Шымкентте 100-ден астам жасөспірімнің ата-анасы жауапқа тартылды
Шымкентте кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында рейд жұмыстары жүргізілді. Екі күн ішінде 318 дәмхана, 113 ойын сауықтыру орындары тексерілді. Тәртіп сақшылары түнгі уақытта заңды өкілінсіз ойын-сауық орындарында және тұрғын үйден тыс жерлерде жүрген 126 баланы анықтап, олардың ата-аналарын жауапқа тартты.
Заңды өкілдерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша 3 хаттама толтырылды. Ал, мұндай заң бұзушылыққа жол берген 8 кәсіпкерге әкімшілік кодекстің 132-бабына сәйкес айыппұл салынды. ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-бөлігі бойынша түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде болған 109 жасөспірім анықталды. Қадағалаусыз жүрген 16 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
«Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері кәмелеттік жасқа толмағандарға түнгі уақытта сағат 22.00-ден бастап 06.00-ге дейін көңіл көтеру мекемелерінде жүруге, сағат 23.00-ден бастап 06.00-ге дейін заңды өкілдерінің ілесіп алып жүруінсіз үйден тысқары жерге шығуға тыйым салынатынын ескертеді» — делінген Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.