Оразкүл Асанғазы: «Өзгеріс ойдан басталады немесе Түркістанда құрсақ шашудың қайта жаңғырғанын көргім келеді»

Қоғам қайраткері, тіл жанашыры, ұлттық, отбасылық құндылықтарды дәріптеуші Оразкүл Асанғазы ұлтқа деген жанашырлығы мен сүйіспеншілігін, шаңырақты шайқалтпай, отбасыны берік ұстау мәселесін дуалы сөзі арқылы жеткізбекке Түркістан халқымен қауышып «Отбасы берекесі» атты авторлық семинарын өткізді. Күйбең тіршілікпен кейде өзіне де қарауға мұршасы келмей қалатын қыз-келіншектерге тамаша ойын жеткізіп, өмірлік тәжірибесімен бөлісті.

«Бүгін байқап отырғанымдай әйелдер, қыздар көбірек жиналған екен, осыған қуанып отырмын, демек, әйелдер өздерің өзгергілерің келіп отырғанына, отбасыларыңды нығайту үшін білімнің ешқашан артық етпейтіндігін түсінгендеріңе қуаныштымын. Әйгілі ғұлама әл-Фараби «Дүниені өзгерткің келсе өзіңнен баста» дегеніндей, қандай-да қиындықты жеңіп шығуды үйренуіміз керек.

Шынында, әйелдер, біз білімді болмай, отбасына бақ-береке келмейді.  «Еркек – бас, әйел – мойын», ер адамды бұру үшін әйелге білім қажет, қыздарға ең бірінші керегі — ар білімі», — деп бастады бүгінгі кешін от ауызды, орақ тілді Оразкүл Асағазы.

Расында өзгеруді ниет еткен, отбасыда баршаның бабын табуды ойлаған қазақ әйелі көпті көрген, өмірлік тәжірибесі мол білімдар тұлғадан біраз дүниені білгісі келді. Сондықтан сапырылысқан тіршіліктен бір сәт сытылып, орайы келгенде Оразкүл апамен сырласқысы келді.

Ниет демекші, кітапты көп оқыған апай М.Әуезовтің «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі — ниет, одан соң — күш, одан соң — тәртіп керек» деген сөзін келтіре отырып, «отбасы берекелі болу үшін некеге тұрарда осы құдай қосқан қосағымнан өсейін, өнейін деген әу баста таза ниет болу керек. Алла барлық отбасыға бірдей ризық береді. Сол ризықты шашпай-төкпей, берекелі етіп ұстау әйелдің қолында. «Бір күн ұрыс болған үйден қырық күн береке кетеді» демекші, әр істі ойланып, ашуға жол бермеу қажет. Сіңлілерім, қыздарым, ер адамның он мінезінің тоғызы жаман болып, бір мінезі ғана жақсы болсын делік. Сол жақсы мінезін көркейту арқылы ғана берекені ұстай аласың. Жұмысқа шығарып саларда жарқырап, жайнап «құдай қосқан қосағым», «арыстаным» деп жақсы сөздеріңізді айтып шығарып салуға тырысыңыздар. Үйдің бақытты болуы әйелдің қабағына, мінезіне байланысты.

Жақсы әйел күйеуінің мінезін түзеп жүреді. Күйеуіңнің қандай-да көркем мінезін Алладан тілеңдер. Барлығымызды жаратқан мейірімді Алла оны түзетеді, оған сенімді болыңдар. Сен жамансың деп күйеуіңе айтқаннан оны өзгерте алмайсың, күйеуім нашар деп енеңе, анаңа, досыңа айтып шағымданғаннан ол өзгере ме? Күйеуіңнің жаман деген мінездерін жақсы жағына қарай аударып, сондай болуын бір Алладан ғана тілеп, соған сай әрекет ет!».

Иә, тыңдап отырып, данагөй жанның айтып отырғаны қазіргі жастарға ауадай қажет екенін ұғасың. Бүгінде орын алып жатқан небір отбасылық даудан кейінгі ашудан зардап шегіп жатқан күнәсіз балалар…

Әрі қарай шығыстың даналығынан да шырайлы нақылдар жеткізіп: «ойыңа еге бол, ойың сөзіңе айналады, сөзіңе еге бол, сөзің ісіңе айналады, ісіңе еге бол, ісің дағдыға айналады, дағдыңа еге бол, дағдың мінезге айналады, мінезіңе еге бол, мінезің тағдырыңа айналады» дейді. Сондай-ақ шығыстағы тазалықтың 7 ережесіне тоқталып, қолдың, көздің, құлақтың, ауыздың, тәннің және киімнің, ойдың, жан мен жүректің тазалығына мұқият болуды тапсырады. Жүрекке жетер қандай дана сөздер десеңші?! Әр қыз бала есінде сақтаса, күнделігіне түртіп алса өмір бойы ескірмейтін, ес кіргізетін ақыл екені даусыз…

Оразкүл апай отбасы берекесінің сақталуы жайлы хадистен де мысал келтіруді ұмытпайды: «жалпылай айтар болсақ, әйел адам ер адамның өмірінде төрт түрлі рөл атқарады. Ол аяулы ана, асыл жар, қадірлі әпке-қарындас немесе қыз. Осы рөлдердің әрқайсысы ер азаматқа үлкен ықпалын тигізеді. Егер әйелдің иманы болса және өз дінін білсе, онда ол ана ретінде балаларын шариғат талаптарына сай бағып-қағады. Жар ретінде күйеуіне адал болады. Әпке-қарындас ретінде ағасына немесе інісіне қиындықтарда демеу болады. Қыз ретінде әкесіне қамқорлық танытады. Осылайша, әйел өмірге сән де береді, мән де береді».

Орайы келгенде айтылған ойлар тереңінен ойландыртпай қоймайтыны анық.

Ешбір кезеңде маңызы тарқамайтын тақырыпқа тақадай дайындалған ұлтына жанашыр тұлға жазушы Совет-Хан Ғаббасовтың «адамның Жан дүниесінің байлығы ұят пен сүйіспеншілік, зейін мен зерде, жігер мен мінез, ішкі бес сезім мен әртүрлі қабілеттерііштен туатындықтан болашақ ұрпақтың ұрық тазалығы мен анасының өз уақытында жүргізетін түйсіктік тәрбиесінен» екендігін еске түсіреді. Қоғам қайраткері тал бесігіміз – тәрбиенің  ақсап бара жатқанына қынжылады. Сондықтан Мәшһүр-Жүсіп Көпейше айтқанда, «қызға зәру білім қажет, зәру білім — әйел адам иманын сақтайтын, жанын сақтайтын, арын сақтайтын, ақылын сақтайтын және тұрмысқа шыққаннан кейін ерінің бір малын екі ететін, және дүниеге ұрпақ әкелгеннен кейін, оны салауатты етіп тәрбиелейтін білім алу керектігіне» айрықша тоқталады. Осыған ерекше назар аудара отырып бұрынғы барлық құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, жаңа заманның адамын Абай ғибратымен тәрбиелеуді ұсынады.

«Әттең, соңғы кезде біз салт-дәстүрімізден, өз құндылықтарымыздан алыстап бара жатырмыз. Өздеріңізге белгілі, кеңес үкіметі кезінде қазаққа «қызды малға сатты» деп қара күйе жағылып келді. Ал шындығында қыздың жасауы «қалың мал» мөлшерінен кем болмаған. Демек, бұрынғы дала заңында бұл ескерілген секілді.

Бұрынғы заманда қазақ шаңырақ берекелі болсын, қосылған жастар ажыраспасын деп құдайы қонақ болып, барған үйдің анасына аса мән берген. Жүргенде жүрісі білінбейтін, үйі таза, асы дәмді әйелі бар үйге бірден ойы кетіп, мен осы үймен құда болсам деп сол кезден ниетін білдірген. Қызы жоқ болса, 1-2 жылдан соң қайтып айналып келем деп «бел құда» болуға, бесігінде жатқан қызын айттырып «бесік құда» болуға уағдаласқан. «Анасын көріп қызын ал» дегендей, аталарымыз жастардың ажыраспауын әріден ойлап, осындай салт-дәстүрлерді қолданған. Сондықтан құдандалы құда болудың түпкі сыры осында» деп, салт-дәстүрді сары майдай сақтауды дәріптеген Оразкүл апай қазақылықтың қаймағы бұзылмаған көне Түркістанда «қолұстатар», «құрсақ шашу» дәстүрлерінің қайта жаңғырғанын қалайтынын жасырмады.

Отбасын сақтау жайлы осындай орамды ойларын айта келе тіл жанашыры Оразкүл апай тіл туралы қадап айтты.

«Мәшһүр-Жүсіп бабамыз «қазаққа қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туады» деген, бірақ оны ұстап қалу үшін ұлтымыз тілі мен дініне ие болу керек, руханият жөнделмей, ештеңе дұрысталмайтынын айтқан. Ал біз тілді үшке бөлдік, ағылшын, орыс тілін білгендердің мансабын өсірдік, дінді жүзге бөліп, түрлі ағымдарға жол бердік. Өкінішке қарай, билік те, халық та қазақ тілін дамытуға құлықсыз. Егер Мұхтар Шаханов, Амангелді Айталы сияқты мемлекеттік тілге жанашыр болып, оның алға жылжуына ниетті болсақ, біраз жерге барар едік.

Әттең, қазақ тілі орыс тілінің көлеңкесінен әлі күнге ұзай алмай келеді. Біз енді бұған жол бермей, тіліміздің еңсесін тіктеуіміз керек. Әйтпесе, мына қос тілділік жағдайында тілі жоғалған ұлтқа айналамыз. Өз тілімізді құрметтейік, ата-бабамыздан аманат болып қалған жерімізде тіршілігімізді қазақ тілінде жүргізейік. Қазақ тілінде ғана өз тілін ана тілі дейді. Жүрген жерлеріңде орыс немесе өзге тілде жазылғанын көрсеңдер, құлықсыздық танытпай, өзгертуге тырысыңдар!» деп  ашына жеткізіп, М.Мақатаевтың «Үш бақытым», М.Шахановтың «Төрт анасын» мәнерлей жатқа айтып, қазақтың ақын-жазушыларын үзбей оқитындығын тағы дәлелдейді. Дәлелдей келе қамшылайды, қайрайды, намысын, ұятын оятады…

Сөз соңын Абайдың өлеңімен қорытындылап:

«Махаббатпен жаратқан адамзатты

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті.

Сіздің өміріңізді сіз үшін ешкім жөндей алмайды, өз өміріңіз өзіңізге керек, өзімізді танысақ, бақытты екенімізді сезінсек, Алланың сүйікті құлы екенімізді мойындасақ бәрі де керемет болады» дейді қазақтың қайсар қызы, орақ тілді Оразкүл апа.

Несібелі Иманқұлова

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *