Ынтымағы жарасқан отбасы

Шардара ауданында пайым-парасатымен, өнегелі істерімен өзгеге үлгі болып отыратын отбасылар бар. Солардың бірі – Қыстау аға мен Жаңылай апайдың отбасы деп айтсақ жаңылыспаймыз, сірә. Сонау 1970 жылдардан бермен қарай табан аудармастан шағалалы өңірде қызмет атқарып, Шардара ауданының әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып келе жатқан Ілесовтер отбасын бұл төңіректе білмейтін жан жоқ. Партия саласында, одан беріде әкімдік жүйесінде қажырлы еңбек еткен, «Құрмет» орденінің иегері Қыстау Інәйұлын қалың жұртшылық білікті басшы ғана емес, шешендік өнердің шебері деп те таниды. Қыстау ағаның өмірлік жолдасы Жаңылай Зияшқызы бар саналы ғұмырын ағарту саласына арнап, мыңдаған шәкірттерді түлетіп ұшырды. Мектептің ғана емес, отбасының ынтымағы мен ауызбірлігін арттырып, отағасының беделін биіктетіп отыруды да өзінің басты міндеті санайтын Жаңылай апайдың өмірлік ұстанымы  жастарға өнеге. Өмірлік тәжірибесі мол, бүгінде ел ағасы жасқа абыроймен жетіп отырған Қыстау аға мен Жаңылай апайдың кейінгі буынға үйретері көп, айтар ақылы да мол. Нағыз зиялы жандар деп айтуға әбден лайық.

Отағасы Қыстау Ілесов 1949 жылы Мақтарал ауданында өмірге келді. Қыстау ағалар мекен еткен Жамантоғай ауылы қазіргі таңда Шардара су қоймасының астында қалды. Әкесі Інәй ақсақал Сырдың бойында мал шаруашылығымен айналысып, зейнет демалысына шыққанша ферма меңгерушісі болып қызмет атқарды. Жұбайы Ділдақыз апа 7 перзент өмірге әкелгенімен, солардың ішінде 5 ұл аман-есен өсіп жетілді.

Әулеттің  екінші ұлы Қыстау аға  1965-1969 жылдар аралығында Абай атындағы Қазақтың Мемлекеттік Педагогикалық институтында оқып, физика пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықты.Кейіннен Қазақтың Киров атындағы Мемлекеттік университетін Заң факультетін сырттай оқып бітірді.

Қасекеңнің алғашқы еңбек жолы 1969 жылы Қазақ ССР Оқу министрлігінің жолдамасымен Көкшетау облысы, Ленинград ауданына қарасты «Айсара» орта мектебінде физика-математика пәнінің мұғалімі болып басталды. Екі жыл арқа өңірінде жұмыс істеп, ұстаздық қызметте ысылып үлгерген жас маман 1971 жылы туған елге ат басын бұрады. Осы жылдың жаңа оқу жылында қаладағы «Шардара» орта мектебінде физика-математика пәнінің мұғалімі болып қызметке тұрады.

Мұғалімдік қызметті бір атқарғаннан кейін Қыстау Ілесовтің еңбек жолы партия саласында жалағсып кете барды. Атап айтар болсақ, Шардара аудандық Комсомол Комитетінің хатшысы, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі, аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Социалистік партиясы Шардара аудандық Комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды. Шардара ауданы әкімшілігі тіл басқармасының бастығы, аудан әкімі ұлт саясаты Комитетінің төрағасы, тіл бөлімінің меңгерушісі, аудан әкімі аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы, аудан әкімінің салауаттылық және ақпараттық бөлімінің меңгерушісі, халықты жұмыспен қамту бөлімінің меңгерушісі, аудан әкімі аппараты әкімшілік бөлімінің жетекшісі, аудан әкімі аппаратының бастығы, аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы қызметтерін абыроймен атқарып шықты. 2008 жылдан 2012 жылдың шілдесінен зейнеткерлікке шыққанға дейін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы қызметін атқарды.

Жұбайы Жаңылай Айдарова 1947 жылдың 22 қарашасында Ақтөбе облысы, Темір ауданы, «Кеңес Туы» ауылында дүниеге келді. Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық институтының физика факультетін бітіріп шыққан соң, 1969 жылы «Темір» орта мектебінде физика пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастады. 1971 жылы тұрмысқа шығуына байланысты Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданындағы «Шардара» орта мектебіне мұғалім болып жұмысқа орналасты. Сол жылдан зейнеткерлікке шыққан 2005-2006 оқу жылына дейін «Шардара» орта мектебінде қызмет істеді.1982-1983 оқу жылынан 2004-2005 оқу жылы аралығында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 2005 жылдың қараша айынан 2006 жылдың мамыр айына дейін мектепте әлеуметтік педагог қызметін атқарды. 2006-2008 оқу жылы аралығында Қазақ Халықаралық Гуманитарлық-техникалық университетінің Шардара аудандық филиалының меңгерушісі қызметін атқарды. 1982 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін қоғамдық негізде аудан әкімі жанындағы әйелдер ісі және демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі, аудандық ардагерлер Кеңесі жанындағы «Әжелер алқасы» төрайымының орынбасары, 2014 жылдан «Ақ әжелер» ансамблінің мүшесі, 2017-2018 оқу жылында аудандық білім бөлімі жанынан құрылған ата-аналар Кеңесінің төрайымы болып жұмыс істеп келеді.

«Бізді көпшілік мерейлі әулет, ынтымағы жарасқан отбасы деп біледі. Біздің әулет үшін бұл әрине үлкен мақтаныш. Үйде бала тәрбиесі басты назарымызда. Себебі, отбасы құндылықтары бала тәрбиесінен бастап ересек отбасы мүшелерінің қолдауы мен құрметіне дейінгі барлық дүниеден көрінеді.  Біз әрдайым балаларымызға отбасылық құндылықтарды, салт-дәстүрді бойына сіңіріп, тағылымды тәрбие беріп келдік. Әлі де үйде бұл тұрғыда жақсы әңгімелер айтылып тұрады. Немерелерімізге дейін ұйып тыңдайды. Отбасы құндылықтарының бірі – жанұядағы адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығы, махаббаты. Отбасының негізін, шындығында, махаббат сезімі құрайды. Бұл дегеніміз отбасы мүшелерінің бір-біріне көңіл бөлуі, қамқорлық жасауы, қолдау көрсетуі және отбасы мүшесін қандай кемшілігімен болса да қабылдай білу. Махаббат бар жерде өзара үйлесімділік, эмоционалды күшті байланыс, әрі бақытты отбасы болуға деген ұмтылыс болады. Отбасы бақытын мен жұбайым мен балаларымнан тапқан адаммын» — деді Жаңылай Айдарова.

Қыстау Ілесов пен Жаңылай Айдарова екеуі  2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 15 немере, 3 шөбере сүйіп отыр. Ұлдың үлкені Бақыт «Оңтүстік сушар» мекемесінде инженер механик болып еңбек етсе, үлкен келіндері Әзиза аудандық кіріс басқармасының бас мманы қызметінде. Қыздары Жанар мен күйеу балалары Талғат Алматы облысының Қаскелең ауданында ғұмыр кешеді. қазіргі таңда кәсіпкерлікпен шұғылданып отырған олардың ұл-қыздары жетіліп, немере сүйіпо тырған жайлары бар. Кенжелері Әли «Хамит» СТК-ның Шымкент қаласындағы өкілі боп қызмет атқарады. жұбайы Жұлдыз балабақшада әдіскер қызметінде. Қыстау аға мен Жаңылай апайдың Нұрай және Айсәуле есімді немерелері циркте ойнап, өнер көрсететінін де айтқымыз келеді. Ынтымағы жарасқан отбасының қысқаша тыныс-тіршілігі осындай.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *