Кентауда су инфрақұрылымы жаңғыртылуда

Кентау қаласында су ресурстарын тиімді пайдалану, энергия үнемдеу және жасыл экономика қағидаттарын енгізу бағытындағы мемлекеттік саясатты қолдай отырып, «Ащысай Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны халықты ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету және кәріз жүйесінің қызметін жақсарту бойынша нақты жұмыстар атқарып келеді. Кәсіпорын Кентау қаласы және оған қарасты Хантағы, Карнак, Байылдыр, Ащысай ауылдары, Түркістан қаласы мен Сауран ауданының Еңбекші, Дихан, Бостандық, Оранғай елді мекендеріне тәулігіне 24 сағат ауыз су жеткізіп отыр.

Кәсіпорын теңгеріміндегі ауыз су құбырларының жалпы ұзындығы 1235,646 шақырымды құрайды. Оның 927,646 шақырымы — 2008–2018 жылдар аралығында «Ақ бұлақ» және «Таза су» бағдарламалары аясында жаңадан салынған полиэтилен құбырлар болса, 308 шақырымы – 1960–1980 жылдары салынған темір құбырлар. Қазіргі таңда осы ескі жүйелерді кезең-кезеңімен жаңарту қолға алынған. 2025 жылдың алғашқы 5 айында 420 су құбыры, 470 кәріз құбыры, барлығы 890 ақау тіркеліп, уақытылы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, қала көшелерінде 61 ашық құдық жабылып, оның 43-і шойын, 18-і бетон қақпақтармен жабдықталды. Бұл – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экологиялық тәуекелдердің алдын алуға бағытталған жұмыс.

Маусым айында су тұтыну көлемінің артуына байланысты №9 және №10 су сорғылары істен шыққан болатын. Осыған орай «Ащысай Су» мекемесі мен «Каратас Майнинг» мердігер мекемесі бірлесе отырып, сағатына 500 м³ қуаттылығы бар жаңа насос орнатып, ауыз суды үздіксіз әрі тұрақты беруді қамтамасыз етті. Тұрғындар сұранысы негізінде Жиреншешешен көшесінде диаметрі 63 мм болатын 40 метр құбыр жаңартылды. Ақауларды жою жұмыстары құрғақ материалдармен тегістеліп, санитарлық жағдай сақталды. Кәріз жүйесі де назардан тыс қалмауда. Панфилов көшесіндегі 220 мм магистралды құбырдың 5 метрі, Рысқұлов – Исабеков көшелеріндегі 110 мм құбырдың 100 метрі ауыстырылды. Сонымен қатар, Шұғыла мөлтек ауданындағы №2 және №4 КНС сорғыларына демонтаж, монтаж жұмыстары жүргізілді.

«Ащысай Су» МКК қызметі — өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, тұрғындардың тұрмыстық жайлылығына үлес қосатын маңызды әлеуметтік бастама. Алдағы уақытта су жүйесін автоматтандыру, энергияны үнемдейтін технологияларды енгізу және инфрақұрылымды кезеңмен жаңарту жалғасатын болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *