Шардара ауданында ауыл шаруашылығы мен туризм саласы қатар дамуда
Жақында Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев Жаушықұм ауылдық округіндегі іргелі шаруашылықтардың бірі «Тұрар» шаруа қожалығының жұмысымен танысып, су үнемдеу технологияларын енгізу бағытындағы ілгерілеуді өз көзімен көрді. Сонымен қатар, аудан басшысы туризмді дамыту мақсатында жүргізіліп жатқан жағажайға апаратын жол құрылысының барысын тексерді.
«Тұрар» шаруа қожалығы бүгінде агросаладағы инновациялық шешімдерді батыл енгізіп отырған алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі. Қожалық төрағасы Ан Юрий Владимирович басшылығымен пияз егіс алқаптарына заманауи тамшылатып суару жүйесі орнатылған. Мұндай технологиялар су ресурстарын тиімді пайдалану арқылы өнім көлемін арттырып, жердің құнарын сақтау мүмкіндігін күшейте түседі.
Қожалықта бүгінде ерте, орта және кеш пісетін пияздың төрт түрлі сұрпы, атап айтар болсақ «Бонус», «Камперо», «Менди» және «Грандора» өсірілуде. Әр гектардан 90 тоннаға дейін өнім алу жоспарланып отыр. Жиын-терім маусымы шілде айының басында басталып, қазан айына дейін жалғасады. Бұл науқанда 100-ден астам жергілікті тұрғын маусымдық жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар, қожалықтың алқаптарында бақша дақылдары да кең көлемде өсіріліп, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге үлес қосатын болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында ауыл шаруашылығына ерекше назар аудара отырып: «Ауыл – ел бесігі. Ауыл шаруашылығы – экономиканың маңызды саласы. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Су үнемдеу технологияларын енгізу – заман талабы» деп атап өткен болатын. Шардара ауданының тұрғындары ауыл шаруашылығын жаңғыртуда Мемлекет басшысының осы стратегиялық ұстанымын басшылыққа ала отырып, нақты қадамдар жасауда.
Сапар барысында аудан әкімі жағажай аймағына апаратын жол құрылысының жұмыстарымен де танысты. Бұл жоба – Шардара ауданында туризм саласын дамытуға бағытталған ауқымды бастаманың бір бөлігі. Бүгінгі таңда жолдың негізін тегістеу және тас төсеу жұмыстары аяқталып, асфальт төсеу кезеңіне өтуде. Аудан басшысы тиісті бөлім басшыларына жағажайға электр желісін тарту жұмыстарын тездетіп аяқтауды, сондай-ақ барлық құрылыс кезеңдерінің сапалы әрі уақтылы жүзеге асуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Жалпы Шардара ауданы табиғи байлығымен, тарихи-мәдени мұрасымен және ауыл шаруашылығына қолайлы климаты арқылы ерекшеленеді. Шардара су қоймасы мен жағажайы аймақтың туризм әлеуетін арттырып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға зор ықпал етуде. Бүгінде мұнда атқарылып жатқан жұмыстар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының айқын көрінісі. Мемлекеттік саясаттың басты мақсаты – өңірлерде өмір сүру сапасын арттырып, халыққа жайлы жағдай жасау. Бұл жолда Шардара ауданы өз даму бағытын нақтылап, сенімді қадамдармен ілгерілеп келеді.