елдің бірлігі мен тұрақтылығын сақтауға атсалысу да кеңестің бірден-бір міндеті.
Өңірімізде Аналар кеңесіне мүше болғысы келетіндердің қатары жылдан-жылға артып келеді. Жалпы мемлекетімізде де аталмыш кеңестің құрамында ұрпақ тәрбиесімен және ел бірлігімен айналысуға белсенділік танытқандар көбейе түсуде. Статистикалық деректерге жүгінсек, олардың қатарында бүгінде 11 мыңнан астам адам бар.
Аналар кеңесі әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелерін шешуге, ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді жаңғыртуға атсалысады. Әр түрлі іс-шараларды ұйымдастыру арқылы берекелі, тірлігі мықты әрі тату отбасыларды көпке насихаттауға басымдық береді.
Айталық, Сайрам ауданындағы Аналар кеңесі әлеуметтік мекемелермен, оқу орындарымен, балалар мекемелерімен, бастамашыл орталықтармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Аналар кеңесі қайырымдылық шараларын жиі өткізеді. Ерлі-зайыптылардың ажырасуының алдын алуға, отбасылық құндылықтарды сақтауға арналған жиындарды да ұйымдастырады. Мәселен, ауданда «Отан – отбасынан басталады» және «Отбасы – мемлекеттің тірегі» атты тақырыпта семинар өтті. Қыздар мен аналардың арасында психолог, гинекологтармен бірге сұхбаттар ұйымдастырылды. «Қыз бала – қоғамның көркі» атты іс-шараларды аудандағы ауыл округтері мен елді мекендерде тұрақты түрде өткізіп келеді. Сосын жақында «Тойларымыз туралы ойларымыз» атты тақырыпта қонақ күту, сыйластықты арттыруда жасалынатын салт-дәстүрлерімізді кеңінен түсіндіруге арналған аудандық семинар-кеңес өткізілді. Е.Сарманов атындағы гуманитарлық агроэкономикалық колледжінің мәжіліс залында Сайрам ауданы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің 2023 жылғы бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес, «Қыздарға өнегелі тәрбие беру жолдары» тақырыбында кездесу өтті.
Медацияның да ел бірлігін сақтауға қосар үлесі орасан зор
Бұрынғы билер сотын қазір медиация атқарады. Сондықтан оның да ел арасындағы татулықты, бірлікті сақтауға қосар үлесі орасан зор. Кезінде қазақ қоғамындағы даулы мәселелерді, екі ауыз сөзбен шешкен аузы дуалы билердің болғаны бізге тарихтан мәлім. Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі болып табылады. Дала билігінің дара тұлғалары – Төле, Қазыбек, Әйтеке билер бастаған дана билердің ел арасындағы кез келген жанжалды бітімгершілікпен шешіп, халқымыздың бірлігін, ауызбіршілігін, ынтымағын сақтауға бар ақыл-ойы мен күш-жігерін жұмсаған.
Еліміз егемендік алғаннан кейінгі кезеңде, өзінің құқықтық саясатының басты бағыты ретінде адам мен азаматтың құқықтары, бостандықтары мен мүдделерінің қорғалуына негізделген мемлекет құруды таңдаған болатын. Осы мақсатта «Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңдегі құқықтық саясатының Концепциясы» бекітіліп, онда сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз ету, сотқа қатысушы тараптардың өз құқықтарын барынша толық жүзеге асыруына жағдай жасау, тұлғаның бұзылған құқықтары мен бостандықтарын, қоғам және мемлекет мүдделерінің уақтылы қорғалып, қалпына келтірілуіне қол жеткізу шаралары көзделген. Концепцияда тараптардың арасындағы жеке құқықтық дауларды шешуде сот ісін жүргізу және соттан тыс тәртіпте дауды бітімгершілікпен шешудің әр түрлі баламалы жолдары мен әдістерін, оның ішінде медиация, делдалдықты қолдану айтылған.
Бүгінде Сайрам ауданында медиация қызметін дамыту жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Солардың бірі ретінде Республика көлемінде аталып өткен «Медиация апталығы» аясында аудандық ардагерлер үйінің жанынан кәсіби медиатор Әтіргүл Бурибекованың ықпалымен «Татуластыру орталығы» ашылғанын кеңірек атап өтейік. Салтанатты шараға аудандық ардагерлер үйінің төрағасы І.Айтжан, аудан прокурорының орынбасары Е.Тұрсынбаев, «АМАНАТ» партиясы аудандық филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы Б.Биназаров және Түркістан облыстық медиация орталығының заңгер медиаторлары Ә.Темірбаева, Қ.Әбдікаримов, Г.Кенжебаева, Е.Әлжанов және сот саласының қызметкерлері қатысып, орталықтың жұмысына сәттілік тілеп, құттықтау сөз сөйледі. Жиында сөз алған медиатор Әтіргүл Бурибекова: «Медиация саласы-ынтамақтастықтың менталитетін қалыптастыру құралы. 2011 жылы елімізде «Медиация туралы» заң қабылданып, сотқа дейінгі дауларды реттеу мүмкіндігі туды. Медиация — еліміздегі татулық пен бірлікті сақтауға, халықтар арасындағы достық, туыстық қарым-қатынасты, нығайта түсуде маңызды рөл атқарады. Ел болған соң қылмыстық істер, әкімшілік, азаматтық істер болатыны даусыз. Міне, осындай дау-жанжалдарды сотқа жеткізбей шешу, сот, прокуратура органдары жұмысының жеңілдеуіне сеп болу — біздің міндетіміз»,- дей келе алдағы уақытта бұл салада аянбай тер төгіп, халыққа адал қызмет ететінін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев этномедиация оқу орталығын құру керек екенін айтқан болатын. «Онда тұрақты оқу курстарын ұйымдастырып, аудандық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігі даярлықтан өтуге тиіс» деді Президент. Мұның барлығы қоғамның барлық саласы батыл өзгерістер жолына түскенін көрсетеді. Соның ішінде маңызы зор медиация саласы да дамуда. Президент айтқандай, әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін әділ әрі дамыған мемлекет боламыз!