Гүлнәз қоқыс өндейтін кәсіпорын ашуды мақсат етуде
Кентау қаласының тұрғыны Гүлнәз Жайықбаева тұрмыстық қатты заттарды қабылдап, сұрыптап, арнайы зауытқа өткізіп табыс тауып отыр. Әзірге ол қалдықтарды шикізат күйінде өндейтін орындарға өткізуде. Болашақта оларды өзі өндер, тұрмысқа қажетті заттарды шығаруды мақсат етіп отыр.
Жалпы кейіпкеріміздің мұндай кәсіп бастауына мемлекеттен бөлген грант негіз болыпты. Алғашқы кезде ол тек баклашка қабылдайтын болса, қазір макалатура, бөтелке, қағаз қораптар мен пакеттерді де ала бастады. «Көшеде шашылып жатқан баклашкаларды көріп, кәсіп ашу бірден ойыма келді» деген кейіпкеріміз осылайша өзінің сүйікті қаласының тазалығын сақтап, экологиясына да өз үлесін қосуда.
— Қала тұрғындары қазір бізге тұрмыстық қалдықтарды жинап, әкеп өткізуде, — дейді Гүлнәз. Гүлнәздің жұмыс орнында тау болып үйілген қалдықтар зауыттарға шикізат күйінде өткізілуде. Қайтарымсыз грантқа сатып алынған апараттың көмегімен тұрмыстық қалдықтарды нығыздап, дайындайды.
Айта кетейік, өңіріміздегі қыз-келіншектер тек отбасының ұйытқысы ғана болып қоймай, қоғамның барлық саласында жемісті еңбек етіп келеді. Әсіресе, кәсіпкерлік, бизнес саласындағы ханымдардың үлесі жыл санап артуда. Түркістан облысында әйелдер қауымы барлық салада белсенділік танытуда. Облыс көлемінде шамамен 213 мыңнан астам кәсіпкер бар. Оның 68 мыңы – қыз-келіншектер. Яғни шағын және орта кәсіпкерліктің 31%-ында іскер ханымдар басшылық жасап жатыр.