1,7 млн оқушы тегін тамақтанумен қамтылады
Жақында Үкімет отырысында ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2024-2025 оқу жылына дайындық барысы туралы баяндады. Жаңа оқу жылында барлығы 7,9 мың білім беру ұйымында 3,9 млн оқушы үшін сабақ басталады, оның ішінде 360 мың бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды.
Бүгінгі таңда мектептердің 90 пайызы оқулықпен қамтылды. Сондай-ақ, әлеуметтік осал санаттағы оқушыларды қолдау шаралары да жалғасуда. Балаларды оқу құралдарымен және қажетті тауарлармен қамтамасыз ету мақсатында Жалпыға бірдей білім беру қоры аясында 22,6 млрд теңге қаражат бөлінді. Ол 510 мың баланы мектепке дайындықпен қамтуға жұмсалады. Сонымен қатар, 1 қыркүйектен бастап 1,7 млн қазақстандық оқушы мектептерде тегін тамақтанумен қамтылады. Олардың қатарында 1-4 сынып оқушылары және әлеуметтік осал топ санатындағы отбасы балалары бар.
Айта кетейік, Түркістан облысында халықтың 38 пайызын балалар мен кәмелетке толмаған жасөспірімдер құрайды. Өңірде жалпы 1052 мектепте 520 мың оқушы білім алады. 5 үш ауысымды және 4 апатты мектеп бар. «Жаңа білім ошақтары құрылысы үш ауысымды және апатты мектеп мәселесін толық шешеді» дейді сала мамандары. Былтыр өңірде 20 мектеп пайдалануға берілді. Бюджет есебінен үш жылда 100-ге жуық мектеп салу жоспарланған. Биыл облыста 43 білім ордасы салынып жатса, оның 29-ы – «Жайлы мектеп». Жалпы, 3 жылда 63 «Жайлы мектеп» салу көзделген.
Сонымен қатар, өңірде Президент тапсырмасымен «Қауіпсіз мектеп» жобасы іске асты. 6 млрд. теңге бөлініп, білім ұялары қоршаулары реттеліп, күзет мәселесі шешілді. 200 мыңға жуық бастауыш сынып оқушысы ыстық тамақпен қамтылды. Өңірде 121 білім ұясы күрделі жөндеуді қажет етеді. Оның 22-сі күрделі жөндеуден өтсе, 63-і ағымдағы жөндеу арқылы реттелетін болды. «Жалпы, бір жылда 108 білім нысаны жөнделеді. Бұл – облыс тарихында болмаған жағдай. Осы мәселенің көбі салаға бөлінген қаржыны үнемдеу арқылы шешілуде» дейді сала мамандары.