10 балаға мектеп формасын әперді

Сайрам ауданы Ақсукент ауылының орталығында орналасқан Қ.Жандарбеков атындағы мәдениет үйінде «Қоғамдық Келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Сайрам аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Баланы мектепке даярлайық!» атты акция өтті.

Біртұтас қоғамды қайырымдылық пен ізгілікке, мейірімділік пен бауырмалдылыққа бастайтын шараға аудандық түрік этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі Зульфикар Чилингаров, зиялы қауым өкілдері және №20 С.Сейфуллин мектеп-гимназиясының әлеуметтік қызметкерлері қатысты.

Аталған акция барысында «ЯНС» ЖШС Жолаушылар тасымалдау мекемесінің директоры Зульфикар Яшаевичтің демеушілігімен Ақсукент ауыл округіндегі аз қамтылған және көпбалалы отбасыдан шыққан 10 шақты оқушыға мектепке арналған киім-кешектер табысталды.

Шара шеңберінде «Қоғамдық келісім» КММ Сайрам аудандық филиалының басшысы Базарбай Мамадиярұлы ата-аналар мен балаларды алда келе жатқан жаңа оқу жылымен құттықтап, жүрекжарды лебізін жеткізді. Өз кезегінде, ата-аналар ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты.

Айта кетейік, аталмыш акция қыркүйек айына дейін жалғасын табады.

Жалпы биыл облыста «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылардан шыққан 60 693 балаға мемлекеттік қолдау көрсету жоспарланған болатын. Өңірдегі экономикалық есептеулер нәтижесінде әр балаға 43 407 теңгеден үлестірілетін болды. Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтың мәлімдеуінше, аталған қолдау мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар және жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға, сонымен қатар білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен өзге де санаттарға жататын тәрбиеленушілерге беріледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *