Мақтаарал ауданындағы ауқымды жобалар – Президент тапсырмаларының жарқын көрінісі
Қазақстан Республикасы Президенті өз Жолдауында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, білім сапасын көтеру, агроөнеркәсіп кешенін заманауи деңгейге шығару және өңірлердегі өмір сапасын арттыру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын. «Әлеуметтік әділет, ауылдың өркендеуі және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту – мемлекеттің басты міндеті», – деген Мемлекет басшысының бұл сөзі бүгінде Түркістан облысының Мақтаарал ауданында нақты іспен дәлелденіп отыр.
Мәселен, Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Өнімкер елді мекенінде, сондай-ақ аудандағы жалпы бес ауыл – Ырысты, Қарақыр, Өнімкер (Ж.Нұрлыбаев округі), Арайлы мен Достық (Жаңажол округі) – биыл табиғи газға қосылды. Ауыл тұрғындары көптен күткен тұрмыстық жеңілдікке қол жеткізіп, өмір сапасы жаңа деңгейге көтерілуде. Президент Тоқаев өз Жолдауында: «Ауылды жерлерді инфрақұрылыммен қамту – стратегиялық міндет. Газ, су, жол, интернет – тұрғындардың әл-ауқатының негізі», – деп атап өткен болатын. Мақтаарал ауданындағы газдандыру жұмыстары – осы тапсырманың тікелей орындалуының көрінісі.
Соңғы жылдары Мақтаарал ауданында мәдениет пен білім беру нысандарының құрылысына да ерекше назар аударылып келеді. Бұл бағытта Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіндегі Ынталы елді мекенінде жаңа мәдениет үйі мен кітапхана бой көтеруде. Қос нысан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатыр. Құрылысты аяқтау 2025 жылдың қазанына жоспарланған. Жоба құны – 794 млн теңге. Бұл нысандар ауыл тұрғындарының рухани қажеттілігін өтеуге, жастарды тәрбиелеуге, бос уақытты тиімді өткізуге бағытталған. Мемлекет басшысы: «Кітапханалар мен мәдениет үйлері – ауылдың рухани тірегі. Оларды жаңғырту – ұлт болашағына салынған инвестиция», – деп атап өткен болатын.
Мақтаарал ауылдық округіндегі Игілік елдімекенінде орналасқан «Агрогруз» ЖШС – шетелдік нарыққа бақша өнімдерін экспорттауға бағытталған заманауи агроөнеркәсіп жобасы. Жалпы құны 150 млн теңгені құрайтын бұл жоба жылына 6 мың тонна қауын-қарбыз және басқа да бақша өнімдерін сыртқы нарыққа шығара алады. Кәсіпорын заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, құрылыс жұмыстарының соңғы кезеңіне жетті. Президент Тоқаев Жолдауында: «Біз өнімділікті арттырып, өңделген өнім экспортын көбейтуіміз керек. Бұл – жаңа жұмыс орындары мен қосымша табыс көзі», – деген болатын. Мақтааралдағы бұл бастама – дәл осы тапсырманың нақты іске асуының көрінісі.
Су тапшылығы – Мақтаарал өңірі үшін ең өзекті мәселелердің бірі. Осыған орай ауданда су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өркениет елді мекенінде 2025 жылы 8 мың гектар жерге тамшылатып суару әдісі енгізіледі деп жоспарланған. Қазіргі уақытта 182 жоба жүзеге асып, 3,4 мың гектар алқапқа жаңа технология енгізілді. Бұл – өнімділікті 2-3 есеге арттырудың тиімді жолы. Президент Жолдауында: «Ауыл шаруашылығында жаңа технологияларсыз ешқандай ілгерілеу болмайды. Әсіресе су үнемдеу – бұл экологияны қорғау ғана емес, экономикалық табыстың көзі», – деп атап өтті. Мақтаарал аграршылары бұл бастаманы ерте қолға алып, нақты іске асырып отыр.
Мақтаарал ауданында жүзеге асып жатқан әлеуметтік, экономикалық және мәдени жобалар – Президент Жолдауының жергілікті деңгейде табысты орындалып жатқанын айғақтайды. Газдандыру, мәдениет нысандары, агроөнеркәсіп, су үнемдеу, мектеп құрылысы – барлығы тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Бұл – Үкімет пен Парламенттің, облыстық және аудандық әкімдіктердің үйлесімді жұмысының нәтижесі. Ең бастысы – Мемлекет басшысының стратегиялық тапсырмалары ел ішінде нақты жобалар арқылы жүзеге асып жатқанының көрінісі. Мақтаарал – тек мақта мен бақшасымен ғана емес, болашағын баянды ететін жобаларымен де танымал өңірге айналып келеді.