Гүлсім әженің өнегесі көп

Жақында Сауран ауданында «Ақкимешек» әжелер алқасының кезекті  жиыны өтті. Кештің негізгі себепкері Сауран аудандық әжелер алқасының мүшесі, Бабайқорған ауыл округі Абай ауылының тұрғыны Шалбаева Гүлсім Ыстыбайқызы әжеміз болды. Оның ұл-қыздары табиғат аясында ақдастархан жайып, келген қонақтарға құрмет көрсетті.

Кешке аудандық «Ақкимешек» әжелер алқасының төрайымы Балымхан Байтенова әжеміз бастаған бір топ әжелер келіп, Гүлсім әжеміз жайлы өздерінің лебіздерін білдірді. Гүлсім әжемізге Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің маманы Марат Калекеев аудан әкімі М. Таңатаровтың алғыс хатын табыстаса, аудандық Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақай Тілес аудандық маслихат депутатының төрағасы С. Байысбаевтың алғыс хатын табыстады.

Жергілікті Бабайқорған ауыл округінің әкімі Жасұлан Есіркепұлы Мыңтаев алғыс хатымен бірге сыйлығын табыс етті.  Бабайқорған ауыл округі әжелерінің төрайымы Жаудир Курбанходжаева әжеміз бастаған әжелер келін, немерелерімен бірге өздерінің дайындап барған салт-дәстүрден көріністерін көрсетіп, балаларға базарлық ретінде қуыршақтармен ертегі қойып берді.

Сондай ақ осы кештің жоғары деңгейде өтуіне Сауран аудандық мәдениет үйі өнерпаздары Сайлаухан Жоланов, Шерхан Алибеков, , Жансұлу Болысбаева, Умит Алмаханбетовалар атсалысып, өз өнерлерімен елдің ризашылығына бөленді. Осы кештің модераторы Сайлаухан Есболатұлы «Әже өнегесі ұрпаққа тағлым» атты дөңгелек үстелде Гүлсім әжеміздің өмір жолынан сыр сұхбат алып, Шерхан Шәкірұлы қазақтың қара домбырасымен жыр-термесін арнаса, әжелеріміз ақ жарма тілектерін айтып, ақсақалдар баталарын берісті.

Айта кетейік, былтыр облыстық ардагерлер кеңесі жанынан «Әжелер алқасының» шаңырақ көтеріп, өз алдына отау тіккеніне 10 жыл болды. Аталған алқа 2013 жылы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұловтың бастамасымен ірге көтерген болатын. Содан бері әжелер алқасы жастар тәрбиесіне атсалысып, ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды жандандыруға, әжелерге деген құрметті орнықтыруға күш салып келеді. Бүгінде ел ішінде, әрбір отбасында әжелердің беделі, мәртебесі артты. Ақ жаулықты әжелеріміздің тек бір жанұяның ғана емес, әулеттің, ауыл-аймақтың сыйлы, қадірлі тұлғасы, аналардың анасы екеніне шүбә жоқ. Оның ішінде, әжелер алқасы – бүгінгі қоғамның баға жетпес байлығы, отбасылық тәрбиенің қайнар көзі.

Жалпы өңіріміздегі әжелер алқасы осы уақытқа дейін  200-ден астам іс-шара өткізіліп, оған 25 000-нан астам жас тартылды. «Аялы әже» номинациясы белгіленіп, жалпы 18 апа-әже марапатталды. Ел басына күн туған қиын кезең – пандемия кезінде қатерге бас тігіп, әжелеріміз мың-мыңдап бетперде тігіп таратты. Арыстағы жарылыс кезінде алғашқылардың қатарында азық-түлік пен киім-кешекке көмек қолын созды. Ал, Мақтаарал ауданындағы су тасқыны кезінде де алдыңғы шепте жүрген осы әжелер болды. Осындай атқарылған жұмыстар салт-дәстүріміздің қайта жаңғыруына, ұрпағымыздың патриоттық сезімін оятуға және өзге дінге бет бұра бастаған жастарымызға тосқауыл жасауға өз септігін тигізуде.

Аймағымыздың барлық аудан, қалаларында танымдық-тәрбиелік тақырыптарда іс-шаралар өткізілді. Айталық, «Анамнан қалған қолөнер», «Қыз көркі – мінезде», «Әже өсиеті – ұрпаққа үлгі, болашаққа бағдар» және т.б. тақырыптарда көптеген танымдық-тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылып, «Ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту арқылы жастарға тәрбие беру», «Әже – ұлт ұйытқысы», «Ұрпақ тәрбиесі – біздің болашағымыз» атты кітаптар мен буклеттер шығарылып таратылды.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *