Алтын алқалы Салтанат ару

Елдегі демографиялық жағдайлар жылдар өткен сайын жақсарып келе жатқанын байқаймыз. Ол да болса халықтың, жалпы тұрғындардың әлеуметтік ахуалының аз да болса жақсарғанынан болса керек. Қайсыбір тоқыраулы жылдары «өзіміз аш-жалаңаш отырғанда қайдағы бала санын көбейтеміз?» деген алдыңнан көлденеңдеп шыға беретін жағдай біртіндеп келмеске кетіп барады. Сондықтан да халқымыздың санын арттыруға зор үлесін қосып жүрген алтын құрсақты аналарды насихаттауды үздіксіз жүргізіп отыру елдегі барша басылымдардың басты міндеті болмақ. Осыдан біршама уақыт бұрын алты ұл-қызды дүниеге әкелген шолаққорғандық алтын құрсақты ару ана Салтанат Хамитбекқызы туралы мақала жариялаған едік. Бұл жолы да біздің қалам алып, ардақты, көп балалы аналар туралы жазуымызға  себепкер, сол тағы бір Салтанат есімді раңаталық  ару ана себеп болып отыр. Алайда бұл Салтанат жеті ұл-қыздарды дүниеге әкелген екен.

Салтанат Сәбетбекқызы  1981 жылы Созақ ауданының Ф.Энгельс атындағы іргелі  сәбеттік шаруашылықты  ауылда дүниеге келген. Осы совхоздағы Ф.Энгельс  атындағы жалпы орта мектебін бітірген.

Салтанат болашақ жары Дархан Қаманұлымен  2001 жылы танысып, 2002 жылы отбасын құрады. Өмірге Аружан, Асылжан, Сағи, Мағжан, Нұржан, Жанайым, Нұрхан есімді ұлдар мен қыздар келіп, шаңырақтарын шаттыққа бөлейді.  Балаларының алды жоғары оқу орындарының студенттері, ал қалған төртеуі ауылдағы Бәтима Батырбекова атындағы жалпы орта мектебінде білім алуда. Барлығы шетінен оқу озаттары.

Бәрі де үлкен отбасы атанып, бір ғана қасиетті қара шаңырақтың астында тұрып жатыр. Жұбайы Дархан Жақсыбаев отбасының барлық жүгін көтеріп, тынбай, маңдай терімен, адал бейнетімен жүрген адал жан. Ол «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК қарасты «Оңтүстік-волковгеология» өндірісті мекемесінде вахталық жұмыс атқарады. Салтанат та жарына сүйеу болып істің бір шетінде қол көмегін беріп келеді.  Салтанат көп балалы отбасыдан шыққан қыз болғандықтан өз отбасының да көп балалы болғанын қалайды. Салтанат аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың бірнеше «Алғыс хаттарымен» марапаттап, ардақты аналармен бірге аудан басшысының қабылдауында болды. Өткен жылдары «Наурыз» мерекесі қарсаңында «Алтын алқа» алқасын тақты.

-Жаратқанға шүкір, бақыттымын! Енем өте жақсы адам. Алғаш келін болып түскеннен білгенін үйретіп, отбасының ұйытқысы болып отырған қадірлі кісі. Отбасымды шексіз сүйемін. Барша игі жақсылықтар мен қуаныштардың барлығы ауылдастарыма барынша адал қызмет етіп, жасы үлкендерден алған ақ алғыс пен батаның арқасы деп білемін. Балаларымызды жастайынан еңбекке баулыдық. Ертең өскенде қиналмасын деп ұлдарды да қора-қопсы, құрылыс, отын-су сияқты жұмыстарға әкесі ұдайы баулап жүреді. Өзім көп балалы отбасыдан шықтым. Әкем Советбек шаруашылықта механизатор болып өмірінің соңғы жылдарына дейін халыққа қалтқысыз еңбек етті. Анам Қалекеқызы Несібелді өмірге сегіз қыз, екі ұл әкелген батыр да ардақты ана,-дейді Салтанат ағынан жарылып.

Иә, келіні Салтанат айтпақшы енесі-Рымбаева Қуанышкүл апамыз осы жасына дейін еңбекпен шыңдалған адам. Өзі екінші топтағы мүгедек болса да қарап отырғанын көрмейсің. Қашан көрсең тынымсыз еңбектеніп бақшалықтың ішінде жүргені. Барлығы да сол немерелері үшін «балаларым әркімге жаутаңдамай бау-бақша ішінен қалағанын үзіп жесін»! деп қызанақ, қияр, қауын, дарбызға дейін өсіріп баптап отыр. Сол еңбектің арқасы болса керек апамыз әлі де ширақ. Қуанышкүл апамыз 1942 жылы 8 наурызда туылған екен. Анасы «соғыс ертерек бітіп, тезірек қуанышты күн болсын!» деп қызының есімін Қуанышкүл деп қойған екен. Қуанышкүл апа бүгінде қуанышты отбасының берекесі мен қуанышына айналған. Әрине, Салтанатта үй шаруасынан қолы қалт еткенде Қуанышкүл апаның жанынан табылып, екеулеп жүріпеңсеріп тастайды.

Сүйікті жар, аяулы ана, инабатты келін, адал дос бола білген Салтанат шынында ұл-қыздарымен, жарымен, жарасымды отбасымен бақытты болуға лайықты жан.

 

Мақсат Жеңісұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *