Түлкібас ауданында ауыл кәсіпкерлігі дамудың жаңа деңгейіне көтеріліп келеді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2025 жылғы Жолдауында аграрлық сектордың ел экономикасындағы маңызын ерекше атап өткен болатын. «Ауыл – ел тірегі. Ауыл шаруашылығы – еңбек күші көп, әлеуеті зор сала. Біз агроөнеркәсіп кешенін жаңғыртып, ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға барынша жағдай жасауымыз керек», – деген еді Мемлекет басшысы.

Бұл бағыттағы нақты істер Түркістан облысының Түлкібас ауданында жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Бүгінде ауданда ауыл шаруашылығына бейімделген шағын және орта кәсіпкерлік айтарлықтай дамып, жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, балық шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібі саласындағы бастамалар – елдің азық-түлік қауіпсіздігіне, жұмыспен қамтуға және жергілікті экономиканың дамуына нақты серпін беруде.

Мәселен, «Бай» жеке кәсіпкерлігі 10 гектар жерінің жартысына 6 жасанды тоған қазып, екеуіне балық жіберу жұмыстарын бастап кеткен. Бір тоғанға – 10 мың дана форель, екіншісіне – 300 дана бекіре шабағы жіберілген. Бұл – сұранысқа ие балық түрлерін көбейтуге бағытталған тың жоба. Жергілікті әкімдік пен кәсіпкер арасындағы ынтымақтастық ауыл шаруашылығын дамытудағы оң тәжірибенің үлгісі ретінде бағаланады.

Сол секілді Арыс ауылындағы «Мұра» жеке кәсіпкерлігі 1 гектардан астам жерге 3 тоған қазып, биылғы мамыр айында 20 мың форель және 3 мың сазан шабақтарын жіберген. Кәсіпкер жобаны өз қаражатына жүзеге асырып отыр. Бұл – жергілікті кәсіпкерлердің ауылдың экономикалық әлеуетін арттыруға өз үлесін қосып жатқанын көрсетеді. Қазіргі таңда Түлкібас ауданында 29 кәсіпкер балық шаруашылығымен айналысады. Жыл соңына дейін бұл қатарға тағы екі кәсіпкер қосылуы жоспарланған.

Мемлекет басшысы өз Жолдауларында қайта өңдеу саласының маңыздылығына да назар аудара отырып: «Шикізатпен шектелмей, қосымша құн қалыптастыратын өндірістер ашуымыз қажет. Әсіресе, ауыл өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындарды қолдау – басты міндет», – деп атап көрсеткен болатын.

Осы бағытта қолға алынған жобалардың бірі – «Нар» шаруа қожалығы. Кәсіпкер Болат Өмішов шағын ғана үй ауласынан құрт өңдеу цехын ашып, бүгінде 15 ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорын тәулігіне 500 келі, айына 20 тоннаға дейін құрт өндіріп, Түркістан мен Жамбыл облыстарының нарығына өнім жеткізуде. Бұл – ауылдық жердегі шағын өндірістің аймақтық деңгейге шығуының айқын мысалы.

Аталған жобалардың барлығы – Үкіметтің, Парламенттің және жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жүзеге асып жатқан игі бастамалар. Ауыл кәсіпкерлері үшін жеңілдетілген несие беру, мемлекеттік гранттар мен субсидиялар ұсыну, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – осының бәрі кәсіпкерлікті қолдаудың нақты тетіктері. Сонымен қатар, жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары кәсіпкерлерге қажетті кеңестер беріп, жер және су ресурстарын пайдалануға қолайлы жағдай жасауда.

Бұл – Мемлекет басшысының: «Кәсіпкерлікті дамыту – жаңа экономикалық саясаттың өзегі», – деген сөзіне толықтай сай келетін нақты жұмыс нәтижелері.

Қорыта айтқанда, Түлкібас ауданындағы «Бай», «Мұра», «Нар» сынды жобалар – ауыл кәсіпкерлігінің дамуының, жергілікті экономиканың нығаюының және жұмыспен қамтудың жарқын үлгілері. Осындай бастамалар алдағы уақытта кеңейіп, Түлкібас сынды аудандар ел экономикасының тірегіне айналары сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *