Қолөнер кәсібін ұршықша иірген
Бүгінде айналаңызға қарасаңыз, ұлттық нақыштағы ою-өрнектерді қайта жаңғыртып, қазіргі заманға сай лайықтап, оны кәсіпке айналдырып, табыс тауып жүрген қыз-келіншектер көптеп кездеседі. Десе де бүгінгі кейіпкеріміздің өмірі өзгеше. Ол жастайынан денсаулығымен алысып, балалық шағының басым бөлігін аурухана қабырғасында өткізген жан. Кішкентай болса да зерек те ісмер болған қыз ауырып жатқан кездері дертінің емін тігін тігіп, тоқыма тоқудан тапқан. Сол кішкентай қыз бүгінде Түркістанға танымал тоқымашы Пазылбекова Жанат Болатханқызы.
Қолөнер иесі бүгінде өз брендін қалыптастырған, заманауи жаңашылдыққа толы ерекше этностильді дүниелері өз тұтынушыларын тапқан. Ясауи кесенесінің маңындағы дүкенін өз қолынан шыққан түрлі ғажайып тоқыма бұйымдарымен толтырып, сол жерде отырып тоқымамен айналысып, қалаға келген туристердің ерекше қызығушылығын тудырған. Жанат ханымнан осынау ерекше дүниені қайдан және қалай үйренгені жайлы тәптіштеп сұраған едік.
«Менде туғаннан жамбас ұршығы жетілмей, екі аяғыма бірдей эндопротез қойылған, екінші топ мүгедегі болып саналамын. 1991-96 жылдары Алматы қаласы Ақсай балалар ауруханасында алты жыл емделдім. Сол қиын жылдары жаныма серік болатын, уақыт өткізіп, қиналғанымды басатын бір іспен айналысуым керек болды. Өзім кішкентайымнан тігін тігуге құмар болатынмын. Үйдегі ескірген киімдерді қырқып, атамнан калған қол машинамен матаның қиындыларынан құрақ құрағанды жақсы көретін едім.
Ауруханада жатқан ұзақ жылдары Галина Александровна деген тәрбиеші апай бірде маған жіп пен тоқыма сымын әкеліп берді. «Көңілің қалаған іспен айналыс, осыны үйреніп көрші» деді. Содан тоқымашылыққа деген қызығушылығым артып, бүгінде өмірімнің ажырамас бөлігіне, сырлас досыма айналды десем болады. Негізі қолөнер кәсібі маған атамнан да берілген деп ойлаймын, атам темір ұстасы, өз заманында қорықтық жасайтын кісі болған екен. Маған ол кісіден тігін машинасы мұра болып қалды, алғаш сол машинамен үйреніп бастаған едім, әлі күнге дейін атамның көзі ретінде сақтаулы. Осылайша бала кезімнен үйренген ісім кәсібімнің дамуына себепші болды.
Осы орайда қуана айтарым, республикамыздағы эконономикалық өсімде кәсіпкер әйелдердің үлесінің жыл санап артып келе жатқаны. Еліміздің әр түкіпірнде іскер әйелдердің кеңестері, түрлі қауымдастықтары, кәсіпкер әйелдер одағы, Қазақстан кәсіпкер әйелдерін қолдау қоры, «Көшбасшы әйелдер қоры» сынды тек әйелдерден тұратын қауымдастықтар көп және олар ел дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатыр. Әсіресе бизнес саласында әйелдердің үлесі жоғарылап келе жатқаны қуантады».
Тоқымаға бар ынта-ықыласымен кіріскен шеберді 2015 ж. Қолөнер мектебінің жанындағы Қолөнер шеберханасына шақырады. Жанат сол жерде шәкірттерге шеберлік сыныптарын өткізіп, тоқыма өнеріне баулиды. 2019 жылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына барып «Бизнес бастау» бағдарламасын оқып, қайтарымсыз 505 мың теңге көлемінде грант иегері атанып, тігін машинасын алады. Жеке кәсіпкерлікпен айналыса бастаған он саусағынан бал тамған шебер сұранысқа сай дүниелер жасауда көп ізденеді. Көрмелер мен байқаулардан барынша қалмай, өзін жетілдіре түседі. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан қолөнершілерінің «Гобелен тоқу технологиясы», «Киіз өнімдерінен жаңа үлгідегі бұйымдар жасау технологиясы» секілді семинар-тренингтерге, Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесінің атынан «Түркістан облысындағы әйел және бизнес» форумына қатысып, мол тәжірибе жинақтайды. Шебердің айтуынша, мұндай байқаулар өнер иесін шабыттандырып, соны туындылар жасауға септігін тигізеді. Айта кетерлігі, Жанаттың қолөнер туындыларының көбісі тұрмыс қолданысына қажетті дүниелер топтамасынан тұрады. Ал сәнді кеудешелер, қол сөмкелері тіптен көздің жауын алады. Олар халық сұранысына ие.
«Мен ұлттық үлгідегі күнделікті киім-кешектерді, қыз жасауына қажетті заттарды тігіп, бас киім, тақия, жайнамаз, аяқ киім, пано, гобелен, киіз өнімдерінен түрлі бұйымдар тоқимын. 2022 ж. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Үздік тауар» байқауына қатысып «Үздік шебер» номинациясын иелендім. Ал 2023 ж. «Бір ауыл. Бір өнім» байқау көрмесіне қатысып, өз өнімдерімнің жоғарыдан көрінуіне мүмкіндік алдым. Қолөнердің ерекшелігі сен өз-өзіңе киім тігіп аласың, ол ешкімде жоқ, тек өзіңде ғана болатын бір дана киім, әрі жылы, әрі қалағаныңдай киім», — дейді Жанат өз ісіне аса қызығушылығын білдіріп.
Жанат қазіргі таңда «Рамазан» атты жеке кәсібін ашып, өз дүкенінде қолөнер бұйымдарын дайындап, сатылымға шығарып отыр. Тіл-көзіміз тасқа, қуана айтатын дүниеміз, Жанат Рамазан атты сүйкімді балақайдың анасы. Басқа түскен дертті жеңуге күш-қайрат жинап, қырықтан асқан шағында тұрмысқа шығып, өмірге бала әкелген жанды батыр демей кім дейміз?! Осындай көзсіз ерлікке барған Жанаттың ендігі арманы қолөнер мектебін ашып, шәкірттер тәрбиелеп, жаны сүйіп айналысатын өнерін өзінен кейінгі сіңлілеріне үйрету.
«Қолөнер — киелі өнер. Ауырғанда жаныма демеу болған құдіретті өнер. Сабыр мен төзімділікке үйреткен, қиындыққа шыңдап, шыдамдылық сыйлаған ғажап кәсіп. Барлық қыз-келіншектеріміз ата-бабаларымыздан қалған осынау маңызды кәсіпті ұмытпай үйренсе екен деймін. Бүгінде қолөнеріміздің жаңғырып, әлемдік деңгейге сапасы көтеріліп жатқаны көңіліме қуаныш сыйлайды. Әрине қолөнермен айналысу үшін адамның бойында әуелі қызығушылық болуы керек. Бұл іспен үнемі айналысып отырған жөн. Алдағы уақытта үлкен мектеп ашып, көптеген шебер шәкірттерді еңбекке баулып, тәрбиелесем деп армандаймын. Және оған барлық жағдай жасалған. Бүгінде Түркістан облысы халық саны жағынан еліміздегі көшбасшы өңір. Тиісінше көп балалы аналар саны жағынан да ел бойынша алдыңғы орында. Өңірдегі аналар тек отбасы ошақ қасынан табылмай, қоғамның барлық саласында табысты еңбек етіп келе жатқанын көріп отырмыз. Әсіресе, кәсіпкерлік, бизнес саласындағы әйелдердің үлесі жыл санап артуда. Өңірімізде іскер әйелдер қауымдастығы белсенді жұмыс атқаруда. Осындай мүмкіндіктерді пайдаланып әйелдердің белсенді өмір салтын жүргізгені жастарға өнеге болар еді.
Сондай-ақ әр ата-ана баласына үлгі болғаны жөн. Арқамнан балам мақтан тұтатындай мұра қалдырсам деп ойлаймын».
Иә, Жанат Пазылбековамен танысып, жасаған еңбектерін көргеннен кейін өмірге деген көзқарасымның өзгергенін байқадым. Денсаулығына кінәрат артпай, дертіне демеу болған кәсіпшілігінің арқасында ерлігі мен еңбегін паш еткен нәзік жанды Жанаттың жанында «қазір жұмыс жоқ, күнкөріс қиын» деп ауыз ашудың өзі ұят екені анық.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – әйелдерге ұдайы қолдау көрсету, олардың дамуына жан-жақты жағдай жасау. 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының мәні ерекше. Бұл маңызды құжат осы бағыттағы жұмысымызға айрықша серпін беріп отыр. Еліміздегі әйелдер қауымы мемлекеттік қолдау шараларын мейлінше ширақ пайдалануда. Бүгінгі таңда жеке кәсібін дөңгелетіп, табысқа жеткен аруларымыз аз емес. Шағын және орта бизнесті меңгерген қыз-келіншектер де көп. ..ХХІ ғасырда әйел, бір жағынан, сұлулық пен ізгіліктің бейнесі болса, екінші жағынан, тұтас еліміздің дамуына ұйытқы болып отыр» деп атап өткеніндей, еліміздегі әйелдер қауымы мемлекеттік қолдау шараларын белсенді пайдалануда. Бүгінгі таңда жеке кәсібін дөңгелетіп, табысқа жеткен аруларымыз аз емес. Шағын және орта бизнесті меңгерген қыз-келіншектер де көпқaзaқ өнерін қайта жандандыруда ұрпаққа өнеге ретінде қалдыруда.