Арыста құрылыс қарқын алуда
Жақында облыс әкімі Дархан Сатыбалды Арыс қаласына жұмыс сапарымен барып, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім беру нысанының құрылыс жұмысымен танысты.
Өңір басшысы алдымен жауапты мердігер мекеме мен жобаны үйлестіруші «Самұрық-Қазына» қорының өкілдерімен түйткілді мәселелерді талқылады. Облыс әкімі кемшіліктерді ашық айтып, олардың шешу жолдарын қарастыруды, бірінші кезекте жұмыс сапасына мән беруді тапсырды.
Салынып жатқан заманауи білім ордасы 600 орынға лайықталған. Құрылысы өткен жылы басталған мектеп ғимараты күзде пайдалануға берілмек. Айта кетейік, биыл «Наурыз» тұрғын ауданынан «Жайлы мектеп» жобасы аясында тағы бір жаңа мектептің құрылысы басталады. Одан бөлек, «Отырар» тұрғын ауданында да 600 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, И.Журба мектебінде 300 орындық қосымша корпус құрылысы, Онтам шағын ауданынан жеке кәсіпкер есебінен 200 орындық мектеп құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, жеке инвесторлар есебінен 2 мектеп пен 5 балабақша салынбақ. Осылайша Арыс қаласында мектеп тапшылығы мәселесі толық шешімін табады.
Арыс қаласындағы «Барыс» шағынауданында жеке инвестор есебінен тұрғын үй салынып жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Арыс қаласына жасаған іссапары аясында құрылыс алаңына барып, үйлердің заманауи дизайнмен орындалуына, тұрғындарға қауіпсіз әрі қолайлы болуына ерекше мән беру керектігін ескертті. 60 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Айта кетейік, Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру аясында 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орынды 63 мектеп салу жоспарланған.