“Болашақ” лагерінде балалар өз қолымен жасаған еңбектерін кәдеге жаратады
Түркістан қаласындағы №1 Оқушылар үйіне қарасты жазғы сауықтыру лагерінде 314 бала демалуда. Қазір демалыстың екінші ауысымы бастау алып, аяқталуына жақын қалды. Демалушылар күніне 5 мезгіл, құрамында дәруменге бай, диеталық тағамдармен тамақтандырылады.
Жазғы маусымның 7 ауысымында 2198 баланы демалыспен қамту жоспарлануда. Олардың жас ерекшеліктеріне қарай, 7-ден 14 жасқа дейін қабылданады. Әр ауысымның ұзақтығы — 10 күн. Жазғы сауықтыру орнына бюджет есебінен аз қамтылған отбасылар, мектепішілік есепке тіркелген балалар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған және патронат балалар, мектеп-интернатында оқитындар қамтылса, ақылы негізде де балалар тыныға алады.
Лагерьде жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында танымдық әрекеттері мен интеллектуалдық қабілеттерін дамыту, шығармашылыққа баулу, еңбекқорлық пен достыққа тәрбиелеу мақсатында қажетті жағдай жасалған. Олар футбол, волейбол жəне баскетбол алаңдары, жаттығулар кешені, əткеншектер, кинотеатр, спорттық жəне мəдени шаралар өткізуге арналған жабық зал жəне жабық жүзу бассейні бар. Аумағында 4 жатақхана, 314 орындық асхана, фельдшерлік пункт, жуыну бөлмелері қарастырылған.
Оқушылардың демалысын ойдағыдай өткізуге байланысты қызықты, мазмұнды бағдарлама әзірленген. Жоспарлы түрде түрлі спорттық сайыстар, кездесулер мен танымдық ойындар ұйымдастырылады. Бөлімге қарасты «Оқушылар үйінің» директоры В.Якупованың айтуынша, тәрбиеленушілердің өз қолымен жасалған көптеген дүниелер лагерьде қолданылады. Солардың ішінде шахмат түрінде тігілген жер төсеніштері мен жастықтары, допты ұстауға арналған қалың қолғаптар және тағы басқалары.