Шығармашылықты серік еткен Роза Шығанақова
Роза Шығанақованы сонау «Өскен өңірге» қызметке қабылданған 1998 жылдан бері білемін. Өзін танымасам да Көксу ауылдық округіндегі Т.Айбергенов мектебінің хабар-ошарын газетке жариялап отыратын еді. Арасында өлеңдерін жариялайды, тәрбиелік мәні бар ой-толғамдарын қара сөзбен шығарып отырады. Сырттай әбден қанық болған шығармашыл ұстазбен кйіннен етене араласып кеттік. Әсіресе, балалардың жанына жақын дүниелерге қалам тербеп, солардың пайымдарына дөп келетін өлең жазып, ән де шығарып жүргеніне сүйсіндік.
–Ақындық қабілетіңізді байқап жүрміз. Ән шығаруды қашан бастадыңыз? – деп сұрадық бірде Роза апайдан.
– Бірде мектепте бір сынып сабағына қатыстым. Сонда Жадыра деген оқушы қыздың тамаша дауысына елең ете қалдым. Бірақ, ол кішкентай қызымыз «Отыздан асып барамын» деген әнді құйқылжытып тұр. Кейін сынып жетекшісіне жолығып: «Дауысы ғой керемет екен, бірақ оқушыға лайықты әнді неге таңдамаған?» дедім. «Өзі соны қалады, оның үстіне қазір оқушыларға лайықты әндер көп емес қой» деді. Жетекшінің айтып отырғаны рас. Балаларға арналған тұщымды әндер жоқ екен мені ойландырды. Сол кезде маған неге оқушыларға арналған ән жазбасқа деген ой келді. Үйге келсем балам Мойнақ деген күшігімен ойнап жүр екен. Сол кезде «Мойнақ» деген алғашқы жеңіл әнімді шығардым. Содан кейін ән шығаруға деген қызығушылым оянды, – дейді Роза Жыққымбайқызы.
Роза апайдың өзі Мақтаарал ауданында өмірге келгенімен, ата-бабалары батыс өңірін мекендеген. Нағашысы Әнсары деген кісі ауыл аралап ән айтып, серілік жасап жүретін, өз еліне танымал, көрші түрікмен елімен де араласатын беделді адам болған екен. Түрікмендердің малды барымталап айдап кететін жігіттері «Әнсарының ауылына тимейміз» деп айналып өтетін көрінеді. Анасы Нақтөренің ән айтатыны бар еді. Халық әндері «Бір бала», «Аққұмды» нәшіне келтіріп, тыңдарман жүрегіне орындайтын.
–Әншілік анам жағынан келсе, ауыз әдебиетіне, жыр жазуға жақын болғаным әжем Құнбөбектен дарыған болар. Ол кісі оқымаған болса да қазақтың жыр-дастандарын жатқа айтатын. Бір естігенін қағып алатын құймақұлақ болған ғой. Аңыз, ертегілерді шебер жеткізе білетін. Әжемнің кішкентайымнан әдебиетке құмарлығымды оятуда әсері көп болғаны анық. Шіркін, бұрынғы әжелер нағыз тәрбиенің көзі екен ғой! – дейді Роза Шығанақова.
Роза Жыққымбайцқызы 1952 жылы Мақтаарал ауданындағы «Победа» елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Жыққымбай Ұлы Отан соғысына қатысып келген соң Мақтаарал ауданындағы шаруашылықтарда еасепші болып еңбек етеді. Роза Жыққымбайқызы орта мектептен кейін Өзбекстанның Сырдария қаласындағы Ғ.Гулям атындағы педагогикалық институтына оқуға түседі. 1974 жылы осы оқу орнын орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шығады. Алғашқы еңбек жолы 1974 жылы Мақтаарал ауданындағы бұрынғы «Октябрьдің 30 жылдығы» мектебінде мұғалім болып басталып, Шардара ауданындағы «Октябрдің 50 жылдығы» кеңшарындағы мектепте жалғасты. 1978-1980 жылдары Өзбекстанның Мыршаөл ауданындағы «Абай» орта мектебінде мұғалім, 1980 жылдан зейнеткерлікке шыққанша қайтадан Шардарадағы «Октябрьдің 50 жылдығы», қазіргі Т.Айбергенов атындағы мектеп-гимназияда ұстаздық қызмет атқарды. Ұстаздық қызметке қоса мектептің кәсіподақ ұйымына жетекшілік жасады. Р.Шығанақова орыс тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқыту тәжірибелерін аудандық,облыстық семинарларда ашық сабақтар өткізе отырып, көппен бөлісіп отырды. Гуманитарлық пәндерді тереңдетіп оқыту ісі бойынша белсенді еңбек етіп, мектептің гимназия статусын иемденуіне өз үлесін қоса білді. Сонымен қатар шығармашылықпен айналысып, жазба ақындардың мүшәйрасында жүлдеге ілініп отырды. Жүректен шыққан өлең-жырлары «Ақ шағалар жырлар», «Шардара әуендері», «Қызыр қыдырған күн» жинақтарына енгізілді. Ағарту саласындағы қажырлы еңбегі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Алғыс хаттарымен», «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Роза Жыққымбайқызы ауылшаруашылығы саласында агроном болып еңбек еткен Шыныбай Қожамбетовпен шаңырақ көтеріп, өмірге 2 ұл, 2 қыз әкелді. Ұл-қыздарының барлығы да жоғары білім алып, әртүрлі салада еңбек етіп келеді. Олардан қазіргі таңда 14 немере, 5 шөбере сүйіп отыр.
–Жаңа айтқанымдай, өлеңге, поэзияға жақын болуым сөз зергері болған әжемнің тәрбиесінен болар. Кішкентай кезімнен орыс сыныбында оқысам да қазақ ақын-жазушыларының кітаптарын көп оқыдым. Өлеңдерді жақсы көріп жаттап жүрдім. Алғашқы өлеңімді 7-8 сыныптарда оқып жүргенімде жаздым. Ол кезде патриоттық сезімде жүретін кезіміз. Сезім мен ойда туындаған өлеңдерді қағазға түсіріп жүрдім. Бірде «Мектебім» деген үш шумақ өлеңімді ұстазыма көрсеттім. Ағайым маған көңіл бөліп, көмектесіп, өлең жазуды түсіндіріп жүрді. Бір топ өлеңімді сол кездегі мектеп директоры Шыныбаев көріп газетке беріп, жариялатты. Ол менің өлең жазуға деген құштарлығымды арттырды. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары елге, Отанға деген сүйіспеншілікпен жазған өлеңдерімді оқушыларыма тәрбие сағаттарында оқып беріп жүрдім. Бірақ, көп уақытымды өлеңге емес, оқушыларыма арнадым, – дейді біздің кейіпкеріміз.
2014 жылы Т. Айбергенов атындағы мектеп-гиманзиядан зейнет демалысына шықты. Бұл мектеп Роза Шығанақованың екінші үйіндей болып саналады. Осы білім ошағында қаншама жақсы жандармен бірге еңбек атқарды. Әбілев Әмзе, Әлімқұлов Хамза, Алтаев Кенжехан, Бөкеева Назгүл, Гурова Мария Даниловна, Донбаев Орынбай, Әметов Тыныс, Сманова Рая, Боровик Владимир мен Надежда Николаевна, Қуантаева Нышанкүл, Кесікбаева Айман, Сейітова Болсынай, АйдарбековТемірәлі сынды ұлағатты ұстаздар мен әріптестерінің орны Роза апай үшін ерекше. Олармен бірге шәкірт тәрбиелеп, мектептің абыройын көтеруге өзінің де үлесін қосты. Өз ісіне шынайы берілген, нағыз педагог атқа лайық осынау азаматтармен қызмет атқарған жылдар ұжымның ауызбіршілігі жарасқан алтын дәуір екен-ау. Білім мен тәрбие сапасы жоғары деңгейде болып, Т.Айбергенов мектебі аудандағы үштік орыннан түспей жүрген кездерді бүгінде сағынышпен еске алады.Алғаш гуманитарлық пәндерден тереңдету сабақтарын еңгізіп, мектептің гимназия статусын алуына үлесін қосқандардың бірі болғанына көкірегін мақтаныш сезімі де кернейді.
–Үйімізден бұрын жұмысымызды бірінші орынға қойып қызмет атқардық. 17 жыл мектептің кәсіподақ ұйымының төрайымы қызметін бірге алып жүрдім. Ауданның тыныс- тіршілігінен сырт қалмай, әркез түрлі мақалаларыммен де өз үнімді газет беттерінде шығарып тұрдым. Сонымен қатар, бір мезгіл мектептен тыс, өнерге жақын тілеулес жандармен араласқан да ғанибет екен. 2014 жылы аудандық мәдениет сарайында Құрбанбек Шәметов, Әбдіғаппар Айдаров, Нұрғали Ыбырайым, Ажар Сламова сынды ауданымызға танымал ақындармен бірге мәдениет сарайының өнерпаздары қатысқан шығармашылық кешім болды. Олардың шығармашылығыма берген бағасы менің өзімді ақын екенмін деп сезінуіме қанат байлап, жігерлендірді десем болады. Соңғы екі-үш жылдан бері жазушылықпен, сазгерлік, ақындықпен айналысатын бір бірлестікке мүше болып кірдім. Бұл жерде Қазақстанның түрлі облыстарының және шетелдердің ақындарының өнердегі шығармалары ортаға салынып, талқыланып тұрады. Белгілі ақын, сазгер Әлібек Тойлыбаев менің «Аңсарым», «Құрбыларыма», «Билейік вальс» атты өлеңдеріме музыка жазды. Кітаптары жарық көрген алматылық көрнекті ақын, жазушы Мақсұтхан Дәлейұлының «Жайық қызына», «Каспий», «Абай елі», «Асылдарды еске алу», «Қазақтың Қайраты» атты өлеңдеріне ән жаздым. Белгілі ақын Болат Құрманғажыұлының «Тағат қылып тұрмын ба?», атыраулық ақын Сағынғали Нұрышевтің «Ғашығыма», «Астана аруы» атты өлеңдеріне, СалтанатТемірханованың «Балаларым» атты өлеңіне ән жазып, аранжировка жасаттым. Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орай өткізілген байқауда «Мағжан рухына» әнім үшін І дәрежелі Дипломмен марапатталдым. Бұлардан бөлек ауылдық әжелер ұйымының төрайымымын. Аудандық «Әжелер алқасының» мүшесімін. Осындай қым-қуыт тірліктермен айналысып, шығармашылығымды да, өзімді де шыңдап келемін. Зейнетке шықтым екен деп, от басы, ошақ қасында отырсаң отыра бересің, – дейді ширақ қалпын жоғалтпаған Роза Жыққымбайқызы.
Қазыналы қариялық жасқа абыроймен жетіп, көптің құрметіне бөленіп жүрген Роза апамыздың деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.