Ер азаматтың тірлігін атқарып келеді

Әдетте «сегіз қырлы, бір сырлы» деген теңеуді біздер көбіне ер азаматтарға қарата айтып жатамыз. Ат құлағында ойнап, музыкалық аспаптың неше түрін меңгерген, шешіліп сөйлесе шешендігі бар, көсіліп сөйлесе көсемдігі бар,  ағаштан түйін түйіп, темірді тезге салған, бір сөзбен қайырғанда қолынан келмейтіні жоқ азаматтарды бесаспап маман, сан қырлы азамат дейміз ғой. Дәл осы теңеуді Шардара ауданының бір шалғайындағы Егізқұм ауылында ғұмыр кешетін Ақілгек Мұсаеваға қарап айтсақ та әбден жарасады. Ең біріншіден, Алқа әпкеміз (Ақілгекті жұртшылық осылай атап кеткен) өнерпаз жан. Өлең-жыр десе суырылып шығатын Алқа әпке бүгінде өңірдегі әжелер ансамбілінің құрамында өнер көрсетеді. Сонымен қатар, ауылдық Аналар кеңесіне басшылық жасайды. Екіншіден, заман көшіне ілесе білген кәсіпкер деп айтсақ жаңылыспаймыз. 2006 жылдан бастап «Ақілгек» шаруа қожалығын құрып, халықтың аузын аққа жарытып отыр. Шаруа қожалықтағы 20 бас түйеден қымыран, шұбат дайындап, 6 адамды жұмыспен қамтып келеді.

–Қаладан ауылға қоныс аударып келгендегі мақсатым да – кең далада мал асырап, олардың өнімін кәдеге жарату еді. Отбасымызбен ойласа келе түйе шаруашылығын дамытуға бел будық. Түркіменстанда туып-өскен біздер үшін Ойсылқара тұқымын  күтіп-баптау таңсық емес. Атакәсіпке бет бұра отырып, тұрғындарды сапалы ағарғанмен қамтамасыз етуге көштік. Өнімдерімізді «Бекет» шаруашылығымен келісім-шартқа отырып, нарыққа шығарып жатырмыз. Әзірге біз өндірген ағарғанға тұтынушылар тарапынан шағым жоқ, — дейді Ақілгек Құрбанқызы.

Әрине, өнім сапалы болса оған қандай сын айтылсын. Алқа әпкеміздің ағарғаны қазіргі күні кең сұранысқа ие болып кетті. Оның бір жарқын дәлелі – Шымкент қаласындағы әйгілі «Мұзтау» дәмханасының өзі «Ақілгек» шаруа қожалығының қымыран-шұбатын аттай қалап алып отырғаны кезінде басылым беттерінде жарық көрді.

Алқа әпкеміздің тағы бір қыры – қолы ісмер жан. Ол кісінің өз қолымен дайындаған заманауи үлгідегі көрпе-жастығы, жамылғыштары шынымен назар аударып-ақ қарайтын бұйымдар. Әдемі өрнектермен зерленіп тігілген көрпелер үлкен сауда орталықтарындағы қымбат бағалы тааурлардан бір де кем емес.

–Біздер әлі күнге қолдағы бардың қадіріне жете алмай келеміз. Мәселен, ауылда қойдың жүні, түйенің жүні болсын өткізетін жер болмағасын әр үйде бекерге үйіліп жататыны жасырын емес. Дамыған елдер тек осы төрт түліктің жүнінен-ақ талай дүниені дайындап, әлемдік нарыққа шығарып жатқан жоқ па. Мен дайын шикізатты қалай кәдеге жаратуға болады деп көп ойланып, сол бастаманы өзім бастап көрейін деп шештім. Мынау көрпелерді қожалығымдағы түйелердің жүнінен өзім тігіп, дайындадым. Содан  Алматы, Шымкент қалаларына апарып, кәсіпкерлерге көрсеттім. «Осындай да осындай, ауылда түйе мен қой жүні керексіз болып жатыр. Оларды осылай заманауи үлгіде көрпе-төсек етіп шығарып, неге халыққа ұсынбасқа?» дедім.  Қазірге ұсыныс түсіп жатқан жоқ, бірақ болашақта түйе жүнінен жасалған көрпе-жамылғыларға сұраныс боларына сенімім кәміл, — дейді қожалық төрайымы.

Түркіменстанда туылғанымен балалық шағы Шардара қаласында өткен Ақілгек Мұсаева 1977 жылы аудан орталығындағы М.Горький атындағы орта мектепті тәмамдайды. Мектептен соң №110 кәсіптік-техникалық училищеге (қазіргі таңда №16 колледж) оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтайды. Дипломды маман болған соң осы оқу орнында еңбек жолып басталып, ары қарай жалғасып кете барды. Жастайынан алғыр болып өскен Алқа әпкеміз кез келген жұмысты шырқ үйіріп әкете білетін іскерлігімен танылды. «Аманат» партиясының белсенді мүшесі ретінде ауданның қоғамдық-саяси жұмыстарының бел ортасынан табылып келеді. Осындай тынымсыз еңбектің нәтижесінде облыс әкімінің «Құрмет» грамотасымен,  бірнеше мәрте аудан әкімінің  «Алғыс хаттарымен» марапатталды.

Алқа әпкеміздің отбасы бүгінгі нарық заманында қол қусырып қарап отырған жанның жолда қалатынын жақсы біледі. Сондықтан да жұмыла қимылдап, өздері құрған шаруашылық жұмысының алға жылжуы үшін жанкештілікпен тірлік жасап келеді. Ал, қимылдаған жанның қыр асатыны әлімсақтан белгілі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *