Мақсатымыз – ерекше балаларды ортаға тартып, бейімдеу
Басында жұмыс істейтін белгілі ғимараты болмаса да қарап отырмай, қайырымды іс жасамаса тұра алмайтын, өмірге ерекше болып келген жандарға қолын созуға даяр ерен жандардың бірі — «Шұғылалы таң» қайырымдылық қорының төрайымы Дана Орманова. Ол кісінің рухани шаһардан орталық ашсам деген ниеті орындалып, бүгінде Түркістан қаласы Жеңіс саябағының ішінде Ынтымақ үйінде өз қызметін жүргізіп жүр. Орталық тіршілігімен танысу үшін Дана Садыққызының кеңсесіне келдік.
— Дана Садыққызы, ерекше қажеттіліктері бар балалардың зейін салу, ой қабілетін дамыту, қалыпты балалар арасында бірдей білім деңгейін алу үшін жағдай жасау, қоғамға бейімделу жалпы қоғамды толғандырады. Ал сіздің оларға деген жанашырлығыңыз ерекше екенін әрдайым байқаймыз. Жағдайларыңыз қалай болып жатыр?
— Рахмет, біздің кеңсеміз, жағдайымыз осы өзіңіз көріп отырғандай, өзі кішкентай болса да қызметі зор, көтерер жүгі ауыр орталықтың бірі деп ойлаймын. Біздің тарапымыздан қайырымдылық қасиетті айда ғана емес, жыл бойы жасалып жатқаны баршаға аян. Оған біздің өткізіп жатқан іс-шараларымыз, «Мейірім» деп аталатын түрлі акцияларымыз, концерттеріміз дәлел. Әр жерде еңбек қайнап жатқанымен, бір жерде тіккен отауымыз жоқ. Ал мүгедек балалардың ата-аналарының қоғамдық орындарға, мәдени іс-шараларға баруға мүмкіндіктері бола бермейді. Сондықтан мұң-мұқтажы бір ата-аналардың басын қосып, балаларын дамытуға жағдай жасайтын орталық өте қажет. Өмірдің сынына түскен ерекше балаларға ата-аналары бар қамқорлығын аямайды. Дегенмен, таңертеңнен кешке дейін аналары балаларынан ешқайда шыға алмай отырады. Сондықтан, осы мәселе бойынша қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков мырзаға жағдайымызды айтқанда, сөзімізді жерге қалдырмастан дереу осы ғимараттан бір бөлме беруді тапсырды.
— Біз де қуаныштымыз, еңбектеріңіз жандана берсін, Дана апай! Жалпы қордың мақсаты жайлы таныстыра кетсеңіз.
— Бұрын «мүмкіндігі шектеулі жандар» дейтін адамдарды жанымызға одан да жақын тарту үшін «ерекше жандар» деп атайтын болдық қой. Мақсатымыз — сол ерекше жандардың ата-аналарымен, қамқоршысы жоқ қарттармен жұмыс жасау, олардың әлеуметтік жағдайын көтеру. Сондай-ақ балалардың өмірін қоғамға бейімдеу, өздерін толыққанды қоғам мүшесі ретінде сезіндіру. Бұл жерде, әрине, мамандар мен ата-аналар арасында өзара сенімге негізделген қарым-қатынас орнатудың маңызы аса зор. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз да жеміссіз емес. Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеу, инклюзивті білім беруді дамыту.Оларды ешқандай шектемей, қоғамға араластыру, спортқа, өнерге бейімдеу, өмірге бейімделетін жеке тұлға қалыптастыру. Ең бастысы, олар өздерін өзгелерден төмен санамау керек. Қоғамның кінәсі де сол, мүгедек жандарға мүсіркей қараймыз. Мысалы, өзі мектепте мұғалім болып істейтін ана жақында орталығымызға келді, баласы эпилепсиямен ауырады, баласы үйден білім алады. Күнде емес, аптасына емес, жылына 1-2 рет ұстайтын эпилепсия үшін ол баланы неге ортасынан шектеуіміз керек? Анасының айтуы бойынша, шахмат ойнауға икемі бар бала екен. Сондай балаларды неге ортаға тартпасқа? Осы орайда айта кетейін, Түркістан облыстық мүмкіндігі шектеулі балалардың спорт мектебі, Түркістан облысының мүгедектерге арналған «Сауран» спорт клубы ашылды. Міне, осындай жасалған жағдайды пайдалана алмай отырған ата-аналар арамызда көп. Олар балаларын қай орталыққа, қай үйірмеге беру керектіктерін белгілеп, бағыттап отырамыз. Сондықтан әкімшілікке тіркеліп, біздің тізімде тұрған 200 адамға қолдау көрсету үшін бірлесіп жұмыс жасап отырған жайымыз бар.
— Ия, ерекше жандармен жұмыс істеу асқан төзімділік пен ынтымақтастықты талап етеді. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарса» бітпейтін іс жоқ. Дегенмен, көңіліңізді қынжылтар мәселелер бар ма?
— Әрине, көп. Біз көзі көрмейтін, құлағы естімейтін, тілі мүкіс, ДЦП-мен туылған мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істейміз. Осындай ерекше жандардың ата-аналары, жақындары балаларды үйде оқшауламай, жарыққа шығарса дейміз. Олардың барлығының білімі бар. Сөйте тұра айналамыздан ұяламыз ба, ортаға қосудан қашқақтайтын адамдар бар. Олай етуге болмайды. Олар да жарқырап киім киініп, ортаға өнерін салып, концертке қатысқысы келеді. Өткенде қолөнерден және ән-би өнерінен қайырымдылық шарасын өткіздік. Шарада қала әкімінің орынбасары Әлия Богдан қызы көрмеге қойылған өнерлі балалардың бисерден, түрлі бұйымдардан жасаған әсем дүниелеріне, шырқаған ән-билеріне тәнті болды. Орнынан тік тұрып, көзіне жас алған көрермендер жасалып жатқан еңбектің зая емес, керісінше өте маңызды екенін, ерекше қолдауды қажет ететіндігін түсінді. Расында, алдағы уақытта ерекше жандардың еңбегіне қолдау көрсетеміз деп уәде берді. Бұл уәденің шынайы жүректен, шын ниеттен шыққанын өз басым сезіндім.
— Бүгінде атқарылып жатқан жұмыстарыңыздың бір сыпырасын атап өтсеңіз.
— Қазіргі таңда біз психолог-педагог, дефектолог, логопед, социолог мамандарға хабарласып, оларды осында шақыртып бірігіп жұмыс істеуді ұйғардық. Олар да өз мектептерінде қамқорлықты қажет ететін балалардың тізімін беріп, олармен алдағы уақытта қалай жұмыс істеу керектігін ортаға саламыз. Бүгінде қаламыздың №8 Н.Төреқұлов, №27 Ө.Жәнібеков т.б. мектептерден келген мамандармен нақты жұмыстар атқарылуда. Арасында әлеуметтік көмек көрсетуге шақырылған балаларды алып келеді. Сондай-ақ орнықты ортадан кеңес алуға келетін ата-аналар да бар. Тіпті денсаулығында ахауы бар баласын нақты қай жерге апару керек, оларға ары қарай емін жалғастыру, мүгедектікке тіркелу деген сияқты жәйттардан хабары жоқ ата-аналар да бар. Мүгедек балаларға мемлекет тарапынан көптеген бағдарламалар жасақталып, жұмыстар жүріп жатыр. Олардың толықтай дамуына, өзгерістерді түсінуіне, өз бетімен білімін жетілдіруіне зор мүмкіндіктер берілуде. Міне, соларға бағыт-бағдар көрсету біздің басты міндетіміздің бірі.
— Арасында әлеуметтік көмек көрсетеміз деп қалдыңыз. Демеушілеріңіз жиі көмек беріп тұра ма? «Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» дейді, аты-жөндерін айтып өтесіз бе?
— Қайырлы іспен айналысу — сауапты істің бірі дегенді ұмытпайтын жомарт жандар бар. Шымкентте аяқ-киімнің көтерме сатушылары Нұрлыбек, Талғат Бурабаевтар отбасы аяқ-киіммен қамтамасыз етіп отырады. Сонымен қатар қасиетті жұмада кеңсемізге бас сұғып, балаларды шақыртып қойыңыз деп алдына ала ескеріп, бір реттік ыстық тамақпен, тәттілермен келіп тұратын осындағы мөлтекауданға қарасты мешіттің имамы Нұржан Әлиакбар, С.Сейфуллин, Ататүрік мектептерінде оқыған 1984 жылғы жігіттер Бабажанов Шәмші, Тоқсанбаев Самат, Искаков Айтмұғанбет бастаған біраз жігіттер өздерінің ерекше ілтипатын білдіріп, қамқорлыққа зәру балаларға жанашырлығын көрсетіп тұратынын ерекше атап өткім келеді.
Осы орайда өзімді айта кетсем, осындай балаларға қуаныш сыйлайтын сауапты істер жаныма тыныштық береді. «Қолыңнан келсе жақсылық жаса, кең пейілді бол, отбасың, халқың үшін аянбай еңбек ет» дейтін әкемнің ұлағатты тәрбиесі зор әсер етті ме, мен ол үшін ақы алмаймын, зейнетте осы іспен айналысқанды жаным қалайды. Саналы ғұмырымды осындай ерекше жандардың өміріне арнағаннан кейін, жылдар бойы жинақтаған тәжірибемді ары қарай халықтың пайдасына асырғым келеді. Балалардың жанына терең үңілгендіктен, олардың болашағына алаңдаймын. Өмірлік ұстанымым да солардың жайлы өмірін көру болса керек. Бар жақсылықты бауыр еті баласынан аямаған халқымызда «Қуанса бала қуансын» деген сөз бар. Әрбір атқан таңнан жақсылық пен қуаныш үмітін күтетін ерекше балаларды шеттемей, оларға қолдан келгенше көмек көрсету адамгершілік парызымыз деп білемін.
— Әсерлі әңгімеңізге көп рахмет! Атқарған шаруаларыңыздың шарапатына бөленіңіз!