60 балаға оқу құралдарын табыстады

Сайрам ауданы Ақсукент ауылында орналасқан №20 С.Сейфуллин атындағы аектеп-гимназияның ұжымы «Мектепке жол» республикалық акциясын «Жақсылық жаса» ұранымен жалғастырды.

Аталған шарада аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Есалиев , Сайрам ауданы бойынша басқа мемлекеттердегі ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлер төрағасы Бахтияр Батаев, ауданның бас имамы Арыстан Оспанов, аудандық мешіттің бас есепшісі Таубай Срайлов, «ЯНС» ЖШС Жолаушылар тасымалдау мекемесінің директоры Зульфикар Чилингаров, облыстық «Ауыл»партиясының мәслихат депутаты Жамшидбек Туламетовтер шәкірттердің жаңа оқу жылына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, аз қамтылған 60-қа жуық оқушыға оқуға қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешектер табыстады.

Айта кетейік, жалпы бұл шара аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларды мектепке даярлау кезеңінде әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған. Шара соңында №20 С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясының директоры Улдана Оразбаева өз сөзінде:

— Жыл сайын дәстүрлі үрдіске айналған «Мектепке жол» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы 2024 жылғы 1 тамыз — 30 қыркүйек аралығында өткізіледі. Балаларды оқуға қажетті құрал-жабдықтармен қамтыған ел ағаларына алғысымды білдіремін. Шәкірттерге мейірім-шуағын шашатын жаны жомарт, атымтай азаматтардың ізгі істері мұнымен шектелмейтініне сенемін. Олардың бұл қадамы бүлдіршіндердің бойында бауырмалдылық, достық және қайырымдылық секілді асыл қасиеттерді қалыптастыратынына септігін тигізері сөзсіз, — деді.

Жалпы биыл облыста «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылардан шыққан 60 693 балаға мемлекеттік қолдау көрсету жоспарланған болатын. Өңірдегі экономикалық есептеулер нәтижесінде әр балаға 43 407 теңгеден үлестірілетін болды. Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтың мәлімдеуінше, аталған қолдау мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар және жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға, сонымен қатар білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен өзге де санаттарға жататын тәрбиеленушілерге беріледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *