Қазақстанның атом энергетикасын дамытуға мүмкіндігі мол
Жалпы атом электр станциясын салу көптеген мүмкіндіктерге жол ашады деп сенемін. Әлемдік сарапшылардың сөзіне сенсек, елімізде атом электр станциясының болуы бұл мемлекеттің тұрақты дамуы мен өркендеуіне оң ықпалын тигізеді. Сонымен қатар, ол арқылы ғылыми, экологиялық, экономикалық және стратегиялық тұрғыдан да бірқатар артықшылықтарға қол жеткізуге болады.
Бүгінде Ресей, Франция, АҚШ, Оңтүстік Корея және Қытай секілді бірқатар дамыған мемлекеттерде атом электр станциясы бар. Бұл елдер АЭС-тің мемлекеттің тұрақты даму үшін үлкен мүмкіндік беретінін әлдеқашан түсініп, бұл саланы дамытуды әлдеқашан қолға алған.
Атом энергетикасы экономикалық өсуге ықпал етіп қана қоймай, қоршаған ортаға көмірқышқыл газының бөлінуін азайту арқылы экологиялық ахуалды жақсартуға да үлкен үлес қосады. Сонымен қатар, біз атом энергетикасына көшу арқылы көмір мен мұнай сияқты отындарға тәуелділігімізді төмендете аламыз. Айта кетейік, мұнай өңдеу зауыттары секілді атмосфераға көмірқышқыл газын көп мөлшерде бөліп шығаратын кәсіпорындардың жұмысына АЭС салу арқылы ауаны ластауына тосқауын қоюға болады.
Ең бастысы, АЭС экологиялық тұрғыда ең таза энергия көздерінің бірі болып табылады. Әрі ол тұрақты, үздіксіз және сенімді энергиямен қамтамасыз етеді. Елімізді қазба байлықтарға деген тәуелділіктен арылтады. Орайы келгенде, атом электр стансаларын өзінің энергетикалық жүйесіне сәтті енгізген елдердің ішінде Оңтүстік Кореяға кеңірек тоқтала кетейік. Мәселен, Оңтүстік Корея қазір әлемде атом технологияларын экспорттау бойынша да көшбасшы елдердің бірі болып табылады. Онда электр энергиясына арзан тарифтер белгіленген. Мұндай жүйенің өз кезегінде елдің экономикасымен қатар өнеркәсібінің де дамуына, халықтың өмір сүру деңгейінің жоғары болуына әсер етері сөзсіз.
Франция мемлекеті де атом энергиясын көп қолданатын елдердің қатарына жатады. Ондағы атом электр станциясы елдегі энергияға деген қажеттілікті жауып қана қойған жоқ. Сыртқа да экспорттай бастады. Қытай мемлекеті де атом энергиясын пайдалануда алда келеді. Өздеріңізге белгілі, аспан асты елі соңғы жылдары жаңа техника мен технологияны игеруде қарқынды даму үстінде.
Біздің еліміз уран қоры бойынша да әлемде алдыңғы қатардағы мемлекет. Осы жағынан алғанда Қазақстанның атом энергетикасын дамытуға мүмкіндігі мол екенін аңғаруға болады.
Есімхан Батырбек,
Сайрам ауданының белсенді жасы