Келес ауданында жыл соңына дейін өнеркәсіп өнімінің көлемін 6,2 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған
Келес ауданында өнеркәсіп пен кәсіпкерлік саласында айтарлықтай ілгерілеушілік байқалады. Бұл бағыттағы жұмыстар нақты жобалармен, инвестициялық серпінмен және жаңа өндіріс орындарының көптеп ашылуымен қуантуда.
Айталық, өткен жылы аудан бойынша 5,4 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді, бұл жоспарланған көрсеткіштен көп жоғары. Нақты көлем индексі 103,1 пайызды құрап отыр. Өнеркәсіптегі өсім негізінен минералды және алкогольсіз сусындар, күйдірілген қыш шығаратын, электр энергиясы мен темірбетон бұйымдарын өндіретін кәсіпорындардың есебінен қалыптасты.
Биылғы жылдың алғашқы үш айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімі 1,8 миллиард теңгеге жетті. Бұл да аудан экономикасының тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді. Жыл соңына дейін өнеркәсіп өнімінің көлемін 6,2 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған.
Аталған көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында бірқатар жаңа өндіріс орындарын ашу көзделген. Атап айтқанда, Ақтөбе ауылында қыш зауыты, асфальт және темірбетон бұйымдарын шығаратын зауыт, сондай-ақ гофра-картон өндіретін кәсіпорын пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар, Жүзімдік ауылынан минералды сусындар шығаратын зауыт ашу жоспарда бар.
Ауданда жеке инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында да үлкен жұмыстар қолға алынды. Өткен жылы жеке кәсіпкерлердің қаржысы есебінен жалпы құны 3,8 миллиард теңгені құрайтын 10 жоба іске асып, нәтижесінде 235 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Биыл инвестиция тарту көлемі еселеп өсіп, жалпы құны 63,2 миллиард теңгені құрайтын 5 ірі жобаны іске асыру көзделіп отыр. Бұл жобалар аясында 2 180 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Атап айтқанда, «Еcoculture-Еurasia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 500 гектар аумақта жылыжай кешенін салуды жоспарлап отыр.
Жобаның жалпы құны 42 миллиард теңгені құрайды. Сонымен қатар, «Нурболат» өндірістік кооперативінің бастамасымен құны 20 миллиард теңге болатын «Азия Мед» медициналық орталығының құрылысы қолға алынбақ. Бұдан бөлек, «Қонысбаев Б.» ЖК есебінен 400 миллион теңгеге қонақүй салынбақ.
Сондай-ақ, «Giga Group» ЖШС ауданда асфальт және темірбетон бұйымдарын шығаратын зауыт салуға кірісіп, бұл жобаға 350 миллион теңге көлемінде инвестиция бағыттап отыр. Ал, «Дюсенбаев Е.» ЖК тарапынан құны 500 миллион теңге болатын мейрамхана салынады.
Аталған бастамалар аудан экономикасын әртараптандырумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және инвестициялық ахуалды жақсартуға айтарлықтай үлес қосады. Жобалардың табысты іске асуы Келес ауданының алдағы жылдардағы дамуына серпін бермек.