Өнегелі ісімен үлгі болған

Шардара қаласында ғұмыр кешетін Ұлданай Бердалықызы жуырда ғана 84 жасқа толды. Аналарының туған күніне еліміздің түкпір-түкпірінде ғұмыр кешетін ұрпақтары жиналып, ардақты анаға құрмет көрсетті. Қазыналы қария 7 перзентінен 36 немере, 70 шөбере, 4 шөпшек сүйіп отыр.

Қаршадайдан қара жұмысқа ысылған

Ұлданай Бердалықызының балалық шағы көрші елдегі Шыназ жерінде өтіпті. Анасы Айдыннан жастай жетім қалған Ұлданай апамызды нағашы әпкесі Жәмила тәрбиелеп өсіреді. Қаршадай қыз соғыстан кейінгі ауыр кезеңде қара жұмыстың бәрін істеп үйренеді. 15 жасында Әлмеш ағамызға тұрмысқа шығады. Келес ауданының Ғ.Мұратбаев атындағы ауылда тұратын Әлмеш ағамыз 9 сыныптан кейін мектеппен қоштасып, механизаторлық курсты оқыған екен.

–Сол кездегі тәртіп бойынша ешқандай оқу оқымай-ақ, қылтиып бойжете бастаған кезде Әлмеш аталарыңа ұзатылдым. Соңымнан 45 көйлек, 45 сүлгі әкелгені есімде. Қазіргідей машина тола жиһаз деген жоқ, төркінімнен келген тірлік осы болды. Соның өзі үлкен жасау болып саналатын. Бір-екі жылға дейін менің соңымнан жездем хабар алып отырды. Өгіз арбамен келетін еді. Арбаның ішін үйдің дәміне толтырып алатын. Қапқа салған ұн дейсің бе, күріш дейсің бе, құрт-май, ет, тіпті үйімізде өсетін тауықтардың жұмыртқасына дейін алып келетін еді, жарықтық. Жастай кеткен соң қарны ашып қалмасын, қиналмасын деген қамқорлықтары ғой. Шыназ деген қанша дегенмен қала ғой, ал, мен түскен ауылдың жағдайы шынымен ауыр еді. Қыстың соңғы айы ақпан келісімен өкіметтің жұмысы басталады. Қызыл әскер, Қаратөбе ауылдарын жағалай арық қазылады. «Оймауыт арық» деген каналды қазуға түгел жұмыламыз. Дәу кетпенді қолға алып, арық шабу деген ең ауыр жұмыс. Одан үйдің жұмысы бар. Көмір дегенді түсімізде көрмегеміз. Үйді жылыту үшін есекпен жыңғыл тасимыз. Тіпті арықтың жағасындағы қамыстарды тамырымен шауып әкеліп, ошаққа жаққан кезіміз болды. Үйдің айналасына жүгері егеміз. Оны піскен соң собығын тарттырып, ұн қыламыз. Бидай деген аз, соған жүгері ұнын қосып, зағара нан жасаймыз. Жүгері ұнынан қамыр жайсаң бірікпейді, үгітіліп кете береді. Сонда да талғажау үшін пайдаланамыз, – дейді өткен күндерді еске алған Ұлданай апамыз.

Ауыр бейнеттің зейнеті бар

Бала кезінен барлық  жұмысқа ысылып өскендігінің арқасы болар, Ұлданай апамыз кез келген тірлікті еңсеріп әкете беретін болды. Өзі құралпы қыз-келіншектермен мақта шапқанда да озаттардың қатарында есімі аталатын. Өзіне бекітілген норманы сағат 11-ге дейін-ақ орындап тастап, үйдің жұмысына кірісетін. Еңбеккүнге жазылатын колхоздың айлығы мына шетіне тартса, ана шетіне жетпейді. Қосымша күнкөріс үшін Ұлданай апа қамыс орып сататын. Киіз басып, алаша тоқып, оны да пұлдап отырды. Бірте-бірте үйде мал басы құралып, отбасының берекесі кіре бастады.

–Тынбай қимылдасаң бірдеңе болады ғой. Шалымыз трактор айдайды. Өзінен кейінгі інісі, менің қайным Ташкентте бес жыл инженерлік оқуды оқып келді. Соның да жағдайын жасап, азық-ауқатын, киетін киімін, жол пұлын осындай еңбекпен тауып отырдық. Енем Мейізкүл алтын адам еді. Бұрқ-сарқ етіп ашуланғанымен, қайтымы тез болатын. Ұрсып алған соң «айналайын, ашуымды сенен алмай кімнен алам» деп айналып-толғанып отырушы еді. Енемнің бетіне де, шалымның бетіне де өмірі келіп көрмедім. Тәрбием солай еді. Аулаққа барып жылап-жылап алып, түк болмағандай жүре беретінмін. Келіндік міндетімді асыра орындадым. Біз түскен ауылда келіндер басына бір емес, екі қабат орамал тартады екен. Осы күнге дейін сол үрдістен жаңылмай келемін. Енем марқұм қайтарында «екі дүниеде ырзамын, өсіп-өн, шырағым» деп ақ батасын беріп кетті, – дейді Ұлдана апа.

Апамыз он құрсақ көтергенімен, үшеуі жастай шетінеп кетіпті. Әлмеш атамыз екеуі екі ұл мен бес қызды тәрбиелеп өсірді. Жайлыбай, Әлима, Бибіажар, Тамара, Ұлбосын, Бекжан, Гүлжан есімді ұл-қыздарының барлығы да үйлі-баранды болып, өсіп-өніп келе жатыр.

Шаңырақтың төрінде домбыра ілулі тұрады

Бұл әулеттің өзгелерден бір ерекшелігі – ұл-қыздарына әншілік өнер дарыған. Үйде әу деп ән айтпайтын адам кемде-кем. Қолында тұратын ұлы Бекжанның әншілік өнері шардаралықтарға жақсы таныс. №12 орта мектепте тарих пәнінен дәріс беретін Бекжан Салманов сонымен қатар күміс көмей әнші де. Талай-талай думанды кештердің сәнін келтіріп, үкілі домбырасымен құйқылжыта ән салатын Бекжанның аудандық, облыстық өнер байқауларында жеңімпаз атанғанына куә болдық.

–Әншілік өнер балаларыңызға қайдан дарыған? – деп сұрадық апамыздан.

–Енемнің де, менің де өлең айтатын өнеріміз болды. Балаларға содан дарыған шығар. Ілгеріде көлемді жерге сыпырғы егіп, күзде соны өзбектерді жалдап, сыпырғы байлатқанымыз бар еді. Соны пұлдау үшін үлкен балам Жайлыбай Алматыға алып кетті. Содан не керек, сыпырғының ақшасына қымбат бағалы домбыра сатып алыпты. Бір мәшине сыпырғыдан үйге алып келген бұйымы – осы қара домбыра болды. Оған не деп ұрсасың енді. Өнерге, домбыраға құмарлық қой. Сол домбыраны бәрі тартып өсті. Әсіресе, Ұлбосын қызым мен осы Бекжан балам екеуі ән айтудан алдына жан салмайтын болды. Қазақтың шаңырағынан қара домбыраның үзілмей тұрғаны дұрыс. Біздің үйдің де қасиетті бұйымынің бірі – осы домбыра, – дейді Ұлданай апа.

Әженің ақылымен қыз бала көргенді болып өседі

Ұлданай ападан жастардың үйренетін өнегесі аз емес. Ұл-қыздарына бір ауыз қатты сөз сөйлемей-ақ тәлімді тәрбие бере білді. Көзі ашық адам далада қалмайтынын білетін апамыз перзенттерінің бәріне жоғары білім әперді. Жақсы сөзімен, өнегелі ісімен немерені де, шөбере мен шөпшекті де өсіріп, бүгінде рахатын көріп отыр.

– Балаларымды еңбекке де баулыдым, сонымен қатар білім алуына да қатты мән бердім. Мен көрген қиыншылықты көрмесін, қара жұмыста қиналмасын деп мақсат қойдым алдыма. Енді бүгін құдайға мың шүкір,  ұл-қыздарымның бәрі де алған білімдерінің нанын жеп отыр. Ал, енді ұрпақ тәрбиесінің орны бөлек. Біз секілді ата-әжелер ақыл-кеңесті өсіп келе жатқан ұрпақтың құлағына күнделікті құйып отыруымыз қажет. Қазір телеарнаны қосып қалсаң жартылай жалаңаш қаракөз қыздар селкілдеп билеп жүреді. Соларды барып сабағың келіп кетеді. Тойға барсақ та шаңырақ көтеріп жатқан жас келін ашық-шашық киініп алады. Бұл қандай тәрбие? Бүгінде «Әжелер алқасы», «Әкелер мектебі» деген ұйымдар құрылып жатқанын естіп жүрмін. Қатты қуанып қалдым. Балалардың отаншыл, ұлтжанды болып қалыптасуларына ата-әженің тәлім-тәрбиесі ауадай қажет-ақ. Болашақ ұрпақты тәрбиелеуде әжелердің орны бөлек. Жас шаңырақтың шайқалмауы, қыз-келіншектердің әдепті болуы жөніндегі ақылды,  келіндерге өсиетті, халқымыздың салт-дәстүрін сақтауды ата мен әже айтпағанда кім айтады? – дейді Ұлданай апамыз.

–85 жасқа қарай беттеп барасыз. Бұл жасты бағындырған қандай болады екен? Бүгінгі өмірге не айтасыз? Жастарға қандай бата бересіз? – деп сұрадық апамыздан.

–84 жас дегенің үлкен ғұмыр. Бірақ сол жастың өзі көзді ашып-жұмғанша өте шыққандай болды. Мына есіктен кіріп, ана есіктен шғып баратқандай болады екенсің, шырағым. Мен танитын, өзім қатарлы қариялар санаулы-ақ қалды. Құдайдың бұл жасты көрсеткеніне шүкір деймін. Мына заман мамыражай заман ғой. Қазіргі адамдар тоқшылықтың, тыныштықтың қадірін білсе екен деймін. Бүгінгі жастарға барлық жағдай жасалып отыр. Келіндер тұяқ қимылдатпай-ақ бір тетікті басып қалса кірі жуылып, тамағы пісіп жатыр. Басқа не керек? Патшамызға сабыр берсін, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деп тілеймін Алладан,– деп батасын берді апамыз.

Біз де Ұлданай апамыздың деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.

Әділ ӘБДІРАМАНОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *