Сауран ауданында 25 шақырым жол жөнделеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін сапасы жақсы жолдардың үлесін 95 пайызға жеткізу керегін айтқан болатын. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды маңызы бар жолдардың құрылыс барысын тұрақты бақылауға алған. Сауран ауданында аталған көрсеткішке жету үшін қарқынды жұмыс жүргізіліп келеді.
Атап айтатын болсақ, аудандық маңызы бар Шорнақ-Сауран-Ескі Сауран елді мекендерін байланыстыратын 15 шақырымдық автожолына орташа жөндеу жұмыстары басталады. Жергілікті тұрғындармен кездесу өткізген аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Ескі Сауран және Сауран елді мекендерінің тұрғындарын үшін аудан орталығымен тікелей қатынайтын автожол салынып жатқанын жеткізді.
Автожолдың ұзындығы 15 шақырымды, ені 6 метрді құрайды. Асфальт жабындысы мен жол белгілері және су өткізгіш темір құбырлары салынады. Алдағы уақытта ауданда «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында 25 шақырым жол жөнделеді.
Облыста автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 459 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар 723,1 шақырым болса, облыстық маңызы бар жолдар 3 983,3 шақырымды, аудандық маңызы бар жолдар 1 725,7 шақырымды, елдімекен ішіндегі көшелер 11025,7 шақырымды құрайды.
5 жылда 6 мың шақырымнан астам жол жөндеуден өтіп, жергілікті маңызы бар жолдардың нормативтік үлесі 71 пайыздан 92 пайызға дейін жетті. Былтыр 1,5 мың шақырымға жуық жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді.