Түркістандық тұрғын үйінен музей ашты

Түркістан қаласының тұрғыны, осы киелі қаланың «Құрметті азаматы», «Еңбек  ардагері», «Сауда саласының үздігі», облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының екінші орын  иегері, «Жұлдызы жарық  жанұя» номинациясын қанжығасына байлаған Рыс Іскендерқызы Ташметова бүгінгі таңда 85 жасқа толып, төрт қызы мен қос ұлдан 26 немере, 52 шөбере, 7 шөпшек көріп, тамырын тереңге жайған бәйтеректей өсіп-өніп отырған шаңырақтың алтын діңгегі, ұйытқысы.

Ақ кимешегі анадайдан менмұндалап, зерлі шапаны өн бойына жарасып ұлттық киіммен қоғамдық істердің басы-қасында жүретін белсенді әжейді Түркістан өңірінде білмейтін жан кемде-кем.  «Салиқалы әжелер» қатарында ән де салады. Облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасында өтетін бұқаралық-көпшілік іс-шараларға қатысып, рухани әлемнің құндылығын жас ұрпаққа насихаттап та үлгереді. Он саусағынан өнер тамған шеберлігінің арқасында «Ең шебер әже», «Кимешек тігудің шебері» атанып, «Аялы әже», «Жылдың жүз үздігі», «Ұстаз ұлағаты», «Өмір өнегелері», «Ел егемендігі» кітаптарына енген.

Бір сөзбен айтқанда, сегіз қырлы, бір сырлы. Ол кісінің бойындағы қай қасиетті алсаңыз да, саналы ұрпақтың сапалы тәрбиесіне, ұлттық құндылығымызды дамытуға бағытталған. Бала күнінен бойына сіңген қайырымдылығы тағы бар. Елді сансыратқан пандемия кезінде де қарап отыра алмай, зейнетақысына бетперде тігіп, тегін таратқан. Теңізге тамған тамшыдай болса да елге пайдам тисе деген ниет. 2017-жылы ТҮРКСОЙ халықаралық іс-шарасы кезінде 65 кимешек тігіп, ел-жұртты бір таңқалдырғаны бар. Рыс Іскендірқызының мұндай ерекше тірліктерін  бір мақала аясында әңгімелеп шығу мүмкін емес. Бүгінгі күні Рыс әженің қара шаңырағынан музей ашып, ұлттық жәдігерлерімізді көздің қарашығындай сақтаудың үлгісін көрсетіп отырған бір қырына ғана тоқталғымыз келеді. Сонымен, қаламыздағы толассыз өтіп жатқан іс-шаралардың бірінде  Рыс Тәшметова әжемізді кездестіріп, көкейге келген сауалымызды қойған едік.

— Мұндай ой қайдан келді?- деген сұрағыңызға жауап берейін. Менің анам Үржан Өтеқызы — он саусағынан өнер тамған  тігінші еді. Көзімді ашқаннан есімді білгенге дейін ол кісінің  қолынан ине-жібі  түспей тігін тіккенін көрдім. «Шеше көрген тон пішер» деген  мақал бар қазақта. Кішкентайымнан көргеннен кейін есте қалады екен. Өзім отыз үш жыл сауда саласында қызмет жасадым. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін бала күнімде анамнан үйренген өнерім есіме түсіп, қайтадан тігін машинасына отырдым. Негізінен құрақ құраймын. Мысалы, кез келген үйде маталардың қиындылары болады. Жаңа тіккізген киімдерден қалып қояды. Тағы басқа сол сияқты жағдайлардан қалған кездемелер кәдеге аспай әр жерде бір жатады. Міне, осындай маталардан құрақ жастық, құрақ көрпеше тігемін. Негізі, біздің ата-бабаларымыз ат қойып, ен тақпай-ақ  «қалдықсыз өніммен» жұмыс  істеген ғой. Құрақ құрау, біріншіден, «Тезірек үй болып құралып кетейік» деген қазақи ырымнан бастау алса, екіншіден, ерте кезде мата да қат болатын. Матаның кішкентай қиқымын аналарымыз «көзіне басып» әспеттеп, қадірлеп отыратын. Кез келген нәрседе ысырапкершілікке жол берілмеуші еді. Міне, осындай ұқыптылықты бала кезімнен бойыма сіңіріп өскендіктен болар, әр нәрсенің көзін табуға тырысамын. Ұл-қыздарым мен келіндеріме де айтатын өсиетім осы.

Халқымыздың қолөнерін құрметтеу, оны насихаттау, жастарға үйрету бағытын басты назарда ұстап, тынбай еңбек етіп келемін. Халықтық өнерді біз құрметтемесек кім құрметтейді? Атадан балаға мирас болып келе жатқан дәстүрді кейінгі ұрпаққа біз насихаттамасақ кім насихаттайды?  Ғасырдан-ғасырға жалғасқан, мұра болған қандай құнды жәдігерлеріміз бар. Оған қамқорлық жасалмаса, ізім-қайым жоғалып кетуі ғажап емес. Сонда кейінгі ұрпаққа не айтамыз? Қандай мұра қалдырамыз? Мені осы мәселе көп толғандырады. Жастау кезімізде жұмыс істедік. Шиеттей бала-шағаны жеткізіп, асырап-бағу қамымен жүрдік. Зейнеткерлікке шығып, аздап қолым босағаннан кейін осы мәселеге шындап мойын бұрдым. Әуелі немерелердің білім алып жүрген мектебіне барып, ата-аналар жиналысына қатысып жүрдім. Үлкендік ақыл-кеңесімді айтып, қоғамдық жұмыстарына араластым. Ата-аналар комитетінің жұмысын жандандырдым. Өйткені, ата-аналар комитеті — ұстаздар қауымының үлкен тірегі деп білемін. Бірлесе атқарған жұмыс қашанда жемісін береді. Осылайша бірте-бірте мектеп тірлігіне араласып жүріп олармен біте қайнасып кеттім. Немерелерім қай мектепте оқыса, сол мектептен табыламын. Қолөнер бұйымдарымды апарып, көрмелеріне қатысамын. Түркістан қаласында мені  бәрі «белсенді әже» деп таниды. Менің жасым қазір 85-те.  Сондықтан да, өмірден көрген-түйгендерімізді жастарға үйрету парызымыз деп білемін. Осы игілікті іс, жақсы ниет осылай басталып еді, — деп бастады әңгімесін Рыс Тәшметова анамыз.

Айтса айтқандай, Рыс Тәшметова апайды танып-білген ширек ғасыр ішінде көңілге түйгенім, қашанда қоғамдық істердің басы-қасынан табылады. Мейлі, ол мектептегі іс-шара болсын, облыстық, қалалық деңгейдегі мәдени байқаулар мен көрмелер болсын, қолөнер бұйымдарын жарқыратып жайып, келіндері мен немерелерінің басын біріктіріп, қатысып, жүлделерді жеңіп алып жатады. Елімізде 2017-жылы өткен ЭКСПО-ға да немересін ертіп, өз қаржысымен барып келгендегі әсерін әлі күнге дейін айтып тамсанады. Шағаладай аппақ көйлегі мен қапсырма, әшекейлер таққан барқыт қамзолын, түнікелі кимешегін, білезік-жүзіктерін киіп келе жатқан әжеміз жан-жақтан келген шетелдіктердің назарын аударып, бір сәтте «жұлдызға» айналып шыға келген. Ол туралы Рыс әже былайша әңгімелейді:

— ЭКСПО-ны үш күн араладым. Таңертең кіріп кешке бір-ақ шығамыз немерем екеуміз. Не деген керемет дүниелерді көрдік. Қай жағыңа қарарыңды білмейсің. Тіпті шаршағанымызды да ұмытып кеттік. Туристер қаумалап, бірінен кейін бірімен суретке түстік. Негізі, мен өмірде рухани құндылықты, соның ішінде өзіміздің қазақ халқының өнерін бәрінен де жоғары қоямын. Сондықтан да үйімнен музей аштым. Менің әкетіп бара жатқан байлығым жоқ. Бірақ, осы қарапайым үйімнің бір бөлмесіне жасақталған жәдігерлерді көнеден келе жатқан теңдесі жоқ дүние деп есептеймін. Менің музейімді теле арналардан көрген, өзімнің тамыр-таныстарымнан көріп-білген жас жұбайлар осында суретке түседі естелік үшін. Сәбилерін бесікке салып, тұсау кесетіндер де бар. Жалпылама әуестікпен тамашалап келіп кетеді.

Музей мәселесіне келсек, жәдігер жинаймын. Кешегі май шайқаған күбіміз,  келі-келсабымыз, диірменіміз шойын табаларымыз, ана жатқан фонарьларға дейін, ертеде пайдаланған тұрмыстық заттарды жинап жүремін. Қазақы дүниелерден үлкен түкті кілемдерді, тақыр кілемдерді, алашаларды жинап қана қоймай, оның жасалу тәсілін, тарихын түсіндіремін. Менің дақпыртым біраз жерлерге жетіп,  «Алатау» телеарнасынан, басқа да ақпарат құралдарынан, туризмнен, мәдениеттен келіп қызығушылық танытып жатқандар да бар. Әзербайжан елінің тілшісі келіп кетті. Біз туралы  мәліметтер әлеуметтік желілерге де шаң беріп қалып жүр. Бұрнағы жылы  текемет басқанымызды түсіріп әкетті. Сондықтан да, музейімді кеңейту үшін екі бөлме мен лоджаға жөндеу жұмысын жүргізіп жатырмын,- дейді Рыс анам…

Рыс Іскендірқызының тарихтың өткенінен сыр шертер құнды мұрағаты — қолөнерді дамытуды қолға алып жүрген шөбересі  де бар екен. Демек,  бұл үйінен музей ашып, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды жандандырып отырған кейуана қариямыздың бұл игілікті ісі ұрпағы арқылы жалғасын табады деген сөз. Осы орайда қалталарынан төгілген қаржысын қайда жұмсарын білмей, босқа шашып жүрген байбатшалар зейнеткер анамыздың осы қадамынан үлгі алып жатса, қанеки!

Сексен бес жасқа келіп, қаланың қоғамдық өміріне белсене араласуын тоқтатпаған Рыс әженің жастарға айтары бар. Құдай қосқан қосағы, тектінің ұрпағы, өмірі  еңбекпен өткен, осыдан он алты жыл бұрын жетпіс бес жасында дүние салған отағасы Өсербаев Қуанышбай екеуі алты перзентті өсіріп, 26 немере, 52 шөбере, 7 шөпшек сүйіп отырған Рыс Іскендірқызы Тәшметованың өмір әлемін таңғажайып десек болмас па?

Роза Нарымбетова

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *