Егінге – ел үміті: Созақта жиын-терін науқаны жүріп жатыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын ұлттық экономиканың басты драйверлерінің бірі ретінде қарастырып, аграрлық саладағы өнімділікті арттыруды, шаруалардың еңбегін қолдауды үнемі баса айтып келеді. Президенттің Жолдауларында көрсетілген нақты міндеттер ауылдағы тіршіліктің тұралап қалмауына, ауыл еңбеккерлерінің жағдайын жақсартуға, өнім көлемін еселеп арттыруға бағытталған. Осы ретте Түркістан облысы Созақ ауданында да аталған бағыттар бойынша нақты жұмыстар атқарылып келеді.

Бүгінде өңір шаруалары көктемгі еңбектің жемісін жинауға кірісті. Аудан аумағындағы Жон аймағында орналасқан егістік алқаптарда жиын-терін науқаны басталып, жергілікті диқандар арпа ору жұмыстарын қызу жүргізуде. Жуырда аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аталған аймақтағы бірқатар шаруашылықтарға барып, егіс алқаптарын аралап, орын алған жағдаймен танысты. Науқан барысы, өнім шығымдылығы мен ауа райының әсері – талқыланған басты мәселелердің қатарында болды.

«Камила РБР» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл 240 гектар алқапқа арпа еккен. Аталған шаруашылықтың техникалық әлеуеті де, еңбек күші де жеткілікті. Дегенмен, биылғы ауа райының қолайсыздығы, атап айтқанда қуаңшылық пен жауын-шашынның аз түсуі өнім көлеміне өз әсерін тигізбей қоймаған. Мұны аудан басшысына қожалық иелері де ашық айтып, алдағы жылдары осындай қиындықтардың алдын алу жолдарын бірлесе қарастыру қажеттігін жеткізді. Сол сияқты «Өмір» шаруа қожалығы бидай өсірумен айналысады. Биылғы өнімнің түсімі өткен жылмен салыстырғанда төмен болғанымен, шаруалар қолдағы бар ресурсты тиімді пайдаланып, шығынды азайту жолында еңбек етуде.

Мұхит Тұрысбеков шаруалармен пікір алмасып, техникалық қамтылу, су көздерінің жеткіліктілігі, тұқым сапасы мен баға саясаты туралы да пікір білдірді. Ауыл шаруашылығы – үлкен табандылық пен шыдамды қажет ететін сала. Сондықтан да мемлекет тарапынан берілетін субсидиялар мен жеңілдікті несиелер, сондай-ақ инфрақұрылымды жетілдіру шаралары осы бағытта үлкен қолдау болып отыр. Аудан әкімдігі алдағы уақытта су үнемдеу технологияларын енгізу, жаңа агротехникалық тәсілдерді қолдану, өнімнің сапасы мен көлемін арттыру бойынша жоспарланған жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыратын болады.

Айта кетейік, биылғы көктемде Созақ ауданы көлемінде 370 гектарға бидай, 1438 гектарға арпа, 1100 гектарға мақсары, 760 гектарға жүгері дақылдары егілген. Аталған егіс көлемі ауданның агроөнеркәсіптік әлеуетін көрсетумен қатар, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де маңызға ие. Әсіресе, халық күнделікті тұтынатын астық өнімдерінің қолжетімді бағамен ұсынылуы үшін сапалы әрі мол өнім алудың маңызы зор. Мұндай қадамдар ел Президентінің агросаланы дамыту жөніндегі тапсырмаларымен және Үкіметтің ауыл шаруашылығы бағытындағы бағдарламаларымен толық сәйкес келеді. Диқандарды қолдау, егіннің әр түйір дәніне дейін тиімді игеру, жер мен суды үнемдеп пайдалану – болашақ ұрпаққа деген жауапкершілік екенін аудан басшысы өз сөзінде атап өтті. Бұл ретте шаруалар мен билік арасындағы байланысты нығайтып, нақты қолдаулар арқылы агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеру – басты мақсаттардың бірі.

Осындай үйлесімді жұмыс пен өзара түсіністік негізінде ауданның ауыл шаруашылығы саласы кезең-кезеңімен өркендеп келеді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жүйелі іс-шаралар жалғасын табатыны сөзсіз. Аудан басшысы жиын-терін жұмыстарын уақытылы әрі сапалы аяқтаудың маңыздылығын атап өтіп, жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, агросаладағы жаңа технологияларды енгізу, су үнемдеу тәсілдерін қолдану және ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану қажеттігі айтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *