Кентауда жылу жүйесі жаңғыртылуда

Кентау қаласында тұрғындарды сапалы әрі тұрақты жылумен қамтамасыз ету мақсатында жылу көздерін жаңғырту және тозығы жеткен жылу желілерін кезең-кезеңімен ауыстыру бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңір инфрақұрылымын жаңғырту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында жүйелі түрде іске асырылуда.

Аталған бастаманың алғашқы қадамы ретінде Кентау қаласындағы №5 жылу электр орталығы (ЖЭО) қайта құрудан өтті. Бүгінгі таңда №7, 8, 9, 10, 11 және 12 қазандықтарды жаңғырту бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі кезде бұл қазандықтарды іске қосу кезінде анықталған кейбір техникалық ақауларды ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл – жылу орталығының алдағы қыс мезгілінде толық қуатта жұмыс істеуіне бағытталған маңызды дайындық шарасы.

Сонымен қатар, қаладағы магистралдық жылу құбырларын жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Жалпы құны 7,6 млрд теңге болатын жоба аясында ұзындығы 14,5 шақырымдық магистралды желілер қайта жаңғыртылмақ. Қазіргі таңда 1 шақырым құбырдың демонтаж жұмыстары аяқталып, келесі кезеңге өту жоспарлануда. 2024 жылы бұл мақсатқа 200,1 млн теңге бөлінсе, 2025 жылға облыстық бюджеттен қосымша 500 млн теңге қарастырылған. Бұл қаржы жылу беру сапасын арттыруға және жүйенің қысқы маусымға толық дайын болуына бағытталуда.

Жаңғырту жұмыстары тек магистралдық желілермен шектелмей, қала ішіндегі орамішілік жылу жүйелерін де қамтымақ. Аталған жұмыс үш кезеңмен жүзеге асырылуда. Бірінші кезең бойынша ұзындығы 12,1 шақырым болатын ішкі орам жылу желілерін жаңартуға 74 млн теңге бөлініп, 1,5 шақырым құбырдың демонтаж жұмыстары аяқталды, монтаждау жұмыстары басталды.

Екінші кезең аясында 44,8 шақырым желіні жаңғырту көзделіп, 141 млн теңге қаржы қарастырылған. Қазіргі таңда 15 шақырым құбыр демонтаждалып, 11 шақырымында құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Үшінші кезеңде ұзындығы 24 шақырымды құрайтын желіні қайта құру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, тиісті сараптамадан өтті. Жобаның жалпы құны – 432 млн теңге. Құжаттамалық дайындық аяқталған соң, бұл жұмыстар да іске асырылуға толық дайын.

Жалпы алғанда, Кентау қаласындағы жылу жүйесін жаңғырту – өңір тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етумен қатар, жылу энергиясын үнемді және тиімді пайдалануға жол ашатын маңызды қадам. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, қала инфрақұрылымының сапасын арттыруға серпін бермек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *