Кентауда тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру жұмыстары жалғасуда

Кентау қаласында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында абаттандыру, көлік инфрақұрылымы, қоғамдық кеңістіктер мен санитарлық тазалық салаларында жүйелі әрі кешенді жұмыстар жүргізілуде. Қаланың заманауи келбетін қалыптастыруға және халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда.

2025 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жалпы құны 171 миллион теңгені құрайтын 8 көпқабатты тұрғын үй ауласында жаңа спорт және ойын алаңшаларын орнату жоспарланған. Бұл — балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруына мүмкіндік беретін маңызды бастама.

Қаланың экологиялық жағдайын жақсарту және көше инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында ирригациялық жүйелер орнатылуда. Қазіргі таңда 18 көшеде суағар арықтары тартылып жатыр. Жалпы жобаның құны – 61 миллион теңге. Бұл шешім жауын-шашын кезінде көшелердің суға толу мәселесін болдырмауға және жасыл желектерді тиімді суаруға жол ашады.

Қоғамдық көлік саласы да жаңғыру үстінде. «Тұлпар-2030» мекемесі бүгінде 11 бағыт бойынша 34 қоғамдық көлікпен қызмет көрсетіп келеді. 2025 жылы автопарк 4 жаңа шағын автобустармен толықтырылып, жаңартылған көліктер үлесі 85 пайызға жетеді деп күтілуде. Сонымен қатар, жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында заманауи «Avtobys» электронды төлем жүйесі енгізілді. Қоғамдық көлік маршруттарын субсидиялауға жалпы 541,3 миллион теңге қажет болса, қазіргі таңда 233,8 миллионы қарастырылған. Қалған 351,7 миллион теңгені облыстық бюджеттен бөлу көзделіп отыр.

Қаланың санитарлық жағдайын жақсарту бағытында да нақты қадамдар жасалуда. Қоқыс алаңдарын тиісті жабдықтармен қамту үшін 19,5 миллион теңгеге 150 дана жаңа қоқыс контейнері сатып алынды. Сонымен қатар, қала мен оған қарасты ауылдық округтерде «Таза Қазақстан» акциясы аясында тұрақты түрде кең көлемді тазалық жұмыстары жүргізілуде.

Коммуналдық техниканы жаңарту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. «Тұран су» мекемесі арқылы қаланы тазалау жұмыстарына 2 арнайы техника, сондай-ақ жалпы коммуналдық қызметке арналған әмбебап «КамАЗ» көлігі, тіркемесі бар МТЗ-80 тракторы және жүк тасымалына арналған 5 дана трицикл сатып алынды. Бұл техника қаланың санитарлық қауіпсіздігі мен тұрмыстық жайлылығын арттыруда үлкен рөл атқарады.

Жалпы алғанда, Кентау қаласында қолға алынған бұл жұмыстар тұрғындарға ыңғайлы, қауіпсіз және жайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Халықтың ұсыныс-пікіріне сүйене отырып іске асырылып жатқан жобалар Кентаудың келешекте көрікті, тұрмысқа қолайлы, заманауи қала ретінде дамуына серпін берері сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *