Ауыл – елдің алтын тірегі: Сайрам — ауыл шаруашылығы тұрақты дамып жатқан өңір
Сайрам ауданы – республика бойынша ауыл шаруашылығы тұрақты дамыған, өндірістік әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Ауыл шаруашылығы саласының екі негізгі бағыты – егіншілік пен мал шаруашылығы – аудандағы экономиканың тірек салаларына айналып отыр. Бұл салалардағы өндіріс көлемінің тұрақты өсуі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға зор мүмкіндік жасап келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ауыл – елдің алтын тірегі», – деп атап көрсеткендей, бүгінгі күні Сайрам ауданында ауыл еңбеккерлері ел экономикасының маңызды бір тірегіне айналып отыр.
Егін шаруашылығында ауданның басым бағыттары – картоп, көкөніс және жеміс-жидек өсіру. Жергілікті климат пен топырақ ерекшелігі ерте пісетін өнімдерді молынан алуға қолайлы жағдай туғызуда. Өткен жылы ауданда 3880 гектар жерге картоп, 5789 гектарға көкөніс, 2026 гектарға жеміс-жидек егілді. Нәтижесінде, тиісінше 74,2 мың тонна картоп, 146,3 мың тонна көкөніс және 18,9 мың тонна жеміс-жидек жиналды. Бұл көрсеткіштер облыс бойынша өндірілген өнім көлемінің айтарлықтай бөлігін құрайды: картоптың – 26,1 пайызы, көкөністің – 13,3 пайызы, жеміс-жидектің – 12,3 пайызы Сайрам ауданында өндірілген.
Мал шаруашылығы саласында да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілуде. 2024 жылы ауданда 49,1 мың тонна тірі салмақта мал еті өндіріліп, бұл облыстағы ет өндірісінің 20 пайызына тең болды. Сүт өндіру көлемі 140,4 мың тоннаны құрап, облыстық үлестің 31,4 пайызына жетті. Бұл өнімдер ішкі нарықта ғана емес, өңіраралық деңгейде де жоғары сұранысқа ие.
Қазіргі таңда ауданда ет өңдейтін 3 кәсіпорын (жылдық қуаты – 6,3 мың тонна), сүт өңдейтін 21 кәсіпорын (207,7 мың тонна), көкөніс-жеміс өңдейтін 12 кәсіпорын (32,8 мың тонна), өсімдік майын өңдейтін 5 кәсіпорын (115 мың тонна) жұмыс істейді.
2024 жылы бірқатар ірі жобалар іске қосылды. Атап айтқанда, «Kaz Eco Meat» ЖШС-ның 5000 бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы және ет өнімдері мен мал қалдықтарын терең өңдейтін заманауи кешені пайдалануға берілді. Жоба құны – 8,5 млрд теңге. Сонымен қатар, жеке кәсіпкер «Убаев» 250 млн теңге көлемінде инвестиция тартып, мал өнімдерін қайта өңдеу цехын іске қосты.
Мал шаруашылығында мал басының жыл сайын өсіп келе жатқаны да байқалады. 2024 жылдың басында ауданда 248,9 мың бас ірі қара (2023 ж. – 171,8 мың), 175,3 мың бас қой-ешкі (былтыр – 105,2 мың), 83,2 мың бас жылқы (былтыр – 73,3 мың) және 189,7 мың бас құс (былтыр – 155,7 мың) тіркелген. Бұл өсім – салаға салынған инвестиция мен мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесі.
Мал шаруашылығымен қатар, санитарлық-экологиялық қауіпсіздік те назардан тыс қалған емес. Ауданда жалпы көлемі 587 гектарды құрайтын агроиндустриалды аймақ құру жұмыстары басталды. Онда қажетті инфрақұрылым жүргізіліп, елді мекен ішіндегі мал бордақылау, сою және қайта өңдеу орындары толықтай сыртқа көшірілетін болады.
Аудан ауыл шаруашылығына заманауи технологиялар мен инвестициялар тарту бағытында да қарқынды жұмыс істеуде. Ағын судың тапшылығы – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Осыған орай, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Өткен жылы 1012 гектар алқапта тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістері қолданылса, биыл бұл көрсеткіш 1296 гектарға жеткізіледі деп жоспарланған.
Жалпы, Сайрам ауданының ауыл шаруашылығындағы ілгерілеушілігі – ел Президентінің аграрлық саясаттағы тапсырмалары мен мемлекеттік бағдарламалардың нақты орындалып жатқанын көрсетеді. Бұл – аудан еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегі мен ұтымды басқарудың нәтижесі.
