Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесінің берілуі шаһардың дамуына үлкен серпін берді
Биыл қалада қосымша 2 мың жаңа шағын және орта бизнес субъектісі тіркелді. Тұрғындардың орташа жалақысы 58 пайызға өсті.
Қала бюджетінің өзіндік кірістері соңғы 5 жылда 5 есе артты. Биылғы жылдың 6 айында өзіндік кірістер 11 млрд. теңгені құрады. Соңғы 5 жылда қалада жаңа әкімшілік-іскерлік, мәдени-рухани орталықтары, жаңа халықаралық әуежай салынды, Бекзат Саттарханов даңғылы қайта жаңартылды. Облыс орталығы болғалы бері қалада 163 тұрғын үй салынып, 9397 отбасы баспаналы болды.
Бұдан бөлек, қазіргі уақытта 4439 пәтерлі 66 үйдің құрылысы жүргізілуде, оның ішінде биыл 59 үй, келесі жылы 7 үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар жеке инвестиция есебінен 2700 пәтерлі 46 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.
Қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы демалыс аймағын қалыптастыру мақсатында «Жібек жолы», «Президент» саябағы, Саттарханов, Яссы көшелеренің бойында Желілік саябақтар, «Отбасы», «Денсаулық» саябақтары ашылды. Көгалдандыру жұмыстары өте қарқынды жүріп жатыр.
2020 жылы көшелерді түнгі жарықтандырумен қамту деңгейі 31 пайыз ғана болған, яғни, небәрі 269 көше қамтылған еді. Биылғы жылы бұл көрсеткішті 86 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін жарықтандырылған көшелердің саны 757-ге дейін жетеді деп күтілуде.