Арыста «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 131 жоба қаржыландырылды
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс кестесіне сәйкес Арыс қаласы тұрғындарымен кездесті. Атқарылған жұмыстарды баяндап, өзекті мәселелерді қозғады. Мемлекет басшысының инвестиция тарту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, су үнемдеу технологиясын енгізу жөнінде тапсырма бергеніне тоқталған облыс әкімі алдағы уақытта бұл бағыттардағы жұмыстың жанданатынын айтты. Арыстың ажарын ашып, инфрақұрылымы мен әлеуетін көтеретін жұмыстарды баяндады.
– «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Арыс қаласында 2023 жылы 5 елді мекенде 947 млн. теңгеге 11 жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Жиделі, Ақдала елді мекендерінде Мәдениет үйінің, Қожатоғай елді мекенінде спорт залдың құрылысы қолға алынып, Атамекен, Сырдария елді мекендерінде 24 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 5 елді мекенде 730 млн. теңгеге 8 жоба қолға алынды. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 770 млн. теңгеге 131 жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерге жолданған жас мамандарға қолдау көрсету мақсатында 2023 жылы 17 маманға 6 млн. теңге бір реттік көтерме жәрдемақы, 5 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 26 млн. теңге көлемінде бюджеттік несие берілді, – деген Дархан Амангелді-ұлы Арыста өндірісті дамытып, зауыттар ашуға мүмкіндік мол екенін, осы бағытта жұмыс жүріп жатқанын жеткізді.
Арыста жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 23 пайызға өсіп, 2023 жылы 56 млрд. теңгеге жетті. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 36 пайызға өсіп, 2023 жылы 6 мыңға жетсе, олардың өндірген өнімі 75 млрд. теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 34 пайызға өскен.