Түркістан облысы республикадағы мақта өсіретін жалғыз өңір

Түркістан облысы республикадағы мақта өсіретін жалғыз өңір. Мақта шаруашылығында 25 мың агроқұрылымда 70 мыңға жуық адам еңбек етеді. Облыста жыл сайын 120 мың гектар мақта егіліп, 300 мың тоннаға жуық шитті мақта жиналады.
Елде тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан, шикі мақтаны сату бағасы Ливерпуль мақта биржасындағы мақта талшығының индексіне тікелей тәуелді. Сондықтан өңірде тоқыма, тігін өнеркәсібін дамыту, мақта кластерін қалыптастыру мақсатында арнайы жоспар әзірленді. Сондай-ақ, Өзбекстандық инвесторлармен бірлесе отырып, 2023-2025 жылдары Мақтаарал ауданында 21 млрд. теңгеге мақта-тоқыма кешені және логистикалық хабты құру инвестициялық жобасы жүзеге асырылмақ. Жобаның қуаттылығы – 160 мың тонна. Ал, жоба толық іске асқанда 3000 жаңа жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ, ең алдымен мақта тұқымының сапасын жақсарту мәселесіне мән беріледі.
Осы жұмыстар нәтижесінде облыста өндірілетін шитті мақтаның 70% терең қайта өңдеуден өткізіліп, баға нарығына тәуелділік жойылады.
Бұдан бөлек, Түркия мемлекетімен элиталық мақта тұқымын елімізге импортауға келісімшарттар түзіліп отыр. 2027 жылға дейін ішкі нарық толығымен сапалы элиталық тұқымдармен қамтамасыз етіледі.
Биылдың өзінде көршілес Өзбекстан, Түркия елдерінен элиталы тұқымдық шит жеткізілген.
Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін құру жобасы әзірленген. Осы жоба іске асқанда 75 кәсіпорын салынбақ. Жобаны толық іске асыру кезінде 41,9 мың жаңа жұмыс орны құрылады, жыл сайын бюджетке түсетін түсімдер сомасы 26,2 млрд. теңгені құрайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *