17 отбасыға баспана кілтін табыс етті

Жетісайлық азаматтар Конституция күні мерекесі қарсаңында «Баспанаға жол» қоғамдық қайырымдылық қоры арқылы 17 отбасыға баспана кілтін табыстады.

Бұл салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық мәслихат депутаты Талғат Қаржауов, Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен кәсіпкер-меценат Бахаридин Аблазимов қатысып, баспаналы болған азаматтарды құттықтап, ізгі лебіздерін білдірді.

– Бүгін тамаша сәттің куәсі болып отырмыз. Қазақ жетімі мен жесірін жылатпаған текті халық екені белгілі. Тәуелсіз елдің бүгінгі азаматтарының ішінде қанға сіңген қасиетті, ата дәстүрді жалғастырып, дәріптеп келе жатқандар баршылық. Көптің көмегімен мереке қарсаңында баспанаға шын мұқтаж отбасылар қуанышқа кенеліп отыр. Қоныс құтты болсын! – деді Бейсенбай Тәжібаев.

«Жаннат сарайы» деп аталатын қос қабатты 16 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы 2022 жылы басталған. 16 пәтердің 12-сі екі бөлмелі болса, 4-еуі үш бөлмелі. Бағасы 350 млн. теңгені құрайды.

2015 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Баспанаға жол» қоғамдық қайырымдылық қоры 9 жылда 29 әлеуеті әлжуаз отбасыларды үйлі еткен.

Қор мүшелері баспананың ішін қажетті жиһаздармен, азық-түлікпен және күнделікті тұтыну заттарымен, отбасы мүшелерін киім-кешекпен қамтамасыз еткен. Баспаналы болғандар жомарт жандарға алғысын жеткізді.

Аталған қор жергілікті әкімдікпен және тұрғындардың қолдауымен тағы да баспана салуды жалғастыруды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, халқы тығыз орналасқан Жетісай ауданында баспанаға мұқтаж жандардың, соның ішінде жас мемлекеттік қызметшілермен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жетім балалар, әлеуметтік қолдауды қажет ететін аз қамтамасыз етілген отбасылар мен жалғызбасты, көп балалы аналардың әлеуметтік мәселелерін шешуге айқын бетбұрыс жасалып отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *