Сапаргүл арманындағы тігін машинасын алды
Қазығұрт ауданының тұрғыны Сапаргүл Сайлауқызы бала күнінен сурет салғанды жаны сүйеді. Мектеп бітіргеннен кейін дизайн мамандығын оқып, бүгінде аудандағы белді тігіншілердің біріне айналған. Оның тігін шеберханасынан заманауи үлгідегі тігін машинасында көруге болады.
Толығырақ айта кетейік, Сапаргүл Сайлауқыз былтыр көпбалалы ана ретінде мемлекеттен қайтарымсыз негізде несие алу өтініш білдіріп, өзінің жобасын қорғаған болатын. Соның нәтижесінде мемлекеттен қайтарымсыз негізде несие алып, қазір тігін шеберханасына бірнеше машина мен кәсіби үтік сатып алыпты. Қол астында екі тігінші жұмыс істеуде.
— Менің төрт қыз, бір ұлым бар. Көпбалалы анамын. Содан кейін ба жұмысқа көбіне декреттік демалыста отырған көпбалалы аналарды алғым келеді. Кішкентай болса да соларға көмегім тисе екен деп ойлаймын. Сонымен қатар, қазір менен тігіншілікті үйренгісі келетін қыз-келіншектердің де саны артып келеді. Оларға да қолымнан келгенін үйретіп жатырмын.
Әуел баста тігіншілікті «Наз» би ансамблінің бишілеріне көйлек тігуден бастаған болатынмын. Қазір байқауларда бишілердің киіміне де баға беріледі ғой. Аллаға шүкір, көйлектеріме сын тағылған емес. Биші қыздар елімізде өткізілген бірнеше байқайда жүлделі орындарды иеленіп, өңіріміздің абыройын асқақтатып келеді, — дейді Сапаргүл Сайлауқызы.
Сапаргүл Сайлауқызы грантқа компьютерлік бағдарлама арқылы жұмыс істейтін 600 мың теңге тұратын тігін машинасы мен ноутбук сатып алғанын айтады.
Жалы Түркістан – халық саны жағынан еліміздегі көшбасшы өңір. Тиісінше көп балалы аналар саны жағынан да ел бойынша алдыңғы орында. Жыл сайын республикамызда дүниеге келетін 400 мыңнан астам баланың әрбір жетіншісі Түркістан облысының еншісінде. 2023 жылы өңірде 54 мыңнан астам сәби жарық дүние есігін ашты. Облысымызда 179 мың көп балалы ана бар. 2500 «Батыр ана», 17 мыңға жуық «Алтын алқа» иегерлері саналы ұрпақ өсіруде. Біз 44 мыңға жуық «Күміс алқа», 4 мың «Ана даңқы» орденінің иегерлерімен мақтанамыз. Ардақты аналарымыз тек отбасының ұйытқысы ғана болып қоймай, қоғамның барлық саласында жемісті еңбек етіп келеді.
Жалпы биыл облыста еліміздегі еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 1793 грант беру жоспарланған. Жаңа бизнес-идеяларды қолдауға арналған жобаға облыс көлемінде бірінші лек бойынша 2 471 азамат өтінім білдірген. Бизнес-жобаларын қорғауға 2 097 азамат қатысты. Нәтижесінде 897 азаматтың бизнес-жобасы мақұлданды. Ал, қалған 374 азамат белгісіз себептермен комиссия отырысына қатыса алмаған.
Комиссия отырысында бизнес-жобалардың өміршеңдігіне, бәсекеге қабілеттілігіне және үміткердің кәсібилігіне өкілдер тарапынан баса назар аударылды. Комиссияның шешімімен оң қорытынды алған бизнес-жобалардың 271-і өндіріс саласына, 227-сі ауыл шаруашылығы саласына, 298-і қызмет көрсету саласына, 91-і тамақ өндірісі саласына, 10-ы құрылыс заттарын өндіруге бағытталған.