«Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы басталды
Елімізде жыл сайын 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өтеді. Акция 15 жылдан бері жүргізіліп келеді. Ол жаңа оқу жылына дайындық кезінде аз қамтылған отбасылардың балаларына демеушілік көмек көрсетуге бағытталған. «Оған волонтерлар, кәсіпкерлер, меценаттар, үкіметтік емес ұйымдар және барлық жанашыр азаматтар қатыса алады» дейді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Айта кетейік, биыл Түркістан облысында «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылардан шыққан 60 693 балаға мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады. Өңірдегі экономикалық есептеулер нәтижесінде әр балаға 43 407 теңгеден үлестірілетін болды. Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтың мәлімдеуінше, аталған қолдау мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар және жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға, сонымен қатар білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен өзге де санаттарға жататын тәрбиеленушілерге беріледі. Сондықтан, жоғарыда аталған санаттарға жататын отбасылардың балаларына киім мен оқу-құралдарын алу үшін білім беру ұйымы басшысының атына баланың ата-анасы немесе заңды өкілі өтініш беруі тиіс. Кейін ата-ана не заңды өкіл білім беру ұйымына сатып алынған тауарлардың атауы көрсетілген шығындар туралы құжатты тапсыруы керек.