«Қамқорлықтың» арқасында сұлулық салонын ашып, қыз-келіншектерге қызмет көрсетуде

Сауран аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты әлеуметтік қызмет көрсету орталығының «Қамқорлық» бөлімшесінде білім алып, кәсіптің қыр-сырын үйренген Тоқтан Оидин қазір кәсіби шаштараз.

Кейіпкеріміз бұған дейін үйінде қыз-келіншектердің шашын қиып, сәндеп беріп жүрген екен. Бүгінде ол осы білімін жетілдіріп, арнайы мамандардан дәріс алып, өзінің тұрғылықты жерінен сұлулық салонын ашып отыр. Тұтынушыларының да қатары көбейген. Алдағы уақытта ауылдағы қыз-келіншектердің сұранысы бойынша өзге де мамандарды шақырып, кәсібін кеңейтуді мақсат етіп отыр.

Айта кетейік, қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына орай облысқа қарасты барлық аудандарда ана мен балаға көмек көрсететін арнайы орталықтар ашыла бастады. Түркістан облысы негізінен демографиялық өсімі жоғары аймақтардың қатарына жатады. Көп балалы отбасылардың басым бөлігі өңірімізде тұратынын ескерсек, ана мен бала құқығын қорғаудың біз үшін маңызы ерекше екендігі айтпаса да түсінікті. Былтыр облыс орталығында көп балалы отбасыларға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды қолдау мақсатында «Қамқорлық» отбасылық орталығы ашылған болатын. Жыл ішінде 500-ден аса адамға әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетіліп, кейбірінің кәсіп ашуына қолдау көрсетілді. Солардың бірі ретінде Сауран ауданының тұрғыны Тоқтан Оидинді айтуға болады.

Бүгінгі таңда Сайрам, Отырар, Ордабасы және Жетісай аудандарында осындай қамқорлық орталықтары ашылып, жұмыс істеуде. Сала мамандарының мәлімдеуінше, алдағы уақытта ана мен балаға қамқорлық танытатын мұндай орталықтар жыл соңына дейін қалған аудандарда да ашылатын болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *