Венгриялықтар Түркістанға өз қолтаңбаларын қалдырғысы келеді
Түркістан облысына жұмыс сапарымен Венгрияның Алматы қаласындағы Бас консулы Cаболч Карой Сёке мен Сыртқы сауда бойынша дипломатиялық өкілі Иштван Тибор Ковач келді.
Венгриялық делегацияны облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров қабылдады. Тараптар екі ел арасында, оның ішінде Түркістанмен экономикалық қарым-қатынасты күшейту, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, білім, мәдениет және туризм, спорт салалары бойынша ынтымақтастықты нығайту мәселелерін жан-жақты талқылады.
Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Түркістан облысының әлеуетіне кеңінен тоқталып, инвесторларға қарастырылған мүмкіндіктер туралы айтты.
– Облыс орталығы – Түркістан қаласы 6 жыл ішінде көркейіп, әсіресе, туризм және кәсіпкерлік салалары қарқынды даму үстінде. Халықаралық рейстер саны артып келеді. Түркістан өңіріне инвестиция салуға ниетті шетелдік инвесторлар да көбейді. Біз әрқашан өнеркәсіп орындарын ашамын деген азаматтарға қолдау көрсетуге дайынбыз. Ол үшін мемлекет тарапынан жеңілдіктер де қарастырылған. Өңірде барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар бар. Оңтүстік халқы – еңбекқор. Басты мақсатымыз – жергілікті тұрғындарды тәп-тәуір жалақысы бар тұрақты жұмыспен қамту, – деді Нұралхан Көшеров.
Бас консул алдағы уақытта маңызды жобаларды бірлесе атқаруға келісті.
–Қазақстандық жастар үшін Венгриядағы ЖОО-да бакалавр және магистратура деңгейлері бойынша тегін білім алуға мүмкіндік бар. Шәкіртақы да қарастырылған. Біздің әйгілі «Jazz Band» өнер ұжымы Түркістан қаласында өнер көрсетсе деген ұсынысымыз да бар. Спорттық іс-шараларға да белсене атсалысуға, екі елдің ұлттық ойындарын Түркістан қаласында ұйымдастыруға әзірміз, – деді Cаболч Сёке.