Мемлекеттік бағдарламалар ауыл тұрғындарының өміріне оң өзгерістер алып келуде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды дамыту және агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру бойынша нақты мақсаттар мен міндеттер қойылған. Бұл тапсырмалардың орындалуы, әсіресе ауылдық жерлерде, қоғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды шараларды талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда Кентау қаласында жүзеге асырылып жатқан бірқатар мемлекеттік жобалар мен бағдарламалар маңызды рөл атқаруда. Орайы келгенде мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларға кеңірек тоқтала кетсек.
Айталық, «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы ауылдық аймақтарды дамытуға бағытталған маңызы зор үлкен жоба болып табылады. Бұл жобаның аясында Кентау қаласында 2024 жылы ауылдық жерлерде үлкен өзгерістер жүзеге асырылды. Мәселен, үш елді мекенде жалпы құны 477 млн. теңгені құрайтын 6 жоба іске асырылды. Соның нәтижесінде Кентау қаласының үш ауылында 22 көше (16,8 шақырым) орташа жөндеуден өтті.
Жалпы өңірде әрбір ауылдың ерекшеліктеріне сәйкес жобалар бөлініп, олардың аясында жол жөндеу жұмыстарымен қатар, инфрақұрылымдық өзгерістер де жүзеге асырылды. Мәселен, Қарнақ ауылында ұзындығы 9,3 шақырымды құрайтын 10 көше жөнделіп, оның жалпы құны 224,5 млн. теңгені құрады.
Байылдыр ауылында ұзындығы 3,1 шақырымды құрайтын 8 көше жөнделіп, оған 29,7 млн. теңге қарастырылды. Құсшы ата ауылында ұзындығы 4,5 шақырымды құрайтын 4 көше жөнделіп, оған 115,8 млн. теңге бөлінді.
Сонымен қатар, Қарнақ ауылында мәдениет үйінің құрылысы бастау алып, оған 107 млн. теңге бөлінді. Бұл жоба жалпы құны — 1,2 млрд. теңге. Құрылыс жұмыстары биыл жалғасын тауып, келер жылы аяқталатын болады. Мұндай шаралардың барлығы ауыл тұрғындарының мәдени және әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталып отыр.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында былтыр Кентау қаласында 25 млн. теңге көлемінде қайтарым қаражат есебінен 4 жоба қаржыландырылды. Бұл бағдарлама ауылдардағы кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға арналған. 2025 жылы бағдарламаны одан әрі дамыту мақсатында 477 млн. теңгеге 97 жобаны қаржыландыру жоспарлануда. Мұндай қолдаулар ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жұмыс орындарын ашуға және кәсіпкерлік саласының дамуына мүмкіндік береді.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында Кентау қаласында 2024 жылы 2 маманға 700 мың теңге көлемінде бірреттік көтерме жәрдемақы берілді. Жас мамандарды ауылдарға тарту және олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бағдарлама бойынша биыл 4 маманға 1,5 млн. теңгеге дейін көтерме жәрдемақы беріліп, 2 маманға тұрғын үй сатып алуға 15,7 млн. теңгеге бюджеттік несие беру жоспарлануда. Яғни, аталмыш бағдарлама ауылдық жерлердегі жас мамандарға тұрақты жұмыс орындарын ұсынумен қатар, олардың тұрғын үй мәселелерін шешуге де мүмкіндік береді.
Қалада іске асырылып жатқан мемлекеттік жобалар мен бағдарламалар экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан айтарлықтай маңызды. Жол жөндеу, тұрғын үй құрылысы, мәдениет нысандары мен кәсіпкерлік бастамаларды қолдау арқылы ауылдық жерлердің инфрақұрылымы мен әл-ауқаты артып келеді. Мұның өзі мемлекет тарапынан қолға алынған бастамалар халқымыздың өмір сүру сапасын арттыруға, олардың тұрмысын жақсартуға бағытталған ауқымды шаралар екенін аңғарта түседі. Алдағы уақытта да бұл бағдарламалар ауыл тұрғындарының өміріне оң өзгерістер алып келетін болады.