Ерекше балаларға психологиялық дамыту тренингін өтті
Ордабасы аудандық ішкі саясат бөлімінің Жастар ресурстық орталығы және Түркістан облысының білім басқармасы Ордабасы ауданының психологиялық педагогикалық түзету кабинеті КММ-нің ұйымдастыруымен білім алуда ерекше қажеттілігі бар жасөспірімдермен психологиялық дамыту тренингі өткізілді. Тренинг мақсаты — жағымсыз көңіл күйден арылу, күш қуат жинау, өзін — өзі тану, өзін еркін сезінуге көмектесу.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында 11 мыңға жуық мүгедек бала бар екенін, оның 30 пайызы жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан ерекше балалар екенін, олардың білікті оңалту қызметіне зәру екенін ескерсек, мұндай психологиялық дамытуға арналған тренингтердің берері мол екенін түсінесіз.
Қазіргі таңда өңірімізде психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы бой көтеруде. Солардың бірі ретінде Ораңғай ауылында салынып жатқан екі бірдей оңалту орталығын айтуға болады. Мәселен, Ораңғай ауылындағы 200 орынды оңалту орталығының құрылысы 2021 жылдың қыркүйек айында басталған. «Шымкент Құрылыс» ЖШС жұмыстарды бекітілген кестеден кешіктіруде. Құрылысқа республикалық және облыстық бюджеттен қаржы қаралған. Қазіргі таңда ішкі әрлеу жұмыстары мен құрал-жабдықтарды жеткізу және орнату жұмыстары жүргізілуде. Нысанның сыртқы алаңының абаттандырылуы 98%-ға аяқталған. Бүгінде құрамында басқарма өкілдері, облыстық мәслихат депутаты және қоғамдық ұйымдардың өкілдері бар жұмыс тобы нысанды қабылдау жұмыстарын жүргізуде. Орталық қазан айынан бастап толық іске қосылып, мұқтаж азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді бастайды деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, қазір Ораңғай ауылындағы 50 орынды психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы ғимаратының құрылысы жоспарға сай жүргізілуде. «KAZ Intel Group» ЖШС-і өткен жылдың шілде айында құрылыс жұмыстарын бастаған. Нысанды жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға тапсыру көзделіп отыр.