Түркістан облысында 29 жайлы мектеп пайдалануға беріледі

Түркістан облысында 2023-2025 жылдар аралығында«Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында 49 мың орындық 63 мектеп салу жоспарланған болатын. Оның ішінде 300 орындық 11 мектеп, 600 орындық 25 мектеп, 900 орындық 15 мектеп, 1200 орындық 6 мектеп; 1500 орындық 4 мектеп, 2000 орындық 2 мектеп салынуда. 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізетін мердігер және жобалаушы мекемелер «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ы арқылы анықталған. Аталған 29 мектептің 19-ы биыл қыркүйек айында, қалған 10-ы желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде осы мектептердің құрылысын сапалы жүргізу, білікті педагогтармен қамту мәселесі талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне жұмысты жүйелі атқаруды тапсырды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын мектептерге жергілікті өндірушілердің жиһаздары қолданылуы керектігін ескертті. Сонымен бірге мектептерді білікті кадрлармен қамтуды міндеттеді.

– «Жайлы мектептер» толық инженерлік инфрақұрылыммен қамтылуы тиіс. Мектеп құрылыстарына апта сайын мониторинг жасауды тапсырамын. Екіншіден, мектептерді жабдықтауға жергілікті жиһаз зауыттарының өнімдері қолданылсын. Осы мәселені реттеңіздер. Ең бастысы, ол мектептерді білікті ұстаздармен, іскер директорлармен қамту жұмысын назарда ұстаңыздар. Қазірден кадрлар жасақталуы қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Мәжілісте Түркістан облысының құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев пен білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтың осы бағыттардағы есептері тыңдалды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *