Ата өсиеті – өшпес қазына
Қазақ отбасында ұрпағына ұлттық тәрбие беретін ата мен әженің орны қашанда ерекше саналған. Ақ батасымен айналасын арайландырған, жүрегі махаббат пен шапағаттан жаралған ата мен әже атты абзал жандар – өнегелі өмірдің сыны мен сыры жайлы шұрайлы шежіре шертетін тірі тарих. Өмір атты тынымсыз тіршілікте көңілі таудағы таза ауадай, пейілі дархан даладай, даналығы дариядай қариялар – әулетінің арқа сүйер асқар тауы. Адамның адами болмысы мен асыл қасиеттері отбасында қалыптасады. Отбасында алған үлгі — өнеге, тәлім — тәрбие арқылы ғана еліне, жеріне, Отанға деген сүйіспеншілік сезім орнығады. Ал отбасындағы басты құндылық ұлттық тәрбие деуге болады.
Баяғыда даналарымыз айтқан еткен: «Көп өмір сүргеннен емес, көпті көргеннен сұра» деп. Қашанда ел арасында көкірегі ояу, есте сақтау қабілеті өте жоғары, елгезек жандар бары анық. Ондай адамдар ауызша айтқан шешендік сөздерді, дастан мен қиссаларды үш-төрт тыңдағаннан-ақ жадына сақтап алады. Олар естіген даналық сөздерін жазып жеткізгеннен гөрі, ауызбен айтып жеткізгенді жақсы көреді. Біздің әдебиетіміздегі ертегі әңгімелер мен дастандар, толғаулар осылай ауыз-екі арқылы халыққа жеткені шындық. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Бұндай жандар бүгінде ел ішінде көп болмаса да табылады.
Жақында облыс орталығында мектеп оқушылары арасында өткен «Ер Едіге» жырын жаттау байқауы осы сөзіміздің дәлелеліндей десек болады. Міне, бұл рухтық тәрбиенің нағыз қайнар көзі. Жастар санасын патриоттыққа тәрбиелеп, елін, жерін, топырағын, ауасын, суын, табиғатын, Отанын сүюге баулып, рухани дем беру осы емес пе? Бұл шара енді тоқтап қалмай, ай-сайын әр сынып арасында қолға алынуы қажет деп ойлаймыз.
Сейдулла ТЕМІРБАЕВ,
Сайрам аудандық әкелер мектебінің төрағасы.