Ана мен баланың амандығынан асқан бақыт жоқ
Ана үшін тоғыз ай, тоғыз күн күткен перзентін аман-есен дүниеге әкеліп, бауырына басып, құшырлана иіскеуден артық бақыт бар ма? Ал құрсаққа бала біткеннен жарық дүние есігін ашқанша ана мен баланың денсаулығына жанын салып алаңдайтын ақ халатты дәрігерлердің таудай еңбегін айтсаңшы. Медицина дамыған заманда дәрігерлер де заманауи жағдайға сақадай сай, әмбебап болуы шарт. Әйелдің босануы, денсаулығы ойламаған жерден күрт өзгеруі мүмкін ғой. Әлбетте, ана мен бала орталығына жүкті әйел түскенде дәрігерлер оның бұған дейінгі және қазіргі ахуалына қатысты деректерді қорытып, диагноз шығарады. Мұндайда дәрігерлер күттірместен операцияға қамданады. Осы сыналар сәтте олардың мамандығына деген адалдығын сезінсек, екіншіден, ана мен бала өміріне деген жауапкершілігін аңғарамыз. Осы орайда отыз жылға жуық адам жанының арашасы болып, қаншама ана мен сәбидің аман-есен өмірге келуіне ықпал етіп, әр отбасыға қуаныш-шаттық сыйлап жүрген жүрегі мейірімге толы №3 ОПО жоғары білікті дәрігері акушер-гинеколог Досжанова Роза Мұратқызымен әңгімелескен едік.
— Роза Мұратқызы, дәрігер болу оңай емес екенін білеміз. Бүгінде әйел босанғанда соңы қиындықтарға алып келсе, яғни ауыр аяқталған босануда міндетті түрде дәрігерді кінәлайды. Жүкті әйел мен дәрігер және оның туыстары арасында өзара түсіністікке қалай қол жеткізуге болады?
— Дұрыс айтасыз, акушер-гинекологтердің әр күні күрделі. Тәулік бойы кезекшілік етеді. Кезекшілікті екінші дәрігерге өткізген күннің өзінде үйге жетер-жетпестен пациенттердің ахуалына алаңдап, телефонға елеңдеумен болады. Байқасаңыздар, жүкті әйел аман-есен босанса — қалыпты жағдай, ал егер бетін аулақ дейік, соңы өкінішті жағдайға алып келсе дәрігерді кінәлап, соңына май шам алып түсетіндер жетерлік. Жалпы айта кетейін, әйел босанар алдында міндетті түрде кемі 3 дәрігерден тұратын консилиум құрылады. Мұны жалғыз бір дәрігер шешпейді! Әйелдің жағдайы ауырлау болса, мысалы, жатырдың жиырылу қабілетінің төмендеуі, жатыр қуысында бала жолдасының бөліктерінің іркіліп қалуы, қан ұюының бұзылуы, ірі салмақты нәресте т.б. көптеген факторларда операция жасалу керек пе, сонымен қатар жатыр органын алып тастау жағдайлары, оны қалдырсақ ертең әйелге оның қандай қаупі бар деген қатерлерді ескеріп, жан-жақты талқылап, ойласамыз. Содан кейн барып нақты шешім қабылдаймыз. Әйелдің жатыр органын алу моральдық-психикалық тұрғыдан дәрігерге де оңай соқпайды.
— Көпшіліктің көңілінен шығу оңай емес… Арты дау-дамайға ұласатын жағдайлар дәрігердің қаншама жүйкесін тоздырып, денсаулығына да кері әсер ететіні өкінішті. Әйел денсаулығын бақылауда ұстау үшін тексерістің қандай түрлерінен өту қажет?
— Әйел тұрмыс құрып, бала көтергеннен кейін міндетті түрде аймақтық дәрігерге есепке тұруы тиіс. Онда қыз кезінде қандай аурулармен ауырғаны, созылмалы аурулардың, анемия, бүйрек ауруларының бар-жоқтығы анықталады. Мұнда жүктілік кезінде болатын асқынулардың, қауіп факторларының ерте диагностикасы және профилактика шаралары жүргізіледі. Сонымен қатар, балада туа пайда болатын ақаулардың болу қаупін біршама төмендететін дәрумен-минералды кешендер — жүктілікті жоспарлау және жүктілік кезінде қажет міндетті дәруменнің бірі — фолий қышқылы, йод, антиоксидантты препараттар ұсынылады. Сала мамандары гормондарға және басқа да анализдерге сынамалар тапсыру қажеттігін айтып, ары қарай маммолог, эндокринолог сынды мамандардың қабылдауына жолдама береді. Ультра-дыбыстық тексерулерден өткізіп, ана мен бала жағдайы тұрақты бақылауға алынады.
— Бүгінде гинеколог қабылдауына келген әйелдерден көп түсетін шағым қандай?
— Қазіргі таңда жастардың көпшілігін анемия, бүйрек аурулары, қан қысымының жоғарылығы немесе төмендігі, варикоз, миома, жатырдың, аналық бездердің патологиялық жағдайлары сынды аурулармен қатар, бедеулік мәселесі де алаңдатып отыр. Барлығын кейінге қалдырмай, уақытылы емдеген абзал. Себебі денсаулығы төмен анадан әлсіз балалардың туылатыны анық. Сондықтан ішке бала біткеннен кейін генетик мамандарға көрініп, іштегі баланың дамуына толықтай көз жеткізу керек. Бұл он екі мүшесі сау баланың дүниеге алып келуіне септігін тигізеді.
— Қазіргі таңда ең жасы үлкен босанушы әйелдер жасы нешеде? Бұл қауіпті ме?
— Қазір жасы үлкен босанушы әйелдердің жасы 44-46 жаста. Өткен жылы 49 жаста әйел босанды. Әрине, кеш жүктілік қазіргідей экологиялық жағдайда қауіпті екенін мойындауымыз керек. Кеш жүктілік сәбиде жүрек ақауы, Даун синдромы, қоянжырық немесе қасқыр ауыз, генетикалық, хромосомды аномалия, яғни дамымаған жүктілік сынды аурулардың пайда болуына алып келуі ықтимал. Ал мұны алғашқы 11-13 аптаға дейін УДЗ тексерісінде, екінші – биохимиялық скрининг, үшінші – хорионбиопсия, яғни хорион бүрлерінің кесінділерін алу, амниоцентез, яғни жатырда ұрықты қоршаған сұйықтықты алу арқылы айқындап, өкінішті жағдайдың алдын алу үшін жүктілікті тоқтатуға әбден болады. Кейде ақаудың пайда болуы генетикалық жүйенің токсикозға, психоәлеуметтік стресстерге, антибиотикалық терапияға, инфекциялық ауруларға байланысты болуы мүмкін. Жүктіліктің бірінші триместрінде ұрыққа теріс факторлардың әсері өте қауіпті деп саналады. Негізі аурудың басталуын қоздыратын гендік мутация – кеш босану себебінен екені дәлелденуде.
Бірақ ақау анықталды деп, бірден жүктілікті тоқтатып тастау керек дегеннен аулақпыз. Оның ішінде «курабельді аурулар» және «курабельді емес аурулар» болып бөлінетінін айта кетейік. Яғни, бұл дегеніміз босанғаннан кейін емдеуге келетін аурулар. Мұндай жағдайда ерекше бақылауға алып, аман-есен босанып алу жолдарын қарастырамыз.
— Перинаталды орталыққа тәжірибе алмасуға еліміздің өзге қалаларынан келетін білікті дәрігерлер жайлы айтып өтсеңіз.
— Әлбетте, Денсаулық сақтау министрлігінің ұйымдастыруымен Қазақстандағы ең ірі ғылыми мекемелердің бірі Алматы қаласындағы Акушерлік, гинекологтар және перинатология ғылыми орталығынанан, Астана қаласындағы «Ана мен бала» орталығынан, сонымен бірге көшпелі оқу циклі бойынша жоғарғы санаттағы акушер-гинеколог дәрігерлер келіп семинар оқуларын өткізеді. Әр кездесуде акушерлік-гинекологиялық қызмет бойынша шешілуі қажет мәселелер мен міндеттер, атап айтқанда ана мен перинаталдық өлім және т.б. өзекті мәселелер қозғалады.
Сонымен қатар Отырар, Созақ аудандарының, Кентау қаласының гинеколог-дәрігерлері біздің перинаталды орталыққа келіп, операция жасаудың заманауи әдістерін, жаңа технологияларды қолдану тәсілдерін үйренуге келіп, тәжірибелерін арттырады.
— Гинекологияда дәрігерлердің біліктілігінен бөлек жаңа технологиялар, әдіс-тәсілдер мен заманауи құрал-жабдықтарды қолданатындарыңызды байқадық. Олардың түрлерін атап өтсеңіз.
— Біздегі заманауи әдістердің бірі – лапароскопиялық әдіспен жатыр миомасын, кистасын емдеу. Атап өтсек, миома лапароскопиясы, бұл жатырдың үстінен шрамды кетпестен түзілуді жоюға мүмкіндік береді. Миоманы лапароскопиялық алып тастау іш қуысының кішкентай инесі арқылы енгізілген арнайы құралдармен жүзеге асырылады. Құралдармен бірге бейнекамера қолданылады, бұл дәрігерге жатырдың құрылымын бейнелеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар гистероскопия — оперативті әдісі де миоманы, бедеулікті, жатырдың диагностикалық ісіктерінде патологиялық және жиі қан кетуде, кесарь тілігі операциясынан кейін жатыр қуысын қарау, емдеу және диагностикалау үшін қолданылуда.
Және КДБ – консультациялық-диагностикалық блок қызмет көрсетуде. Онда жоғары білікті 6 дәрігер, оның ішінде 2 УДЗ маманы жоғары тәуекел тобындағы, жоғары қауіпті әйелдерді қарайды, сонымен қатар онда ана мен баланың қан айналым бұзылысын бастапқы кезеңде анықтайды. Аталмыш білікті дәрігерлер жағдайы қауіпті әйелді қандай әдіспен емдеу қажет екенін, 3-ші деңгейлі ОПО-да қалдыра ма әлде Алматыға 4-ші деңгейлі перинаталды орталыққа жібере ме деген сияқты факторларды жіті зерттеп, тиісті шараларды жүргізеді.
Соңғы үлгідегі аталмыш әдістер бүгінде ашық хирургияның үздік баламасы болып саналуда. Ал блок қызметі медициналық қызметтің мінсіз заманауи көрінісі деп толық сеніммен айта аламыз.
— Әңгімеңізге рахмет!